Бүгінде әлемде 20 мыңнан астам индустриялық аймақ бар. Азия елдерінде индустриялық аймақтар көбінесе елдің жедел экономикалық дамуына негіз қаласа, Еуропада индустрияның құрылымдық қайта құруларының құралы ретінде әрекет етеді. 2006 жылы қазақстандық кластерлік бастаманы іске асыру шеңберінде Астана қаласында алғаш рет «Құрылыс материалдары» және Қарағанды облысында «Металлургия-Металл өңдеу» индустриялық аймақтары құрылды. Содан бері Қазақстанда 111 жоба аясында 22 индустриялық аймақ құрылып, жұмыс істеуде.
Еліміздегі индустриялық аймағы көп өңірдің бірі – Түркістан облысы. Бүгінгі таңда облыста 9 индустриялық аймақ бар. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында.Өңірдегі аудан, қалаларды қосқанда жалпы аумағы 445 гектарды құрайды. Одан бөлек 310 гектарға жуық жер резервте тұр. Облыс бойынша индустриалды аймақтарда әр түрлі өндіріс салалары бар. Олар: Тамақ өнеркәсібі, жеңіл жиһаз жасау өндірісі, құрылыс материалдары өндірісі, электр жабдықтары және бөлшектері өнеркәсібі және тағы басқа. Бұл аталған өндіріс орындарының барлығы бүгінде, өз жұмыстарын жолға қойған кәсіпорындар. Индустриалды аймаққа тартылған және енді тартылатын инвестициялар көлемі қомақты. Себебі, кез-келген инвестор салқынды саясат ұстанып отырған, инвестициялық тұрақты жеңілдіктері бар, қалыпты дамушы елдерге қаржы құюға мүдделі. Мәселен, индустриалды аймаққа келген инвесторға немесе кәсіпкерге жер тегін беріледі. Бизнесін ілгерілетуге және қаржыландыру жұмыстарын басқарушы компания бірлесіп атқарады. Сонымен қатар қоймалар, терминалдар, офистерді жалға береді.
Облыстағы индустриалды аймақтардың саны 10-ға жетуі мүмкін. Шаһар орталығына жақын орналасқан Сауран ауданында алдағы күндері индустриалды аймақ ашылмақ. Әрине бұл әзірге ұсыныс қана. Мұндай ұсынысты аудан басшылары айтқан болатын. Бұл ұсынысты «Turkistan» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясының» Бас директоры Қанат Ұзақбайұлы да құптап отыр. Жергілікті билік өкілдері ауданнан жалпы аумағы 30 гектар жерді индустриалды аймаққа бөлуге дайын. Онда жергілікті кәсіпорындарды тиімді ұсыныспен көбейтуді көздеп отыр.
Жаңа индустриалды аймаққа логистика, орналасу жері, инфрақұрылым, қолжетімді тариф ұсыну — кәсіпорындарды тартуда маңызды екені түсінікті. Сонымен қатар, онда жету жолы, басымдық берілетін салаларды тарту жағдайы да қаралатын болады. Мұнда жалпы қайта өңдеу, жиһаз, былғарыдан заттар жасау, тамақ өнеркәсібі, қолөнер заттары, ауыл шаруашылығы, көкөніс сақтау секілді өнеркәсіп салаларына басымдық берілмек.
Жалпы, сыры терең Сауран – өз заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһар. 2021 жылы наурызда Мемлекет басшысының жарлығымен Сауран ауданы құрылып, тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырып, қайтадан Түркістанмен қатар дами бастады. Бұл — ауданның, облыстың туризм саласы үшін аса маңызды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр.
Айта кетейік, индустриялық аймақ — бұл толық дайындалған, нақты жазылған заңды құқықтары, қажетті инфрақұрылымы мен коммуникациялары бар жер учаскелері. Олардың артықшылығы - ұсынылған алаңдарда кез-келген өндірісті орналастыруға болады: фармацевтикалық кәсіпорындардан бастап автомобиль зауыттарына дейін, ал инвестор ешқандай жасырын немесе қосымша шығындарды көтермейді.
Индустриялық аймақты құру мақсаты: жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету және машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары мен конструкцияларын, ауыл шаруашылығы жабдықтарын өндіру сияқты өнеркәсіптің басым салаларын дамыту.
Инженерлік инфрақұрылымға электр, газ, сумен жабдықтау, су бұру, телефон байланысы, интернет кіреді.
Индустриялық аймақ аумағында резиденттерге қолайлы жағдай жасау үшін әкімшілік орталық жұмыс істейді, оған кеңсе бөлігі, конференц-зал, қонақ үй нөмірлері, сондай-ақ асхана кешені кіреді.