Кез келген елдің ішкі нарығы сыртқа тәуелді болмаған кезде барып, оның дамуы мен экономикалық тұрақтылығы көтеріле бастайды. Дамыған елдердегі ішкі өндіріс, шағын және орта бизнес үлесі 80 пайыздан асып кетеді. Осы себептен де, Қазақстан шағын және орта кәсіпкерлікті дамтытатын, қолдайтын түрлі мемлекеттік бағдарламалар ұсынып, жаппай ел ішінде бизнесті дамытуды қолға алып отыр.
Ел экономикасы сыртқа тәуелді болмауы үшін, дамуы үшін шағын және орта бизнес үлесі 50 пайыздан асуы керек. Бізде әзірге бұл көрсеткіш төмен. Дегенмен, өсім жоқ деуге тағы да болмайды. Елімізде шағын бизнесті жасап отырған жастардың саны басым. Негізінен аяқ киім, зергерлік, қолөнер мен ауыл-шаруашылық өндірістерін дамытып отыр. Соңғы жылдары елімізде жиһаз өндірісін қолға алған кәсіпкерлердің қатары артып келеді.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімі өңірлік «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, аудандағы 12 ауылдық округте тұрғындарымен кездесіп, оларға «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы – 2025» және шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелендіру бағдарламалары бойынша ақпараттар беріп, түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізуде. Ауданда кәсіпкерлерге арнайы бағыт-бағдар беріп отыратын «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы ашылған. Бүгінгі таңда бұл орталықта кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеуге дейін кеңестер беріп, олардың ұсынған жобаларын сүйемелдеуқызметтері атқарылуда.
Бұл орталықтың қызметіне сүйеніп, несие алып, жұмысын жолға қойған кәсіпкерлер бүгінгі таңда республика және облыс деңгейіндегі іс-шараларға қатысып, өздерінің өнімдерін насихаттауда. Мәселен, өткен жылы Алматы қаласында өткен «Атакент» көрме орталығына ауданнан жиһаз өндірісімен айналысатын «SEM BRAND» жеке кәсіпкерлігі мен «DIVALUX»жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қатысып, ресейлік жиһаз жасаушылармен пікір алмасып қайтқан болатын. Ал Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен облыс орталығында орналасқан «Керуен сарай» туристік кешенінде Қазақстанның үздік тауары өңірлік көрме-байқауына ауданнан «Хабибулла-Ата», «SEM BRAND» жеке кәсіпкерліктері мен «DIVALUX»жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қатысып, өз өнімдерін ұсынып еді. Сол жиында ауданның екі бірдей жиһаз өнеркәсібі үлкен нәтижеге қол жеткізіп, үздіктердің қатарынан көрінді. Атап айтсақ, «SEM BRAND» жеке кәсіпкерлігі «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша, ал «Хабибулла-Ата» жеке кәсіпкерлігі «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Осылайша аудан орталығында ашылып, жұмысын жаңа бастаған «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы өз нәтижесін беруде.
Иассы ауылдық округінде орналасқан «Sem Brand» жиһаз цехының аумағы 3000 шаршы метрді құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 80 мың орындық, 15 мың үстел шығаруға қауқарлы. «Біз шетелдегі көрмелерге жиі барамыз. Мамандарымызды тәжірибе алмасуға шетелдегі түрлі ірі кәсіпорындарға жібереміз. Жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Мамандарымыздың шеберлігі өнімдеріміздің сапалы болуы үшін өте маңызды. Қазіргі таңда өнімдерді еліміздің көптеген қалаларымен қоса Қырғызстанға да экспортқа шығарып жатырмыз»,- дейді цех директоры Бабыр Шереханұлы. Атап өтсек, «Sem Brand» жиһаз цехы – Түркия, Қытай және Ресей елдерімен бірлесіп жұмыс істеуде. Шетелдік соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған өндіріс орнында болашақта 300-ден астам адам жұмыспен қамтылады.
Елімізде шағын бизнесті дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Себебі, қазақ халқы қолөнерге және шаруашылық өндірісін дамытуға бейімі бар. Шағын кәсіпті айналдыру арқылы әрбір отбасы өзін ғана асырап қоймайды, ол үлкейіп қасындағы адамдарды жұмысқа ала бастайды. Бір сөзбен айтқан кезде, өзінің де отбасын асырап қоймай, өзгелерге де жұмыс тауып бере алады. Жұмыспен қамту жағын шешуге септігін тигізеді.
Аудан орталығы Шорнақ елді мекенінде орын тепкен «Хабибулла-Ата» кәсіпорнында бүгінде 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымында 100-жуық адамды қамтуға мүмкіндігі бар. Басты айтар кетер жәйт, аталмыш кәсіпорын 2021 жылы Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығында үздік деп танылды. Байқау жыл сайын «өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар, халыққа арналған үздік тауарлар, үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша өтеді. Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталады. Аталмыш кәсіпорынның жиһаз өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп, сұранысқа ие екенін айтуымыз қажет. Жаңадан құрылған Сауран ауданының дамуына сүбелі үлес қосып отырған жеке кәсіпкер Икбол Хабибуллаұлының ел игілігі жолындағы еңбегі жана берсін демекпіз.