Әлеуеті зор Сауран

image.png

Ежелгі Жібек жолының бойында жатқан Сауран ауданы өңіріміздегі ең жас аудан болғанымен талай тарихи оқиғаларға куә болған, даму мен жаңғырудың жолынан өткен, тарихи мұраға бай өлке. Бүгінде ауданның екінші тынысы ашылып, қайта даму үстінде.

Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы оңалту орталығында болды. Өңір басшысы ауданның қарияларымен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдады. Сондай- ақ, орталықта арнайы көмек алып жатқан балалармен кездесті. Ақсақалдар ауданды көркейтудегі жұмыстарға тоқталып, бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізді. Әкімнің әлеуметтік нысандарды көбейтуге басымдық беріп жатқанына алғыс білдірді. 

«Әлеуметтік қызметтер көрсету» орталығындағы «Тең қоғам» бөлімшесі мүгедектігі бар азаматтарға және ерекше күтімді қажет ететін балаларға әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне бағытталған кешенді қызмет көрсетеді. 

120 балаға қызмет көрсете алатын мекеме бірінші жарты жылдықта 65 балаға 7 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетті. Сауран ауданы бойынша 3314 мүмкіндігі шектеулі азаматтар есепте тұрады, оның 129-ы ерекше күтімді қажет ететін балалар. Мамандардың айтуынша, орталықтың әлеуметтік қызмет алушылары мен ерекше күтімді қажет ететін балалардың жағдайы  жақсарған. 

Облыс әкімі Сауран ауданына жұмыс сапарында жергілікті жиһаз фабрикаларының жұмысымен танысты. «Sem_Brand» жиһаз фабрикасында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Мұнда жиһаздың кез-келген түрі жасалынады. Әсіресе, кеңсеге арналған үстелдер мен орындықтарға сұраныс жоғары. Фабриканың бір ерекшелігі – темір мен ағаштан бөлек каркастан да жиһаздар жасайды. Өндірісті кеңейтуді көздеген кәсіпорын басшылығы бүгінде мемлекеттен жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерін қарастыруда. 

Мәселен, «Хабибулла ата» жиһаз фабрикасы 2007 жылы іске қосылған. Онда 150 адамға дейін жұмыс істейді. Фабрикада заманауи үлгідегі корпустық жиһаздар жасалынады.

Бұдан кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қала тұрғындарымен есепті кездесулері Сауран ауданында жалғасты. Ашық форматта өткен шара барысында өңір басшысы халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардың негізгі бағыттарын түсіндірді. Облыс әкімі тұрғындарға жүргізілген жұмыстардың қорытындылары мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы және өңірдің даму көрсеткіштерін баяндады. Аудан, қалаларды аралау кезінде көтерілген проблемалардың шешілуі бойынша есеп берді. Өңір басшысы атап өткендей, жергілікті биліктің басты міндеті – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту.

– Сауранда жаңа кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын табады. Бүгінгі есепті кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесе саралап, жоспарларды талқылаймыз. Алдыңғы есепті кездесуде бірқатар проблемалар көтерілген болатын. Олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынған. Атап айтқанда, ауданда абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу үшін 4 дана арнайы техника сатып алуға қаражат бөлінді. Жаңа Иқан ауылдық округі, Ойық елді мекенінің тұрғындары үшін осы уақытқа дейін ауыз су мәселесі өзекті болып келген. Аталған мәселені шешу үшін 243 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталып, нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 43 тұрғын үй таза ауыз сумен қамтылады. Сонымен қатар, Аша елді мекенінде тұрғындар саны көбейіп, 300 оқушыға арналған мектепте 812 оқушы білім алуда. Тұрғындардың сұранысы бойынша 600 орынды мектеп құрылысын жоспарлап, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына енгіздік. Келер жылы пайдалануға береміз, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Кездесуде саурандықтар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын тікелей облыс әкімінің өзіне қойды. Халықтың басым бөлігі ауыз су, инфрақұрылымды жаңарту мәселелерін көтерді. Дархан Амангелдіұлы әр сұрақты мұқият тыңдап, толық жауап берді. Тұрғындарды белсенді болуға шақырып, өзекті мәселелерге халықтың араласуы өте маңызды екенін атап өтті.

– Ауылдағы өзекті мәселелерді сіздерден артық ешкім білмейді. Сондықтан белсенді болуға, түйткілді мәселелерді дер кезінде жеткізуге шақырамын. Кейбір мәселелерге халықтың араласуы өте маңызды. Біз өз тарапымыздан оларды шешудің заңды тетіктерін қарастырамыз. Ауылды дамыту, көркейту, жұмыс орындарын ашу – әр әкімнің басты міндеті. Өздеріңізге белгілі, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруалар егін, мал, құс, балық шаруашылықтары бойынша 6 бағытта несие алып жатыр. Сондай-ақ, кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға да мүмкіндіктері бар. Сауран ауданында бағдарлама Қарашық, Ораңғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінде 74 жоба қабылданып, 73 млн. теңгеге 14 жоба қаржыландырылды, 11 жоба кепілдік шартын тіркеу сатысында тұр. Ауданда 7 кооператив құрылды. Биыл 11 млрд. 332 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарлап отырмыз. Жарты жылдың қорытындысы бойынша 3 млрд. 948 млн. теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 6 есе артқан. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 млрд. 460 млн. теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, балық шаруашылығын дамыту, балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойма салынады. Мақта майын өндіру цехын ашу жоспарланған. Мал азығын дайындайтын цех салынып, жаңбырлатып суару тәсілі арқылы жоңышқа өсіріледі. Жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылады, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі атап өткендей, Сауран ауданының даму әлеуеті зор. Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Халықтың 88,9%-ы таза су пайдаланады. Биыл Аша елді мекенінде ауыз су жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, 522 үй таза ауыз су жүйесіне қосылды. Тағы бірнеше елді мекенде ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Су жүйесімен қамтуға құрылыс жұмыстарын жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз деп танылған 3 елді мекенге кешенді блок модуль орнату жоспарланған. Жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары 8 елді мекенде жүргізіледі.

Бүгінде ауданда 150 орынды мектеп құрылысы қолға алынған. 1 100 орынға арналған мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 5 мектеп, бірнеше балабақша салынбақ. Жеке инвестор есебінен күніне 500 пациент қабылдайтын жаңа емхана ашылды. Шорнақ елді мекенінен тәулігіне 500 адам қабылдайтын емхана ғимаратының құрылысына 9 гектар жер бөлініп, құжаттары әзірленуде.

Сауран ауданы тарихи ескерткіштерге бай өлке, ауданда 54 тарихи-мәдени нысан бар. Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана кесенелеріне туристер қызығушылық танытып, көптеп келеді. Аудан аумағындағы тарихи-мәдени нысандарды 100 мыңдай турист тамашалаған. Туристік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары өз жалғасын табуда.

Ауданда Ескі Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата тарихи-мәдени туристік нысандары орналасқан. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында, Ескі Сауран қалашығының аумағынан 320 млн. теңгеге «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Онда қонақүй, тамақтану орындары, көрме орталығы болады. Жүсіп ата кесенесінен «Сапар орталығы» мен музей пайдалануға берілді. Биыл 5 жаңа жоба жүзеге асырылады. 100-ге жуық жұмыс орны ашылып, 90 мыңнан астам турист келеді деп жоспарлануда.

Екі сағаттық ашық диалог арқылы өңір әкімі Сауран ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесудің тікелей эфирі Facebook әлеуметтік желісінде өтті, онда желі пайдаланушылары өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Айта кетсек, Түркістан облысы әкімінің екінші жартыжылдыққа белгіленген халықпен кездесуі кестеге сәйкес басталды. Осы уақытқа дейін Дархан Сатыбалды Түркістан, Кентау қалалары мен Мақтаарал, Жетісай аудандарының тұрғындарымен кездесті. Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер