Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасының негізгі һәм жетекші саласы. Бұлай дейтін өз жайы бар. Әлемдік геосаяси жағдай азықтық өнімдердің кәдімгідей тапшылығын сездіруде. Әсіресе Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс тек сол маңайдағы елдердің ғана емес, күллі Азия мен Еуропаның азықтық қалтасын әжептәуір қағып тұр. Демек, экономика үшін де, халықтың әлеуметтік ахуалын да қалыптастырар жаңа технология, машина құрастыру, пайдалы қазбаларды өндіру емес, ауыл шаруашылығы екені даусыз. Қазіргі таңда Қазақстан ауыл шаруашылығын барынша әртараптандыруға қадам жасап, жаңашыл реформаларды, заманауи технологияларды қолға алуда.
Негізгі жұрты ауылшаруашылығымен айналысатын Түркістан облысы Сауран ауданында бұл сала айтарлықтай дамып келеді. Түркістан қаласынан 20 шақырым жердегі Шорнақ ауылы 2021 жылдың наурыз айында жаңадан құрылған Сауран ауданының орталығына айналған болатын. Бұл мәртебе ауыл халқын бір серпілтіп, экономикасының алға жылжуына септігін тигізді.
Шорнақ ауылдық округінің жалпы ауыл шаруашылық жері – 51770 гектар алқапты құрайды. Оның суармалысы – 4608, жайылымы – 24120гектар. Округте 101 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның 7-і ірі агроқұрылымдар болса, 3-еуі жауапкерлігі шектеулі серіктестіктер.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында өндіріске енгізілген жоба көп, соның бірі жылына бір алқаптан 2-3 рет өнім алу жобасы. Бұл жоба іске асыруға 25 шаруа қожалығы бел шеше кіріскен. Бұдан бөлек, 26 ауыл тұрғыны үй іргесіндегі жер телімінде жылыжай салып, қияр, қызанақ, қырыққабат өсіріп, жылына екі, үш қайтара өнім алуда.
Бүгінде округтегі жылыжай көлемі 0,85 гектар алқапқа ұлғайып, онда шалқан, қияр, қызанақ өсірілуде. Ауыл шаруашылығы техникалары 7 бірлікке жаңарған.
Үкімет «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы» аясында қолдау шараларын жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасы әзірленген болатын. Бұл құжатқа сәйкес, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін беру үшін қажетті институционалдық жағдайлар мен алғышарттар қабылданатын болады. Тұжырымдаманы іске асыру 2030 жылға қарай осы салада жұмыс істейтіндердің санын 5 миллион адамға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі ШОБ үлесін 40 пайызға, жалпы ішкі өнімдегі орташа компаниялардың үлесін 20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Азаматтарға кәсіпкерлік қабілеттерін іске асыруға тиісті жағдай жасап, ашық әрі адал бизнес жүргізгенде ғана аталған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болмақ.
Осы ретте Шорнақ ауылдық округінде кәсіпкерлік сала да даму жолында. Соңғы уақытта кенттегі кәсіпкерлер қызмет көрсету сапасын көтере түсуде. Қазіргі таңда Шорнақ, Аша, Қосмезгіл, 32 разъезд елді мекендерінде орналасқан заңды 83 жеке кәcіпкер бар. Оның 52-і сауда нүктелері. Шорнақ ауылдық округі бойынша жалпы құны 280миллион тенгені құрайтын 4 инвестициялық жоба тартылып, жеке кәсіпкерлер қаражатына іске асырылуда. Жеке кәсіпкерлер балабақша, сауда орталығы, қонақ үй мен дәріхана салуда.
Мемлекет басшысының қолдауымен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа бастамашылықтарды қолдауға арналған мемлекеттік грантты 8 азамат жеңіп алды. Аталған азаматтар 583400 теңге көлемінде мемлекеттік грант қаржысын алып, кәсіптерін бастап кетті. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялардың нақты көлемінің индексі 20 миллион болса, «Сунақ ата» жеке кәсіпкерлігінің егесі Сирожиддин Шонабаев 30 миллион теңгеге тамақтану орыны, наубайхана құжаттарын жасауда.
Айта кетейік, Сауран ауданында өткен жылдың қорытындысымен өткізілген тауар көлемі 1 миллиард 179,7 миллион теңгені құрады, өсім 101,2 пайыз. Тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 313 бірлік, белсенді субъектілерінің саны 5 258 бірлік немесе 99,0 пайыз.
Бүгінгі таңға жалпы ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің саны 6 062-ге жетті. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандар саны 6 010 немесе 99,1 пайызы.