Сауран ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ербол Жанғазиев, аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев Бабайқорған ауылдық округі тұрғындарымен арнайы кездесіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады.
Кездесуді ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров ашып, Бабайқорған ауылдық округі бойынша бүгінгі таңға атқарылған және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
Аталған ауылдық округте өткен кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан көптеген мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, ауылда жайылымдық жерлердің жоқтығын, ауылда көкпар шабатын жердің жұртқа өтіп кеткенін, соны қайтарып беруін, Бабайқорған мен Серт жалпы орта мектептерінің атауын өзіне қалдыру керектігін, ағын су мәселесі бойынша тас арық салу, Бабайқорған ауылдық округі бойынша жер конкурсының өтпеуін алға тартты.
Сонымен қатар, Абай елді мекені бойынша Абай мен Бабайқорғанның арасында күре жолдың нашарлығын айтып, жол салуын, Абай елді мекеніне мектеп, көпір салу, су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғын үйлерге берілетін өтемақының әлі күнге дейін ала алмауын, Бабайқорған жалпы орта мектебінде оқушылар санының артуынан жаңа мектеп салу қажеттігін жеткізді.
Бұдан бөлек, «Cara abto» ЖШС директоры Дәулет мырза сөз алып, қазіргі таңда Бабайқорған ауылдық округі бойынша Абай, Бабайқорған елді мекендеріне қоғамдық көліктердің қатынап жатқанын айтып, тұрғындардың ұсыныс пікірлерін тыңдап, автобустың жүру бағыттары жөнінде кеңінен айтып өтті.
Аталған ауылдық округтегі кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер бақылауға алынып, қажеттігіне қарай мерзімдері көрсетіліп, шешу жолдары қарастырылды. Сауран ауданы әкімінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалары бойынша көтерілген өзекті мәселелер төңірегінде тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Сонымен қатар, кездесуде Бабайқорған ауылдық округі бойынша депутат, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаевта өзі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап өтті. Жиын соңында ауыл қариясы ақ батасын беріп, көтерілген мәселелердің оңды шешімін табуда аудан басшыларының жұмыстарына сәттілік тілесті.