Ауыл шаруашылығы еліміз үшін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі. Сондықтан Мемлекет басшысы осы бағытқа үнемі баса мән береді. Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы саладағы еңбек өнімділігін арттыру.
Еліміздің оңтүстігінде орын тепкен Түркістан облысы ауылшаруашылығына қолайлы аймақ. Климаты жылы өңірде өспейтін жеміс, шықпайтын көкөніс жоқ. Жергілікті диқандар республиканың түкпір-түкпірін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған жайы бар. Аймақта ата кәсіп мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған шаруалар да жеткілікті. Облыстың ең жас ауданы Сауранның да шаруалары өнімді еңбек етіп келеді. Оған дәлел дәстүрлі жәрмеңкеде саурандық диқандардың мол өнімін арқалап баруы.
Биыл да қазан айының 7-8 күндері Алматы қаласында жыл сайынғы дәстүрге айналған Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде 400 тоннадан астам көкөніс, бақша, жеміс-жидек, ет, сүт, балық, құс өнімі және жергілікті қайта өңдеу өнімдері нарықтан 15-20 пайыз арзандатылған бағада ұсынылды.
Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, жәрмеңкеге Сауран ауданы 40 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімдерін апарған. Жәрмеңкеге келген халықтың қарасы көп. Бүгінге дейін шаруалар 20 тоннаға жуық өнімдерін сатқан.
Айта кетсек, бүгінгі күнге ауданда нақты 44 080 гектар жер игеріліп, өткен жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда 2057 гектарға артығымен орындалды. Ал ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 11 миллиард 332 миллион теңге тапсырма беріліп, 8 айдың қорытындысымен 3 миллиард 973 миллион теңгеге орындалды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артып отыр.
Аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 370496 гектарды құрайды. Оның ішінде суармалы 44000 гектар болса, көпжылдық екпелер – 10527 гектар, жайылымдық жер – 312712 гектар, шабындық – 3257 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің саны, яғни заңды тұлғалар – 67, іріленген шаруа қожалықтар – 246, жеке шаруа қожалықтар – 1506, олардың жалпы саны – 1819-ды құрап отыр. Аудан аумағында 9 су қоймасы орналасқан. Олар Ақтөбе, Сасық бұлақ, Шерт, Қошқорған, Қосқорған-Кеңсай-2, Майдантал, Ойық, Шылбыр, Қарашық кіші суқоймасы.
Аудан бойынша өткен жылы 41200 гектар егістік жер игерілген. Атап айтқанда күздік, жаздық бидай, арпа дақылдары – 3442 гектар, дәндік жүгері – 3281 гектар, майлы дақыл – 520 гектар, мақта – 12525 гектар, мал азықтық дақылдары – 13635 гектар, картоп, көкөніс дақылдары – 2593 гектар, бақша дақылдары – 5204 гектар. Мал азығы саналатын дақылдардың ішінде ескі жоңышқа 9460 гектарды құрайды. Қазіргі таңда, шаруалар бірінші орымды орып, мал азық қорларын жинауда. Сауран ауданы бойынша жалпы жер аумағы 32 гектар болатын 91 дана жылыжай бар. Одан 1 маусымның өзінде 4826 тонна өнім жинақталып, Сауран ауданы мен Түркістан қаласын қамтамасыз етіп отыр.
Аудан бойынша 20,3 гектар қияр дақылы егілсе, одан 1319,0 мың тонна өнім, 9,5 гектар қызанақ егілсе, 541,5 мың тонна өнім, 1,2 гектар қызанақ егілсе, 62,4 мың тонна өнім алынған, 1 гектар лимон жемісі де қазір жинап алынды. Шаруалар жылыжайдың 2-ші маусымдық өнімінен да жоғары табыс тапты.
Бұдан бөлек, Сауран ауданында 3 инвеститциялық жоба жүзеге асырылды. Шаға ауылдық округінен «ОРГАНИК АгроФуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы көлемі 50 гектар жерге жоба құны 184 миллион теңгеге 33 000 дана қызыл өрік көшеті егілген. Сонымен қатар, осы аталмыш ауылдық округте «Агро-Жетістік – 2020» ауыл шаруашылығы ндірістік кооперативі жалпы көлемі 190 гектар жерге жоба құны 400 миллион теңгеге 10 бірлік жаңбырлатып суару жүйесін орнатты.
Аудан бойынша мал басының саны биылғы төлді қосқанда мүйізді ірі қара – 102241, қой – 549892, ешкі – 44208, жылқы - 18 243, түйе – 3792, шошқа – 2386, құс - 149262 басқа жеткен. Ал, өндірілген өнімдерге тоқталсақ, жаз айларында ет - 4 133,9 тонна, сүт - 15 288,4 тонна, жұмырттқа – 2335 дананы құраған. Майдантал ауылдық округінің тұрғыны «ИС Жәңгір» ЖШС директоры Сағи Жәңгірұлы жаңа технологияны пайдалану арқылы ағын суды үнемдеу және өнім көлемін 2-3 есе ұлғайту мақсатында 23 бірлік жаңбырлатып суару жүйесін Қытай елінен 368,0 миллион теңгеге сатып алып, 15 бірлігін Майдантал ауылдық округіне қарасты ауыл шаруашылығы мақсатындағы 325 гектар суармалы жерге орнатқан. Соның арқасында 150 гектар жаздық бидай, бақша 25 гекатар, жаңышқа 100 гектар, сүрлемдік жүгері 50 гектар судан таршылық көрмеген. Түсім ойдағыдай алынған.