Кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы Түркістан ұғымымен біте қайнасып жатқан ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру расында да тарихи шешім болды. Құрылғанына екі жылдан асқан ауданда бүгінде қыз-қыз қайнаған тіршілік. Себебі ауданды дамытудың ауқымды жоспары бекітілген. Әсіресе өңірге инвестиция тарту, индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік секілді салаларға басымдық берілуде.
Сала басшыларының мәліметі бойынша Сауран ауданына биыл І-ші тоқсанда 6 миллиард 428,9 миллион теңге инвестиция тартылған. Осы жылы жалпы құны 13 млрд 129 миллион теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 329 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр.
Оның ішінде ірі инвестициялық жобалардың бірі Оранғай елдімекенінде «Балмұздақ» ЖШС. Кәсіпорын балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтайды. Инвестициялық құны 2 миллиард 562 миллион теңге, 100 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 36,8 миллион теңге салықтар түседі деп жоспарлануда. Жобаның қуаттылығы 150 тонна. Бүгінде қойманың құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталған. Аграрлы аудан саналатын Сауран ауданында шаруалардың өнімін сақтап, әрі қарай сату үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба жергілікті кәсіпкерлер үшін аса қажетті болмақ. Себебі өнімнің сапасы бәрінен де маңызды.
Еліміз 2030 жылға дейін интенсивті суару жүйесін қолданатын егістік аумағын 2,5 есе арттыруды көздеп отыр. Бұл шамамен 750 мың гектар жер. Соңғы жылдары Түркістан облысында да жаңбырлатып суару әдісі кеңінен қолданыла бастады. Ондағы мақсат – шаруаларға өңірдегі ағын су тапшылығын сездірмей, мол өнім алуына ықпал жасау. Бүгінде бұл әдіс 10 мың гектар аумаққа қолданылып келеді. Жаңа технологияны саурандық шаруалар да меңгеріп, өнім көлемін ұлғайтып отыр. Бұрын шаруалар көктемгі жаңбыр суынан кейін бір рет қана өнім алатын болса, қазіргі технология бойынша жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістерін қолдану арқылы бір жылда екі-үш рет өнім алуға қол жеткізіп отыр. Әсіресе, жаңбырлатып суару әдісінің арқасында бұрын игерілмей бос жатқан жерлер айналымға қосылуда.
Жақын күндері Шаға ауылдық округінен «Яссы Agro.kz» ЖШС-ның жаңбырлатып суару арқылы картоп, сәбіз өсіру жобасын жүзеге асыру қолға алынбақ. Бұл аудандағы ең ірі жобалардың бірі болмақ. Аумағы 800 гектар жерде жеміс-жидек сақтайтын қойма құрылысы, егістік жерге жоңышқа, картоп, сәбіз дақылдарын өсіру және жоңышқадан гранула жасайтын зауыт құрылысын салынады. Инвестициялық құны 578 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда 30 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша 3,7 миллион теңге салықтар түседі деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек ауданда екі жылдан астам уақыт «БНК Агро Kz» ЖШС жұмыс атқаруда. Инвесторлар құны 1 миллиард 648 миллион теңгеге жаңбырлатып суару әдісі арқылы әлеуметтік маңызы зор дақылдарды өсіру және оны сақтайтын қойма құрылысын салуды көздеуде. Ал, 600 гектар жер көлеміне «Түркістан Агро XXI» ЖШС жаңбырлатып суару әдісін ендіру жобасына 1 миллиард 200 миллион теңге инвестиция құюға әзір. Бұдан бөлек, серіктестік (МТФ) 6 миллиард теңгеге 5000 ірі қараға арналған сауын фермасын салуда. Кәсіпорынның директоры 4 баланың анасы Угилжан Васитова. «Агро Холдинг Сауран» ЖШС-нің жалпы инвестициялық жоба құны 165,5 миллион АҚШ долларын құрайтын, 1000 гектар жерге мал шаруашылығын дамыту мақсатында жоңышқаны қайта өңдеу және ет өндіру мен қайта өңдеу жобасы қарастырылуда.
Сондай-ақ алдағы күндері Жібек жолы ауылдық округінде «Тәуекел Агро» шаруа қожалығының – жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы қолға алынбақ.
Айта кетейік, жаңбырлатып суару тәсілінің шарулара үшін тиімділігі мол. Бұл жаңбырға «еліктеу» тәсілі. Жаңбыр, егер ол ақырын, бірақ үнемі жауып тұрса, өсімдіктердің тамырлары оны қатты жауғаннан гөрі жақсы сіңіруге мүмкіндік береді, өйткені топырақ оны ішке сүзуге жеткілікті уақыттан тұрады. Сондықтан, жаңбырлатып суару өсіп келе жатқан өсімдіктерді, мысалы, әктас топырақтарында немесе тығыздау үрдісі бар өсімдіктерді суару үшін өте ұсынылған әдіс болып табылады.
Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен етек жайған әрі қауіпсіз саналатын бұл әдіс техникалық қызмет көрсетуде де қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Оған энергия көзінен дизель генераторы қолданылады. Ең бастысы – экономикалық тиімді. Мамандар арықпен суарылған жерлерге қарағанда жаңбырлатып суару әдісін қолдану арқылы мол астық алуға болатынын айтады.
Былтырғы жылы Сауран ауданына ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 6 миллиард 300 миллион теңге тапсырма берілсе, жыл қорытындысымен 7 миллиард 141 миллион теңге инвестиция тартылып, жоспар 113,4 пайызға артығымен орындалған болатын. Ал, ағымдағы жылға 11 миллиард 332 миллион теңге тапсырма беріліп, 7 айдың қорытындысымен 3 миллиард 960 миллион теңгеге орындалған немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артып отыр.
Сондай-ақ ауданда бірыңғай индустрияландыру картасы және өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс орындарын іске қосу және сүйемелдеу бойынша қажетті шараларды қабылдануда. Соның бір дәлелі Өңдеу өнеркәсібінде 2023 жылға жүзеге асырылуы жоспарланған «Sauran Plast» ЖК, жоба құны 675 миллион теңгеге 15 жұмыс орнымен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуден полиэтилен пакет және құбыр өндірісі жобасына сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ағымдағы жылдың маусым айында І-ші кезеңі іске асырылды.
Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 901 жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 4 828-ге өсті. (2021ж-2073). Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайызға артып отыр.