Қарашық қалашығы туристерді тартатын нысан

image.png

Заманауи қарқынмен дамып жатқан Сауран ауданында соңғы жылдары индустриялық-инновациялық жобалар көптеп қолға алынуда. Аймаққа түрлі салада инвестицияның құйылуы да ауданның потенциалын көтеруде. Соның ішінде ауданда туризм саласы бойынша инновациялық жобалар әзірленіп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 

Жалпы туризм саласын экономиканың драйверіне айналдыру мәселесі бұрыннан да айтылып келеді. Облыс орталығы Түркістанға алыс һәм жақын шетелдерден   туристер ағылып келіп жатады. Көршілес елдерден де киелі қаланы көруге құмбылдардың қатары қалың. Киелі қаланың туристік маршруты Сауран ауданына да келіп тірелетіні анық. Себебі облыс орталығына жақын жатқан Сауранда да киелі, тарихи орындар көп. Сондықтан Сауран да туристерді қызықтырып отырған өлкелердің бірі.   

Бүгінде ауданда туризм саласын дамыту оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отыр.

Жалпы облыс аумағында 1770 ескерткіш есепке алынған. Облыс аумағында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің экспедициясы 3 археологиялық ескерткіш орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Атап айтқанда Сауран ауданынындағы Қарашық ІІ қалашығы, Келес ауданында орналасқан Мыңтөбе оба қорымдары мен Күлтөбе қалашығы ескерткіші және Созақ ауданы, Қызылкөл маңындағы оба қорымдары. Соның ішінде жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес «Қарашық өңіріндегі ескерткіштердің бүгіні мен болашағы» атты далалық семинар жұмыстары ұйымдастырылды. Шараға археолог мамандардан бөлек, Түркістан обылысы мәдениет және туризм басқармасының өкілдері, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Археология ғылыми зерттеу орталығының басшысы қатысты.

Семинар кезінде жоба жетекшісі, профессор Мадияр Елеуов аталған ортағасырлық Қарашық қаласының тарихи маңыздылығын, жүргізілген зерттеу нәтижелері және табылған көне жәдігерлерге тоқталып, жан-жақты түсіндірме берді. Қатысушыларға осы жылы жүргізілген алғашқы қазба жұмыстарының барысымен таныстырды.

– Қыркүйек айының 1-нен бастап, күні бүгінге дейін осы нысанда жалпы 3 қазба жұмысы жүргізілді. Қаланың орталық бөлігі, шахристан, рабадтан (қаланың шаруашылық аймағынан) тұратын цитателдегі қазба жұмыстарын белгілі археолог Дөкей Талеев басқарып, онда көлемі 20×20 метр, тереңдігі 1 метр етіп қазба салып, нәтижесінде бірнеше бөлмеден тұратын тұрғын үйдің  орнын анықтады. Тұрғын үй ішінен әртүрлі ыдыс сынығы мен үй жануарларының сүйегі кездесіп, бір ошақ ашылды. Шахристандағы 1 және 2 қазбаны өзім жүргіздім. Бірінші қазба Қарашық өзенінің жағасындағы тік жарқабақта жүргізіліп, ені шығыстан батысқа қарай 4 метр, ұзындығы 8 метр жерге салынды. Нәтижесінде пахсадан, кейбір қабырғалары тастан қаланған тұрғын жайдың орны ашылып, одан әртүрлі ыдыс сынықтары мен үй жануарларының сүйектері кездесті. Сонымен қатар осы қазбаның жарқабаққа жақын жиегіндегі топырақты құлатып, тіктеп археологиялық әдіснамаға сай кесік қазба салынып, Шахристандағы қамал орны анықталды. Осы бірінші қазбаның оңтүстік жағынан жанамалап, екінші қазба жұмыстары жүргізілді. 1 тандыр және ашық ошақтың орны анықталды., – деді профессор.

Экспедиция жұмыстарына Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Археология ғылыми зерттеу институтының және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері де қатысты.

– Қазіргі таңда «Қарашық өңірінің ежелгі және ортағасырлық қалалары» тақырыбымен ғылыми жоба бойынша ортағасырлық Қарашық қалашығында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр Аталған ғылыми жобалар министрлік гранты бойынша жүріп жатыр. Әр жыл сайын 2 ай көлемінде жұмыстар жүреді. Еліміздің оңтүстік өңірінде әлі анықталмаған ескерткіш орындар өте көп. Оларды анықтау бойынша келесі жылы Бәйдібек, Сауран ауданының аумағында ескерткіштер санын нақтылау бойынша жоспарланған. Алдымен археолог мамандары тарапынан ғылыми-зерттеу жұмыстары жүреді, содан кейін тиісті аудан-қалалармен жұмыс істейміз, – деді Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық басшысы Жандос Құрбан.

Қарашық қаласы жазба деректерде алғаш рет М.Қашқарида кездеседі. Ол қала туралы былай деген: «Қарашық - Фараб қаласының атауы. Бұл оғыздар шаһарының атауы» . XIII ғасырдың ортасында бұл қаланы Кіші Армения патшасы Гетум атап ӛткен.Түркістан қаласы маңында «Қарашық» деп аталатын жер «Насаб - Намада» және «Шараф-нама-йи-шахиде» кездеседі. Төбенің аудан көлемі шамамен 800-1200 м2 және батыстан -шығысқа дейін ұзарып кеткен. Орташа биіктігі 15-20 м.

Қарашық қаласы ортағасырлық дамыған қалалардың бірі және басқа қалалардан келген тауарлар осы қалада жақсы өткенін білеміз. Жібек жолының бойындағы аты шыққан қалалардың бірі Испиджап қаласы сол қаладан бұл жол қазіргі қала Шымкентке келген,бұл қаладан ӛтіп Отырарға ұласқан.Отырар қаласынан кейін Қарашық «Төрткүл төбе» қаласына келген жол бар. Қарашық қаласынан кейін Қарнақ қаласына кеткен жол бар,тағы бір жол Сауран қаласына ӛткен жол бар. Қарашық қалашығы 3 жолды біріктіріп тұрғандықтан орталық сауда қаласы деп есептеуге әбден болады.

Қаратаудан бастау алатын Қарашық өзенінің атымен аталып, тарихта сақталған ежелгі қаланың ұлықталуы ел үшін ғана емес, ертеңгі ұрпақ үшін де маңыздылығы жоғары іс. Ел аузында аңызға айналған, қырық қақпалы Қарашық елді мекені сонау ғасырлар бойы Түрік, Түркеш Қанағаттары, Самани, Қарахан, Сәлжұқ, Харезмшах хандары мемлекеттерінің қарашығы болды десек, қателеспейміз. Тарихтың айтуынша, «Қырық қақпалы» дегені “Қырық бабалы Қарашық”, яғни қырық әулие, уағыз айтушы Қарашық деген мағынада айтылған екен. Сол деректердің арқасында, бұл дін өкілдерінің өмір сүрген жері екендігі белгілі болды.

Археологиялық зерттеулер Қарашықтың VI-XV ғасырларда дамыған қала болғандығын көрсетеді. Мұнда хан сарайы орналасқан. Тарихшылардың деректеріне сенсек, б.з.д VI – V ғасырлардан б.з. III ғасыр аралығында қазіргі Түркістан аумағы Қанғюй мемлекетінің Сусе облысының құрамында болған. Бұл туралы көне грек және қытай деректерінде кездеседі. VI-VII ғасырларда Қарашық Түркістан провинциясының бір бөлігі ретінде Түрік, Түркеш қағанаттарының құрамында болады. VIII ғасырда арабтардың келуімен жергілікті халық ислам дінін қабылдайды. Мәуреннахрда Әмір Темір мемлекеті құрылғаннан кейін Қарашық тарихына қатысты мағлұматтар Темір мемлекетінің саяси-әскери оқиғаларына қатысты жазба деректерде кездеседі.

XVI ғасырда Түркістан Бұхарадағы Шайбанилер мемлекетінің құрамына кірді. Сол ғасырдың соңынан XVII ғасырға дейін қала жонғар билігінде болады. XVIII ғасырдың ортасынан бастап қала Қазақ хандығының иелігіне өтеді. Бірақ, кейін 1785 жылы Бұхара әмірлігі оны қайта жаулап алады. Түркістан аймағының 1816 жылдан 1864 жылға дейін Қоқан хандығының қарамағында болғаны тарихтан белгілі. 1864 жылы Түркістан Ресей империясы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысының құрамына кіргізілді. Жалпы Қарашық қаласы маңызды керуен жолдарының қиылысында орналасқан өте ірі сауда-экономикалық орталық болған. 

Бұл елді мекеннің аты ХІІІ ғасыр ортасында армян патшасы Гетумның Бату мен Мөңке хандар ордасына барғаны туралы жазылған армян деректерінде кездесетінін Қарашық тұрғындары ғана емес, барша қазақстандықтар мақтан етеді. Қарашықтың қазақ тарихы ғана емес, күллі түркі әлемінің тарихында алар орны ерекше.

Оңтүстік өңірінде археологиялық зерттеулер жүргізіп ежелгі, ортағасырлық мекендер мен қалаларды есепке алып, оларда кешенді пәнаралық зерттеулер жүргізуді мақсат еткен жоба жұмыстары үш жылға жалғасады.

Айта кетейік, Сауран ауданының аумағында 54 тарихи-мәдени нысан бар (Мәдениет және туризм басқармасының теңгерімінде). Бұл нысандардың ішінде туристер қызығушылық танытып, көптеп келетіндері — Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана  кесенелері.

Сонымен қатар, ауданда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы теңгеріміндегі Ескі Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата тарихи-мәдени туристік нысандары орналасқан.

Тарихи нысандарға келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы  тарапынан Ескі Сауран қалашығының аумағынан жоба құны 320,0 миллион теңгені құрайтын «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде (қонақ үй, тамақтану орны, көрме орталығы, гид қызметі, автотұрақ).

Одан бөлек, Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан Жүсіп ата кесенесінен жоба құны 97,0 миллион теңгені құрайтын «Сапар орталығы» мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді (жоба жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жүргізілді).

Аудан аумағында орналасқан тарихи-мәдени нысандарға  былтырғы жылы 72 мың турист келген болса, 2ағымдағы  жылдың 7 айының қорытындысымен 36 мың турист табан тіреген.

Туризм саласында биыл 7 айдың қорытындысымен жалпы құны 802,8 миллион теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, 76 жаңа жұмыс орны ашылды («Ақжол» жол бойындағы қызмет көрсету орталығы 97,0 миллион теңге, Жүсіп ата кесенесі аумағындағы Сапар орталығы 97,0 миллион теңге, Үшқайық ауылдық округіндегі спорт кешені 151,0 миллион  теңге, Жүйнек ауылдық округінде  тамақтану орны 85,7 миллион теңге, Ескі Иқан ауылдық округінде тамақтану орны 173,0 миллион теңге, Жүйнек ауылдық округінде тамақтану орны 96,9 миллион теңге, Иассы ауылдық округінде «Ozen» демалыс аймағы 101,5 миллион теңге).

Сонымен қатар, жыл соңына дейін жоба құны 1 млрд. 974,0 миллион  теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Аталған жобалар іске қосылған жағдайда 60 жаңа жұмыс орны ашылады («Ныш-ер» қонақ үйі мен демалыс аймағы І кезеңі — 1,0 миллиард  теңге, «Sayazhai» ЖШС жол бойындағы қызмет көрсету орталығы – 424,0 миллион  теңге , «Хамдам» жол бойындағы қызмет көрсету орталығы – 400,0 миллион  теңге, «SAKETAU Resort» отбасылық демалыс орны — 150,0 миллион теңге).

Сонымен қатар, 2023 жылға туристер ағыны мен келушілер санын 80 мың адамға дейін арттыру жоспарланған.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер