Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба қойған жоқ. Ағаштың ауаны тазартқанымен қатар оны реттеп, шудың азаюына ерекше пайдасын тигізеді. Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұрған да ағаш екен. Ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырдың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын¬ реттейді, топырақтың құнарлығын сақтайды, дауылдың екпінін азайтады. Қысқасы, бесік, табыт, яғни адам өмірге келгеннен кеткенге дейін игілікке жарайды. Сондықтан, ағаш отырғызу ұрпаққа мұра қалдырғанмен пара-пар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын ел назарына ұсынғаны белгілі. Жолдау барысында Мемлекет басшысы еліміздегі экологиялық жағдайға баса назар аударған болатын.
Аталған жолдаудың 7-ші бөлімінде ел Президенті еліміз бойынша 2 млрд ағаш отырғызатыны туралы баяндаған. Нақтылайтын болсақ, алдымызда Жолдауға сәйкес 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызу міндеті тұр. Бұл дегеніміз 85 мың га қашықтықты құрайды.
Аталмыш жобаның орындалуына саурандықтар да өз үлестерін қосуда.
Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Болашаққа тал қалсын» атты эко акция ұйымдастырылды. Күн сайын көркейіп келе жатқан киелі Сауран ауданының ажары оның тазалығына байланысты. Ауданды таза, әдемі, жасыл желекке оранып тұруы, әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Ауданның шырайын келтіріп, көшелердің көркін реттеу мен тазалық жұмыстарын жүргізу аса маңызды.
Акцияда Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов сөз сөйлеп, барша саурандықтарды ауданның тазалығына жауапты екенін айта келіп, акцияда тал отырғызу шарасын жоғары деңгейде ұйымдастыруға шақырды.
Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр өз өміршеңдігін жойған емес. Жыл сайын жаңадан ағаш отырғызу жұмыстары күз мезгілінде басталып, қара күзге дейін жалғасады. Бүгінгі эко акцияға шыққан аудан әкімдігінің дербес бөлімдері, жастар мен мекеме қызметкерлері, ауыл округ әкімдігінің қызметкерлері тал отырғызу шарасына белсене қатысып, осы күні ауданымыз бір еңбек майданына айналғандай болды.
Ауданның осылай көрейіп жатқанын көріп ауыл тұрғындары ыстық ықыластарын білдіріп жатыр. Аудан әкімі бас болып, қаламыздың тазалығына мән беріп, оны халық болып жалғастырып жатқаны әрине сүйсінерлік жәйт. Әсіресе, ауданды, ауыл-аймақты көгалдандыруға көп көңіл бөліп, соған бар күшті салуымыз керек. Осы күні акция аясында 10 мың түп жеміс ағашы отырғызылып, оған 400-ден астам адам мен 2 техника жұмылдырылды. Аталған сенбілік акциясы алдағы апталарда өз жалғасын табатын болады.