Түркістаннан Сауранға шахмат керуені жолға шықты. Жобаға алғаш болып Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қолдау білдірді. Аудан басшысы шахматтан ашық біріншілік өткізуге ықпал жасады. Оранғай ауылдық округінде ұйымдастырылған шахмат керуенінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі мұндай шаралар алдағы уақытта да ұдайы ұйымдастырылып тұратындығын атап өтті.
Бұл бастаманының негізі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде шахматты дамыту тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан шахмат федерациясы «Шахмат керуенін» ұйымдастырған. Жобаны Түркістан қаласының шахмат жанашырлары тәуелсіз бастама ретінде қайта қолға алды.
“Апта сайын – бір ауыл!” тәуелсіз жобасы аясында шахмат керуенін халықаралық шахматшы Қуанышбек Джумадуллаев, ҚШФ Түркістан облысы бойынша филиалының атқарушы директоры Асхат Майкотов пен Түркістан қаласының шахмат нұсқаушысы Алима Пашанова ұйымдастырды.
“Шахмат - ақыл-ой спорты. Президет Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған еліміздегі шахмат қозғалысын дамыту саясатын қолдау мақсатында ауыл балалары мен азаматтарын зияткерлік ойынға тарту бағытында атқарып жатқан еңбектеріңізге шынайы алғысымды білдіремін” - аудан әкімі ұйымдастырушылар алқасына сый-құрметін көрсетті.
Шахмат ойыны жастар мен бірге ересектерді де ойнау логикасы мен зейінділікті дамытуға, әр алуан варианттарды жылдам әрі дәл есептей білуге, жеңіске жетуге деген ерік-жігерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Алдағы уақытта керуен Сауран ауданына қарасты 12 ауылды аралап, тегін мастер класс, жеке сеанстар өткізеді. Жас ерекшелігінде шек жоқ. Шахматқа қызығатын кез келген азамат қатыса алады. Онда шахматтың шығу тарихы, пайдасы туралы насихат жұмыстары, шахматтағы жетістіктерді ауыл жастарына көрсете отырып, зияткерлік салаға келуге жетелейді.