Осыдан екі жыл бұрын кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы Түркістан ұғымымен біте қайнасып жатқан Ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру елді қуантқан ерекше оқиға болған еді.
Бүгінде шекарасы бекітілген, ғимараттары жаңарып, жолдары жөнделіп, тұрғындары бизнеске бет бұрған аудан даму үстінде. Әлеуметтік-экономикалық жағынан да соңғы жылдары көрсеткіші қуантарлық. Ал осы жылдың үш тоқсанында ауданның жеткен жетістігі қандай? Мұны аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Жаңа Иқан ауылдық округін халықпен есепті кездесуінде баяндап берді. Аудан басшысының айтуынша ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,2 миллиард теңгені (2022 жылы 9 ай – 69,9 миллиард теңге) құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,9 пайызға артып отыр. Аудан экономикасына 22,4 миллиард теңге инвестиция бағытталып, өсім 168,6 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 66,2 миллиард теңгеге жетті, былтырғы жылдың тиісті сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,4 пайызды құрады.
Әкім баяндамасынан кейін тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Соның ең өзектісі көгілдір отын. Ауыл тұрғындары мердігер компанияның салғырттығынан көгілдір отынның рахатын көре алмай отыр. Әр үйге тартылған газ құбырларынан ахау кеткен. Ал тұрғындар мердігер құбырларды жөндеуге құлықсыз дейді. Құр уәде, тындырымды тірлігі жоқ мердігердің есепті кездесуде де мекеме өкілі мардымды жауап бере алмады. Аудан әкімі халықты сарсаңға салған мердігерді жауап мамандарға заң аясында шара көруді тапсырды.
Ауыл зейнеткерлері демалыс орындарына жолдама уақытында берілмейді дейді. Зейнеткерлер уәжіне жауап берген бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, сауықтыру үшін шипажайларға жолдама бөлу мәселесі кезең-кезеңімен, кезектілік тәртібімен толық қамтылатын болады. Сонымен қатар, халықаралық әуежай мен ауылдың арасына жол салуды сұрады. Ауыл көшелерінің жарық шамдары жиі өшеді. Сонымен қатар, электр маманы жоқтығында алға тартты. Көшелерді сапалы жарықтандыру үшін ауыл әкіміне тапсырма берілді.
Жиын ортасында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов пен аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Балтабай Жарылқасынов ауыл тұрғындарын ауызбіршілікке шақырды.
- “Тозған қазды, топтанған қарға алады. Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар дейді халқымыз. Жастарға жұмыс жасауға мүикіндік берейік. Ауданның мерейін көтеру үшін бірігіп жұмыс жасайық”, - деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов.
Есепті кездесуді: - Құрметті Жаңа Иқан ауылының тұрғындары! Сіздер көтеріп отырған мәселелер маған таңсық емес. Орынбасар кезімде де ауылды аралап коммуналдық мәселелерді өз көзіммен көрдім. Кезек күттірмейтін мәселелер ретімен шешіліп жатыр. Тұралап қалған құрылыс жұмыстары да келер жылдан бастап жанданады. Жастарды кәсіпкерлікке тарту жұмыстары тоқтамайды. Кәсіп бастап, өзімді жұмыспен қамтимын деген азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануымыз керек. Мен сіздерді тек есепті кездесу де ғана емес, кез келген уақытта жеке мәселемен қабылдауға дайынмын. Кез-келген мәселені аудандық деңгейде шешейік. Жұмыс бар жерде кемшілік болады. Сіздер сол кемшілікті бізге дер кезінде жеткізулеріңізді сұранамын,- деп қорытындылады Мақсат Асылбекұлы.
Айта кетейік, Жаңа Иқан ауылдық округінің орталығы — Жаңа Иқан ауылы.
Елді мекендері — Жаңа Иқан, Ибата, Ойық. Халық саны — 7182 адам.
Округтің жалпы жер көлемі — 80514 гектар. Оның ішінде: ауыл шаруашылығы жері — 54556 гектар; суармалы жері — 6267 гектар; шабындық жері — 334 гектар; жайылымдық жері — 47955 гектар.
Аудан әкімінің есепті кездесуі мұнан соң, Ескі Иқан ауыл округінде жалғасты.