Су ұңғымаларының моторлары жаңартылды

image.png

Адамзат та, табиғат та сусыз өмір сүре алмайтындығы ақиқат шындық. Бірақ әлем халқы көбейген сайын, экология мәселесі туындаған сайын таза су тапшылығы да байқала бастады. Бұл әсіресе Орта Азия елдеріне тән құбылыс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су мәселесін өзінің  Жолдауында ерекше атап өтті. 2030 жылға қарай  су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екенін айта келе, Президент жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керектігін ескертті. «Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет» деген Мемлекет басшысы, Үкіметке су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 канал қайта жаңғыртылатынын, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынатынын мәлімдеді. Жалпы, елімізде ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесінің әлі шешімін таппағанына тоқталған Президент, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз ету Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екенін айтты. Осы орайда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында аталған көрсеткішке 2025 жылы жету жоспарлаған.   Биыл сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін салу және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыруға 280 миллиард теңге бөлінді. Жалпы, 2025 жылға дейін қалған 25 қала мен 1 395 ауылдың халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету қажет. 

Қазақстанда қазірге дейін алты облыста қала тұрғындары ауыз суға 100 пайыз қосылған. 

Ал ауылдық жерге келсек, тек Маңғыстау облысында тұратын азаматтар ғана ауыз суға толық қосылғанын аңғаруға болады. Алдағы екі жылда Түркістан облысы оның ішінде Сауран ауданында да ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін табатын болады. 

Қазіргі таңда ауданда Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. 

Ауданда ауыз су мәселесі өзекті. Тұрғындар құдық суын пайдаланады. Жерасты суын тартатын насос моторлары 2012 жылдан бері жөндеу көрмеген. Тұрғындар аудан басшылығының алдына бірнеше рет мәселе етіп қойған. Мәселе шешімін тапты. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен 25 ауыз су орталығына 41 дана су ұңғымасының моторы жеткізілді. Жыл соңына дейін 27 мотор жеткізіледі деп күтілуде. 

Су ұңғымаларының моторлары "Сауран-СУ" мекемесінің меншігіне беріледі. Күтіп- баптау жұмыстары аталмыш мекеменің құзіретінде болады. Аудандағы ауыз су мәселесін шешу мақсатында тағы да жобалық сметалық құжаттамалар әзірленіп, кезең кезеңімен сараптамалық оң қорытындысын алуда. Демек, аудан толығымен 2025 жылға дейін ауыз сумен қамтылады. 

Айта кетейік, елімізде бұған дейін бірқатар бағдарламалар ауыз су мәселесін шешіп келді. 1990 жылдардың аяғынан бастап халықтың денсаулығы мен елдегі экологиялық жағдай төмен деңгейде болды. Ал жер үсті су қоймалары қалдықтар мен химиялық заттарды ластады. Тәуелсіздік жылдарында халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше жоба бар. Соның бірі «Ауыз су» бағдарламасы. Ол 2002-2010 жылдарға арналған және екі кезеңнен тұрды: 2002-2005 жылдар (1 кезең), 2006-2010 жылдар (2 кезең).

Бағдарламаның мақсаты – халықты қажетті мөлшерде және кепілді сапада ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету.

Бастапқы бюджет 300 млн теңгені құрады. Бағдарлама жергілікті, республикалық бюджеттер, сыртқы қарыздар, гранттар және шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаражаты есебінен қаржыландырылды.

Бағдарлама қорытындысы бойынша 7 231 елді мекенді, 174 елді мекенді, 86 қаланы және шағын қаланы сумен қамтамасыз ету жоспарланды. Сонымен қатар сумен қамтамасыз ету деңгейі 80%-ға дейін, ал орталықтандырылған көздерден суды пайдалану 20-25 пайызға дейін өсуі керек еді.

2010 жылы президент жарлығымен 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы бекітілді. Іске асыру мерзімі екі кезеңде бөлінді: 2011-2015 жылдар (1 кезең), 2016-2020 жылдар (2 кезең). Алайда бағдарлама ұзаққа созылмады және 2014 жылы күшін жоғалтты.

Бағдарламаның мақсаты – халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету.

Ол даму институттарының қаражаты, пайдалану кәсіпорындарының меншікті қаражаты, отандық және шетелдік инвестициялар есебінен және мемлекеттік бюджетте көзделген қаражат шегінде қаржыландырылды. Бюджеттен 951 млн 490,3 мың теңге бөлінді.

Бағдарлама қорытындысы бойынша ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 80 пайызға, шағын қалаларда 100 пайызға қамтамасыз ету жоспарланды. 86 қалада және 6 943 ауылда сумен жабдықтау және су бұру жобаларын мониторингтеу жүйесімен қамту және халықты тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік 97,2 пайызға, ауылдарда 64,3 пайызға қамтамасыз етілді.

2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаннан кейін республиканың барлық халқының ауыз суға қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі бастапқы жоспарлар 2020 жылға қарай 2025 жылға ауыстырылды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер