Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік соңғы жылдары жаңа қарқын алып келеді. Екі ел басшыларының өзара сенімге негізделген саясаты шекаралас өңірлер арасындағы экономикалық байланысты бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Соның айқын көрінісі – Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Өңірлер басшылары кеңесінің алғашқы отырысы қарсаңында өткен «Қазақстан – Өзбекстан: бірлескен жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері» атты халықаралық бизнес-форум болды.
Аталған жиын қос мемлекеттің кәсіпкерлері мен инвесторларын, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдерін бір алаңға жинап, жаңа жобалардың негізін қалады.
Форумның басты ерекшелігі – келіссөздердің жай пікір алмасумен шектелмей, нақты инвестициялық жобаларға ұласуы. B2B форматында ұйымдастырылған кездесулер барысында екі елдің кәсіпкерлері өндірістік кооперацияны кеңейту, өзара сауда көлемін ұлғайту, бірлескен кәсіпорындар ашу, логистикалық мүмкіндіктерді пайдалану және экспорттық бағыттарды дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Нәтижесінде Түркістан облысының кәсіпкерлері мен Өзбекстан Республикасының бизнес өкілдері жалпы құны 78 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық меморандумдарға қол қойды.
Қол жеткізілген келісімдердің ең ауқымдысы – құны 47 миллион АҚШ долларын құрайтын металл өңдеу зауытының құрылысы. Бұл кәсіпорында профлист, металл құбырлары, сэндвич-панельдер және жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкциялар өндірілмек. Мұндай өнімдер бүгінде құрылыс индустриясында үлкен сұранысқа ие. Зауыт іске қосылғаннан кейін ішкі нарықты сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес мемлекеттерге экспортқа шығару мүмкіндігі де артады.
Өңір үшін маңызды жобалардың бірі – 2 миллион АҚШ доллары көлемінде күнбағыс майын өндіретін кәсіпорынның құрылысы. Соңғы жылдары Түркістан облысында майлы дақылдардың егіс көлемі ұлғайып келеді. Сондықтан шикізатты сыртқа шығармай, өңірдің өзінде өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру экономикалық тұрғыдан тиімді саналады.
Бизнес-форум барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Құны 5 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба аясында жүгеріні терең өңдеу өнімдерін экспорттау көзделіп отыр. Түркістан облысында жүгері егісінің көлемі жылдан-жылға артып келеді. Ендігі мақсат – оны шикізат күйінде емес, дайын өнім ретінде сыртқы нарыққа шығару. Бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібінің дамуына және экспорттық түсімнің артуына ықпал етеді.
Сондай-ақ құны 12 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба бойынша ет өңдеу кешенінің өнімдерін Өзбекстан мен өзге де сыртқы нарықтарға экспорттау жоспарланған. Мал шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан Түркістан облысы үшін бұл жоба жаңа өткізу нарықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өңірде өндірілетін ет өнімдерінің сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Форумда қол қойылған тағы бір маңызды меморандум – 12 миллион АҚШ доллары көлемінде заманауи балық шаруашылығы кешенін құру жобасы. Бұл кешенде тұқы (карп) өсіріліп, өнімді ішкі нарықпен қатар экспортқа шығару жоспарланып отыр. Соңғы жылдары Түркістан облысында балық шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде жаңа тоғандар салынып, акваөсіру көлемі артып келеді.
Форум аясында ұйымдастырылған панельдік сессияларда көлік-логистика, сауда және экспорттық кооперация, су қауіпсіздігі, экология, инвестициялық ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды. Мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және бизнес қауымдастықтарының өкілдері өзара тәжірибе алмасып, екі елдің кәсіпкерлеріне қолдау көрсетудің жаңа тетіктерін қарастырды.
Өзбекстан – Түркістан облысының ең ірі әрі сенімді экономикалық серіктестерінің бірі. Географиялық орналасуы, ортақ шекара, тарихи және мәдени байланыстар екі өңір арасындағы сауда қатынастарының қарқынды дамуына мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде Түркістан облысының сыртқы сауда айналымында Өзбекстан маңызды орын алады. Облыстан көрші елге ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік, құрылыс материалдары, тоқыма және өңдеу өнеркәсібінің өнімдері экспортталса, Өзбекстаннан өндірістік жабдықтар, шикізат пен түрлі өнеркәсіп өнімдері жеткізіледі.
Соңғы жылдары екі тарап бірлескен өндірістерді көбейтуге ерекше көңіл бөліп келеді. Түркістан облысында өзбек капиталының қатысуымен жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын шығару, тамақ өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы кәсіпорындар жұмыс істейді. Ал өз кезегінде түркістандық кәсіпкерлер Өзбекстан нарығында көкөніс, жеміс-жидек, ет өнімдері мен құрылыс материалдарын өткізу көлемін ұлғайтып келеді.
Түркістан облысының инвестициялық саясаты да дәл осындай халықаралық серіктестікті дамытуға негізделген. Соңғы сегіз жыл ішінде өңір экономикасына триллиондаған теңге инвестиция тартылып, жүздеген инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Өндірістік парктер құрылып, жаңа индустриялық аймақтар ашылуда. Инвесторларға инженерлік инфрақұрылым тарту, жер телімдерін дайындау және мемлекеттік қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Соның нәтижесінде өңірде металл өңдеу, тамақ өнеркәсібі, химия өндірісі, жылыжай шаруашылығы, пластик қайта өңдеу, жүгеріні терең өңдеу және ет өңдеу салаларында ірі жобалар кезең-кезеңімен іске асып жатыр.
Бүгінде Түркістан облысы шикізат өндіретін өңірден дайын өнім шығаратын индустриялық аймаққа айналуды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта Өзбекстанмен өндірістік кооперацияны кеңейту ерекше маңызға ие. Себебі көрші елдің нарығы да, өндірістік тәжірибесі де бірлескен жобалардың тиімділігін арттыра түседі.
Ақтауда қол қойылған меморандумдар – осы ұзақ мерзімді әріптестіктің нақты нәтижесі. Олар өңірге жаңа инвестиция тартуға, жаңа өндіріс орындарын іске қосуға, экспорт көлемін ұлғайтуға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл жобалар жүзеге асқан сайын Түркістан облысының экономикалық әлеуеті артып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың мазмұны жаңа деңгейге көтерілмек.
Түркістан облысының делегациясы Ақтауда өткен іскерлік кездесулерден кейін Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Өңірлер басшылары кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге бағытталған жаңа бастамаларды талқылады. Бұл келіссөздердің нәтижесі алдағы уақытта тағы да жаңа инвестициялық жобалар мен өзара тиімді өндірістік әріптестіктерге жол ашатыны анық.
