Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің агроөнеркәсіп кешені алдына, алдағы 5 жылда еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 2,5 есеге арттыру міндетін қойған болатын. Бұл еңбек нарығын арттырып, елдегі жұмыссыздық деңгейінде айтарлықтай төмендетері анық. Қазіргі кезде Бәйдібек ауданында көптеген жұмыстар жүзеге асып, ауқымды жобалар іске қосылуда.
Биылғы жылы ауданда ауылшаруашылығын дамыту барысында арнайы жоспар бекітіліп кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі қоғамда болып жатқан жағдайға қарамастан ауылшаруашылық жұмыстары қарқынды. Бүгінгі таңға дейін көктемгі дала жұмыстары яғни дәнді дақылдардың егілуі арнайы жоспар бойынша атқарылды.
Мәселен жаздық бидай 180,8%, жаздық арпа 142,4%, биылғы жылы егілген жоңышқа 112,2%, картоп 51,5%, көкөніс 24,6%, мақсары 85,8%, бақша 40,2%-ға орындалып отыр. Көкөніс өнімдері көбіне қосалқы шаруашылықтарда, жеке тұрғын үй іргелік жерлерге егілуде.
Мамыр айының аяғына дейін картоп, көкөністер, бақша өнімдері егіліп бітеді. Ал мақта өнімдері жоспар бойынша мамыр айының аяғына егіледі. Шаруалар жаңа технологияларды да қолданысқа енгізе бастаған.
Жалпы 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы облыс деңгейіндегі көрсеткіште ауданымыз жоспарлы межені орындап отыр.
Басқа аймақтарға қарағанда Бәйдібек ауданы жауын-шашыны көп түсетін, шөп бітік шығатын, жалпы айтқанда ауылшаруашылығына қолайлы аудан болып саналады.
Жайылымның жақсы болуынан мал азығы жақсарып, төл алу көрсеткіші де жақсы нәтиже береді. Жер емген дихандар үшін жауынның пайдасы көп. Егіс бітік шығып, өз жемісін берсе адал еңбек маңдай тердің ақталғаны деп біледі диханшылар.