Бүгінде мемлекеттік деңгейде уран өндірісі жандануда. Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан өндіріс орындары елге көмек беру ісін де қолға алып келеді. Кәсіпорын Түркістан облысы мен Шымкент қаласына өкпені жасанды желдететін 6 аппарат сатып әпермек.
Созақ ауданында уран өндірумен айналысатын «КАТКО» қазақ-француз біріккен кәсіпорыны Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы ауруханаларға өкпені жасанды желдететін 6 аппарат сатып әперуді көздеп отыр. Құны 100 миллион теңгені құрайтын медициналық жабдықтар жақын арада АҚШ-тан жеткізілмек. Кәсіпорынның бас директоры Жерар Фриестің айтуынша, заманауи аппараттың 3-еуі Түркістан облысына, қалғаны Шымкент қаласындағы ауруханаларға берілмек.
-Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырғандар саны күннен-күнге көбейіп келеді. Осыған байланысты кәсіпорын бірнеше әлеуметтік жобалар әзірлеп, індеттен зардап шеккендерге қол ұшын созғалы отыр. Ауруханаларды медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету – соның бір парасы. Себебі, біз үшін бәрінен бұрын адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі қымбат, - дейді кәсіпорын басшысы.
Айта кетейік, «Катко» - әлемдегі уран өндіретін ірі компаниялардың бірі. Осы компанияның негізінде құрылған қазақ-француз кәсіпорыны 1996 жылдан Созақ ауданында уран өндірумен айналысады. Жылдық межесі 4 мың тоннаны құрайтын кәсіпорында бүгінде 1200 адам жұмыс істейді. Соның 55 пайызы – аудан тұрғындары.