«Қазақстан 2050» Стратегиялық бағдарламасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде және саудада қожалықтар мен шағын және орта бизнесті дамыту көзделген. Орта бизнес бұл кіріс көзі, жұмыс орны. Сондықтан Түркістан облысында ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті өркендету бағытында біршама жобалар қолға алынуда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, биыл Түркістан облысы Төлеби ауданында бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар бойынша 70 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде ауданда 35 азамат грантқа ие болып, өз кәсібін бастаған. Басым бөлігі мал мен құс шаруашылығы, тігін және кондитер салалары бойынша.
Солардың бірі – Рита Курабанова. Ол бәліш, торт пісірумен айналысады. Төлебилік кәсіпкердің кондитерлік өнімдеріне сұраны жоғары. Айтуынша, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік орталығында 2 ай білім алған. Бизнес жоспарын ойдағыдай қорғап, берілген грант қаржысына торт пісіруге арналған пеш пен кәсіби миксер сатып алған.
«Торт пісіру ісіне қатты қызықтым. Тәттілерді өз қалауымша сәндеп, дәмін келтіріп өз отбасымды қуантқым келді. Бірақ, оны үйде пісіретін арнайы пешім, қажетті құрал-жабдықтарым болмады. Торт пісіру ісіне бар жан-дүниеммен кірісемін. Бұл іс өзіме ұнағандықтан хоббиді кәсіпке айналдырдым. Тапсырыс берушілердің көңілдерінен шығудамын», - деді кәсіпкер.