Түркістан қаласында құрылып жатқан азық-түлік белдеуінде жаңбырлатып суару технологиясы қолданылады. Мәселен, «Ынтымақ Агро XXI» ЖШС австриялық «Bauer» компаниясының 8 бірлік жаңбырлатып суару машиналарын орнатты. Оның ішінде 3 бірлігіне күздік бидай егіп қойған қалған бөлігіне жүгері мен жоңышқа егу күтілуде. Жуырда осы серіктестікке Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы барды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс басшысы сондай-ақ, «SPK-Sauran» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құны 1,5 млрд. тенгені құрайтын «829 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, мал азықтық дақылдардар өсіру» жобасымен танысты. 2019 жылы АҚШ-тың «Valley» компаниясының 3 бірлік және 2021 жылы австриялық «Bauer» компаниясынан 4 бірлік жаңбырлатып суару машиналары 371 гектарға орнатылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін АҚШ-тың «Valley» компаниясының 5 бірлік жаңбырлатып суару машиналарын 265 гектарға орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда, 800 гектарға итальяндық жоңышқа тұқымын себу жұмыстары жүргізілуде. Жаңбырлатып суару технологиясы толық іске қосылған жағдайда жоңышқадан 2000 тн өнім алу жоспарланған.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан халықаралық әуежайына барар жолдағы «400 га жерге қара өрік отырғызу» жобасымен танысты. Turkistan Fruit ЖШС-нің қолға алған ерекше жобасының құны 3,5 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта, қара өріктің бірнеше түрлерінен құралған 200 мың дана көшет отырғызылды. Нысан толығымен қоршалып, 7 дана су сақтайтын резервуар, 21 бірлік ұңғыма құдық қазылып, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Көшеттер отырғызған жылдан бастап үшінші жылы гектарынан 1-2 тоннадан өнім бере бастайды. 5-6 жылда толық құаттылыққа кіріп әр гектарынан 25-30 тоннадан өнім беретін болады. Оған дейін 50 га жерге қарбыз егілді.