Елбасы кітапханасында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы атты» халықаралық бейнеконференция өтті. Жиынға қазақстандық және шетелдік мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Конференцияда сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Түркістанды түлету, Түркі халықтарына ортақ рухани орталық дәрежесіне лайықты ету – Елбасының арманы әрі мақсаты болғанын айтты.
«Елбасының Түркістанға тарихи мәртебесін қайтару ісіне баса назар аударуында үлкен мән жатыр. Себебі, Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған киелі қала. Түркі жұртының Орта Азия мен Қазақстандағы теңдесіз тарихи жәдігер Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен жер. Осылайша түбі бір Түркі елдері рухани орталығы ретінде қастерлейтін Түркістан қаласы қазір алып құрылыс алаңына айналып, дамудың жаңа сатысына көтерілді», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысының әкімі Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани астанасы болып жариялануын тарихи әділдік деп бағалайтынын айтып, барша қатысушыларды Түркістанның жаңа тарихи кезеңінің басталуымен құттықтады.
«31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында өткен түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өте табысты аяқталды. Әрі тарихи әділдік орнап, Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы болып бекітілді», – деді облыс әкімі.