Түркістан қаласындағы карантин шараларының сақталуы қатаң қадағалануда. Қала әкімі Рашид Абатұлының өкімімен құрылған 6 мобильді топ мүшелері бүгін қаладағы бес мөлтек аудан бойынша 100 нысанды аралады. Аралау барысында сауда орталықтары, мейрамханалар, қонақ үй, дәріханалар, супермаркеттерде карантин режимінің сақтық шаралары тексерілді.
Түркістан қаласы баспасөз қызметінің хабарлауынша, сонымен бірге маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтауы, нысан ішіндегі антисептик, термометрдің орналасуы сынды карантин талаптарының сақталуы насихатталды.
Айта кетейік, топ мүшелері құрамында учаскелік полиция инспекторлары, дербес бөлім мамандары, ақсақалдар алқасының өкілдері және мөлтек аудан төрағалары бар. Олар күнделікті екі ауысыммен нысандарды қадағалап, Індет таралуының алдын алу мақсатында шаралардың сақталуын тексеруде.
Түркістан облысында жаппай вакцинация шаралары қызу жүріп жатыр. Соңғы күндері өңірде коронавирусқа қарсы вакцина салдыру пункттерінің саны артты. Бұған дейін облыс бойынша 50 медициналық мекемелерде инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп келсе, қазір екпе егу пунктерінің саны 80-нен асты. Ал, Түркістан қаласында 1-ден 10-ға дейін көбейді. Егу пункттері барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілген және санитарлық талаптарға сәйкес келеді.