Түркістан қаласында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференция «Қант диабеті мен патологиялық семіздікті лапораскопиялық ота арқылы емдеу жолдары», – тақырыбына арналды. Конференцияға «Қазақстандық бариатриялық және метаболизмдік хирургтар қоғамы» бірлестігінің президенті Орал Оспанов арнайы қатысты. Сондай-ақ, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей мен Литвадан білікті хирургтар онлайн режимде операциялардың орындалуын көрсетті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұдан кейін Түркістан қалалық Орталық ауруханасында қант диабетімен ауыратын үш науқасқа лапораскопиялық ота жасалды. Операцияға Ақтау, Жезқазған мен Шымкент қаласынан науқастар арнайы келген. Айта кетейік, бірінші операция 22 жастағы артық салмақпен ауыратын бойжеткенге істелді. Қазір жас қыз 70 келі, енді отадан кейін салмақ тастайды. Операцияны профессор Орал Оспанов пен Түркістан қалалық Орталық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков жүргізді.
«Біз бүгін пандемия салдарынан онлайн режиімде конференция өткізіп жатырмыз. Бүгінде елімізде дәрігерлердің және де ауруханадағы соңғы үлгідіге заманауи жабдықтар бір мезетте бірнеше ота жасауға мүмкіндік беруде», – Қазақстандық бариатриялық және метаболизмдік хирургтар қоғамы» бірлестігінің президенті Орал Оспанов.
Айта кетейік, бұрын Түркістан облысының тұрғындары республикалық маңызы бар қалаларға барып ота жасататын. Енді Түркістан қалалық Орталық ауруханасында лапораскопиялық операция жүргізіледі.
Конференцияға қатысқан дәрігерлер шетелдік ғалымдардың дәрісін тыңдап, біліктілігін арттырды. Онлайн бас қосуда қант диабеті мен патологиялық семіздікті лапораскопиялық ота арқылы емдеу жолдары түсіндірілді. Жалпы коронавирустан қайтыс болғандардың 90 % қант диабеті мен семіздікпен ауыратындар екен.
Конференцияның құрметті қонақтары мен қатысушылары конференция ұйымдастырылуының жоғары деңгейін және Қазақстандағы денсаулық сақтаудың заманауи жай-күйін бейнелейтін баяндамалардың іс-тәжірибелік бағытталғандығын атап өтті.