Түркістан облысы Арыс қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен жергілікті ардагерлер Түркі халықтарының рухани астанасы атанған Түркістан қаласына сапармен келіп, жаңарған қаланың құрылысымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары. Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы киелі топыраққа ат басын бұратынын білесіздер»,– деген болатын.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова «Түркістанды түлету қай жағынан алып қарағанда да теңдессіз, ұлы бастама. Рухани астанамызды дамытуға баршамыз жауаптымыз» дей келе киелі Түркістанға жолға шыққан еңбек ардагерлеріне сәт-сапар тіледі.
Соңғы уақытта түрленген, жаңа келбетке ие болған Түркістан қаласына облыстағы аудан, қалалардағы ардагерлерін сапарлатып, киелі қаланың көркімен таныстыратын жақсы дәстүр қалыптасып келеді. Бұл дәстүрді облыстың өзге қала, аудандары да жалғастыратын болады.