Түркістан облысының полицейлері мас халде бөтеннің автокөлігін заңсыз басқарып, жол-көлік оқиғасын жасаған шетелдікті ұстады.
Қазығұрт АПБ-ға жол-көлік оқиғасы болғандығы жөнінде хабар түскен. Полиция қызметкерлері хабар алысымен толық құрамда оқиға орнына жедел жетті. Яғни тас жолдардың бірінде «Лада» маркалы автокөлігінің жүргізушісі рульдік басқару жүйесін игере алмай жол жиегіне шығып, аунап кеткен. Жол апатының салдарынан автокөлік ішінде болған 3 жолаушы түрлі дене жарақатымен Қазығұрт ауданының ауруханасына жеткізілді. Ал 1 жолаушы сол жерде көз жұмған. Автокөліктің жүргізушісі болса оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен.
Тәртіп сақшылары айналаның барлығын мұқият тексеріп, осы жайтты жасаған күдіктіні іздеуге бірден кірісті. Жақын маңдағы ауылдардың барлығын тексерді. Полиция қызметкерлерінің тындырымды еңбектерінің арқасында күдікті азамат көп ұзамай қолға түсті. Яғни полицейлер «Лада» жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарғаны үшін куәландыруға жеткізді. Нәтижесінде оның алкогольдік масаң күйі анықталды.
Анықталғандай көлік ішінде болғандардың барлығы Өзбекстан Республикасының азаматтары болып шықты. Олар Төлеби ауданында бірге жұмыс жасап, үйлеріне қайту мақсатында тұрғынның көлігін заңсыз айдап кеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 3 бірдей бабы бойынша СДТТБТ-ға тіркелді. Олар: 347-бабы «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу», 345-бабы «Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы», 200-бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу». Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Мас күйде рульге отырмаңыз, бұл қалпына келтірілмейтін салдарға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарама-қарсы қозғалыс жолағына шықпау қажет. Жүргізушілер, есіңізде болсын: жол қателікті кешірмейді, жол ережесін сақтаңыз, бұл сіздің өміріңіз бен жолаушыларыңыздың денсаулығын сақтауға көмектеседі.