Шардара аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын «Аист» маркалы велосипедінің ұрланғаны жөнінде арызданған. Жәбірленуші тұрғынның айтуынша, оның дүкен жанына қойып кеткен 50 мың теңгелік велосипедін белгісіз біреу жымқырып кеткен. Оқиға орнына бірден учаскелік инспекторлар келіп, велосипед ұрлаған ұрыны іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәгерлерден жауап алып, дүкен мен көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді. Полицейлер жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктіні 1 тәулік ішінде күдікті деп танылған жас бойжеткенді ұстады. Ол өз әрекетін толық мойындады. Күдікті бойжеткеннен ұрланған велосипед алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Бойжеткеннің айтуынша, ол үйіне жету үшін ұрлық жасаған.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға велосипед ұрлығы - маусымдық қылмыс екенін жеткізеді..
Мұндай ұрлық түрінен қорғанудың жалғыз кепілдендірілген әдісі - велосипедті қараусыз қалдырмау. Велосипедіңізді камерасы бар орынға қойыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі