Келес аудандық полиция бөліміне Павлодар қаласының тұрғыны арызданды. Келес ауданына ата-анасының үйіне төркіндеп қыдырып келген жәбірленуші әйелдің айтуынша, автобекетте оның сөмкесіндегі ұялы телефонын белгісіз біреу жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 100 000 теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.
Тапа-тал түсте орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні қолға түсіру мақсатында жетісайлық тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді, көрген-білгендерден жауап алды. Ұялы телефонның арнайы коды арқылы қосылған орнын анықтай отырып, күдіктінің ізіне түсті. Нәтижесінде осы іске күдікті ретінде жергілікті тұрғын әйел ұсталды.
Белгілі болғандай, жәбірленуші автобекетке бару мақсатында таксиге отырған. Сол сәтте жанында отырған жолаушы әйел оның ұйықтап жатқанын пайдаланып, ешкімге байқатпастан телефонын алып алған. Осылайша жеңіл жолмен пайда табу мақсатында күдіктінің жасаған теріс әрекеті, тәртіп сақшыларының кәсіби шеберлігі арқасында әшкере болды. Күдіктіден айғақты зат ретінде ұрланған зат алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті әйелдің бас шарасы «қолхатта».
Өз кезегінде тұрғын, ұялы телефонын тауып берген полицейлерге шынайы ризашылығын жеткізді. Жұмыстарына табыс тілеп, биіктерді бағындыра беруіне, әрдайым осылай елдің қорғаны болуға тілектестігін білдірді.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі