Түркістан облысында алауыздықты тудыратын жазба таратқан тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мақтаарал аудандық Полиция бөліміне бір жергілікті тұрғын белгісіз азаматтың ватцап әлеуметтік желісі арқылы ұлттық алауыздықты тудыратын жазбаны таратып жатқандығын хабарлаған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу бойынша тіркеуге алды.
Мақтааралдық сақшылар хабар алысымен оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тиісті шараларды жүргізді. Полиция қызметкерлерінің тиянақты жұмыстарының нәтижесінде жалған ақпар таратқан ер азамат анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Тәртіп сақшылары анықталған оған қатысты қылмыстық іс қозғап, жан-жақты тергеу амалдарын жүргізді. Осылайша жинақталған іс-құжаттарды заңды шешім қабылдау мақсатында Мақтаарал аудандық сотына жолдады. Сот аталған ер азаматты кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Белгілі болғандай сотталушы атамекенімізге тіл тигізіп, алауыздық тудыратын аудиожазба таратқан. Ол өзінің жасаған кінәсін толығымен мойындап, барша тұрғындардан кешірім сұрады.
Полицейлер ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытта жалған ақпар таратпау мен расталмаған қауесет сөздерге сенбеу қажеттілігін айтты.