Түркістан облысының полицейлері жол ережесін бұзған жүргізушіні жауапқа тартты. Деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күнделікті әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіп отыратын Түркістан облысы ПД қызметкерлері, кезекті жұмыс күні «Instagram» парақшасының бірінен «БМВ» маркалы автокөліктің жолда екі жолақты ақ сызықты басып, қарама-қарсы бағытқа өтіп, ҚР Жол жүрісі ережесін өрескел бұзғаны туралы жарияланған бейнежазбаны анықтады. Аталған бейнежазбадағы оқиғаның қайда орын алғаны, жүргізуші кім екенін анықтау мақсатында, полицейлер жедел әрекет етті. Жан-жақты жүргізілген іздестіру шаралары нәтижесінде, оқиға Жетісай қаласында болғаны белгілі болды. Ал «БМВ 525 І» басқарған "жүгенсіз" жүргізуші жергілікті тұрғын, жас жігіт болып шықты.
Жүргізуші жол ережесін бұзып, заңсыздыққа жол бергені үшін 3 бірдей баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтсақ, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігі «Маневр жасау қағидаларын бұзу», 630-бабы 1-бөлігі «Жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын бүлдіру», және 606-бабы 1-бөлігімен «Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы» әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, автокөлігі айыптұраққа қойылды.
Жас жүргізуші жасаған әрекетін мойындап, сол үшін көпшіліктен кешірім сұрады. Сондай-ақ алдағы уақытта қайталамауға уәде берді.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері жолда жылдамдықты асырмауға, маневр жасау қағидаларын бұзбауға, мүмкіндігінше сақтық шараларын қолданып көлік басқаруға кеңес береді. Жоғарыдағыдай теріс әрекет жасап, өз өмірінен бөлек, өзге де көлік жүргізушілеріне қауіп төндіріп, жол бойында кедергі келтірудің соңы жақсылыққа апармайтынын ескертеді.