Түркістан облысы сервистік полиция моделі аясындағы жұмыстарды жандандыру мақсатында өңірге арнайы мамандар келді. Бұл туралы Полиция депаратментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың бастамасымен полиция полковнигі Алексей Милюк, ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің консультанты Эльмира Хисамутдинова, полиция подполковнигі Әмина Әлмағамбетова, Қарағанды академиясының оқытушысы, зерттеу жетекшісі Сағынған Молбасин киелі өңірге келді Аталған мамандар полицияның сервистік моделі бойынша талдауларды қарап, қылмыстардың болуы, себеп-салдары мен оны болдырмау жолдарын анықтайтын болады. Ал мұндай жұмыстар өз кезегінде Түркістан облысын қауіпсіз әрі қылмысы аз облыс қатарынан түсірмей, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге, қауіпсіз аймаққа айналдыруға үлкен үлесін қосады.
Аталмыш жиынға облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, ТО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Абдуғани Сейдуалиев, Түркістан ҚПБ бастығы полиция полковнигі Бауыржан Селтанов, Түркістан облысы әкімдігі жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ мүшелері қатысты.
Нұр-Сұлтан қаласынан келген арнайы топ 3 күн қатарынан сервистік полиция моделі бойынша атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын істерді саралайды. Дамыған елдердегі озық тәжірибені мамандарға үйретіп, тәжірибелерімен бөліседі.
Бұған дейін Полиция департаментінің ұсынысына сәйкес, пилоттың аумақ ретінде Түркістан қаласының «Яссы» мен «Сауран» шағынаудандары таңдалған болатын. Елордадан келген мамандардың саралауымен облыс орталығы пилоттық аумаққа енгізілді.