«Тергеу құрылымының 58 жылдық» кәсіби мерекесіне орай Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында жыл бойы өзінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, жоғары деңгейде қызмет атқарған қызметкерлерді марапаттау рәсімі өткізілді. Жиында алғашқы сөзді алған полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков, мереке иелерін құттықтап: "Жауапкершілік пен әділдікті ту еткен тергеу саласының тегеуріні мықты тергеушілерін төл мерекелерімен құттықтаймын. Жұмыстарыңыз алға бассын! "-деп атап өтті.
Одан ары ҚР ІІМ-мен жүргізілген рейтингке сай тергеушілер арасында 2020 жылдың қорытындысымен үздік шыққаны үшін және қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен және «Үздік тергеуші» арнайы кубогымен Сайрам аудандық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі полиция майоры Бекзат Мәтенов марапатталды. Ал анықтаушылар арасында үздік шыққаны үшін арнайы кубокпен Сарыағаш аудандық полиция бөлімі анықтау бөлімшесінің анықтаушысы полиция аға лейтенанты Әлімжан Тасбауов марапатталды. «Тергеу құрылымының 58 жылдық» кәсіби мерекесіне орай және қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін «Кезектен тыс полиция подполковнигі арнаулы атағы» Түркістан қалалық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы полиция майоры Мұхтар Сейділдаевқа берілді.
Сонымен қатар Түркістан облысы Полиция департаментінің Грамотасымен: Түркістан қаласы Полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі полиция капитаны Жанбол Жақай марапатталса, ТО ПД-ның Алғыс хатымен тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі полиция майоры Алтынай Жолымбекова; Тергеу басқармасының тергеушісі полиция майоры Бахтиёр Пилдебаев марапатталды. Осы бұйрықпен 4 қызметкердің тәртіптік шарасы мерзімінен бұрын алынды.
Жиынның ең маңызды, ерекше тұсы тергеушіге 2 бөлмелі қызметтік пәтердің кілтінің табыс етілуі. Ол жаны нәзік болса да, ерлермен иық тіресіп, қоғамда дау тудырған ауқымды қылмыстардың ашылуында басы-қасында жүріп, нақты дәлелдер мен дәйектерді келтіріп кәсіби шеберлікпен қызмет атқаратын полиция майоры Алтынай Жолымбекова.
Өз кезегінде марапатталғандар, еңбектері еленгені үшін алғыс айтып, Қазақстан Республикасына қалтқысыз қызмет ететіндерін жеткізді.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі