ҚР Ішкі істер министрлігі ел тұрғындарымен кері байланысты нығайту, олармен қарым-қатынаста ашықтықты қамтамасыз ету бағытында қарқынды қызмет етуде. Соның дәлелі, бүгінде әрбір азаматтың полицейлер тарапына қандай да бір ұсыныс-пікірі, сұрағы, мәселесі болса, қолайлы байланыс орнату үшін ашылған халықтық-кеңселер. Одан бөлек, Полиция департаменттерінің ресми парақшалары арқылы тікелей эфирлер ұйымдастыруда. Онда желі қолданушылары өздерінің көкейіндегі сауалдарын жолдап, нақты жауаптар алуда.
Осы мақсатта ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы Полиция департаментінде «Инстаграм» және «Фейсбук» ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы «2021 жылдың бірінші тоқсанындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың нәтижелері» тақырыбында брифинг өткізілді. Аталған брифингке Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Нұрлыбек Әлібекұлы арнайы шақыртылып, есірткі қылмысының алдын алу, болдырмау мақсатында атқарылған жұмыстар жайлы айтып, түсіндіріп өтті. Аталған тікелей эфирді 200-ден астам желі қолданушылары қарады.
Полиция подполковнигі Н.Әлібекұлы өз сөзінде: «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен осы жылдың 3 айында есірткіге байланысты ауқымды шаралар атқарылды деп айтуға болады. Яғни басқарма полицейлерімен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте бірқатар іс-шаралар жүргізіліп, 119 дерек анықталды. Сондай-ақ 36 келі есірткі тәркіленді. Бұдан бөлек жас буын өкілдері мен ата-аналар қатыстырыла отырып, түрлі деңгейдегі профилактикалық жұмыстар, онлайн-режимде дөңгелек үстелдер, жиындар мен басқосулар өткізілді»,-деп атап өтті.
Құрметті Түркістан облысының тұрғындары, қолжетімді полиция қағидатын қалыптастыру үшін, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылып тұратын болады.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі