Түркістан облыстық Полиция департаментіне Қазығұрт ауданының тұрғыны арызданған. Ауыл тұрғыны үш ер адам оны қорқытып, шамамен 4 000 000 теңге ақша талап еткенін айтты. Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға "бопсалау" бабы бойынша тіркеді.
Қылмыстың ауырлығын ескере отырып, Полиция департаменті мен ҰҚКД жедел бөлімшелердің тәжірибелі қызметкерлерінен бірден бірлескен топ құрылды. Барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді, атқарылған жұмыстар аясында осы қылмысқа қатысы бар адамдар анықталды. Олардың барлығы ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері болып шықты.
Бірлескен жедел іс-шаралардың нәтижесінде тұрғылықты жері бойынша 9 адам ұсталды, олар Қазығұрт, Келес және Сарығаш аудандарының тұрғындары. Күдіктілердің 4-і ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері, ал үшеуі бұрындары бұзақылық, адамды ұрлау және террористік әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды тарту үшін сотталғандары анықталды.
Қазіргі уақытта Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасы осы іске байланысты тиянақты тергеу жұмыстарымен айналысуда. Бүгінде төртеуі сотпен қамауға алынып, 5-еуі қолхатта. Күдіктілердің бірінің үйін тінту кезінде жедел уәкілдер нөмірлік белгісі зақымдалған шолақ мылтық пен металл кастетті тауып, тәркіледі. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қылмыстық топтың басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.
Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі