Биыл елдің саяси-экономикалық тыныс тіршілігінде қазақ қоғамы үшін бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. Солардың негізгілеріне шолу жасап шыққанды жөн көрдік.
Президентті бақылайтын орган
Жылдың басында Қауіпсіздік кеңесінің құзырын мейлінше күшейтуге бағытталған маңызды қадам жасалды. Заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, оны Конституциялық кеңес мақұлдаған соң Қауіпсіздік кеңесі Президенттің өзіне тапсырма беруге қауқары жететін өте ықпалды орган болып шыға келді. Түптеп келгенде, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы – елдегі саяси процестерге тікелей араласып, Мемлекет басшысының жұмысын қадағалап отырудың құралына айналатын түрі бар. Сарапшылардың пікірінше, мұның билік транзитіне тікелей қатысы бар. Дегенмен, саясаттанушылар «заңға өзгеріс енгізумен іс бітпейді, енді Конституцияның да тиісті баптарын толықтыру керек» деп отыр. Бұл енді 2019 жылдың еншісіндегі шаруа болар.
Жақсыбековтың күйреуі
Саяси өмірдегі биылғы басты оқиғаның бірі – соңғы онжылдықта билік басындағы ең беделді ойыншылардың бел ортасында жүрген, бір емес бірнеше дүркін әкім де, министр де, Президент әкімшілігінің жетекшісі де болған Әділбек Жақсыбековтың күйреуі болды. Түрлі рейтингтерде үнемі үздіктердің қатарынан көрініп, ұлттық саяси элитаның ең ықпалды өкілдерінің біріне айналған Әділбек Рыскелдинұлын дәл осылай дүркіреп тұрған шағында үлкен ойыннан шығарып тастайды деп кім ойлапты? Мұндай «тосынсыйдан» кейін тіпті ірі қаржылық-саяси кландар да алғашында не істерін білмей, абдырап қалғаны рас. Бұл да болса Елбасының елдегі саяси ахуалды өз тізгінінде мықтап ұстап отырғанын, күтпеген жүріс жасау арқылы барлық кландарды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап отырғанын меңзейді. Негізі, Жақсыбеков зейнет жасына жеткенімен, оның «саяси ғұмыры» бес жылға ұзартылған болатын. Бірақ, неге екені белгісіз, сценарий басқаша өрбіді. Мынадай шешімнен соң сарапшылар зейнеткелік жасынан асып үлгерген Бердібек Сапарбаев, Даниал Ахметов сынды ықпалды фигуралардың тағдырына алаңдаушылық білдіре бастады.
«Сайрагүлдің ісі»
Жылдың ең атышулы сот процестерінің бірі – Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың төңірегіндегі еларалық мәселе. Бұл бір ғана Сайрагүлдің емес, қазақ-қытай өзара қарым-қатынастарына тікелей әсер ететін аса күрделі процеске айналғанын мойындау керек. "Шекарадан заңсыз өтті" деп айыпталған этникалық қазақ Сайрагүлдің қайтарылуын Бейжің үзілді-кесілді талап етті. Біздің билік екі оттың ортасында қалды. Бір жағынан Сайрагүлді елде қалдыруды талап еткен қазақ қоғамы, екінші жағынан «азаматшамызды қайтар» деп қысым жасап отырған Қытай.
«Алпауыт мемлекет бір әйелге неліктен қадалып алды» дегенге келсек, Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Қазір бүкіл әлем Қытайды мұсылмандарға, оның ішінде қазақтарға қарсы репрессиялары үшін айыптап отырғанымен, нақты дәлел ұсыну жағы қиын болып тұр. Бұл ретте Сайрагүл көрші мемлекетте болып жатқан сұмдықтарды әшкере етуі мүмкіндігі ресми Бейжіңді мазалап отырса керек. Әйтеуір, сот Сайрагүл Сауытбайды жақтап, елде қалуына рұқсат етті. Дегенмен, Қазақстанның шығыстағы көршісіне ашық наразылығын білдіруге қауқары жоқ. Қолдан келер тірлік – Қытайдың қас-қабағына қарай отырып дипломатиялық келіссөздер жүргізу ғана. Бірақ, барған сайын дипломатиялық мүмкіндіктеріміздің әлсіреп келе жатқанын мойындамасқа лажымыз жоқ. Жылдан-жылға еліміздегі Қытайдың экономикалық ықпалы күшейіп келеді. Тіпті Парламентте Қытайдың қолдауымен іске асып жатқан жобаларға ерекше мәртебе беріп, салықтан босату мәселесінің қолға алынуының өзі не тұрады? Еліміздегі көптеген ірі кәсіпорындардағы үлестің тең жартысы Қытайдың қолына өткелі қашан. Сарапшылардың айтуынша, барған сайын Қытайға деген тәуелділік тек арта бермек. Бұл түбі «қытайлану» саясатына ұласып жатпасын делік.
Суға салса батпайтындар
Белгілі спортшы Денис Теннің қазасы Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді дүрліктірді. Тал түсте Алматының орталық көшесінде танымал спортшыны пышақтап кету – елдегі қоғамдық қауіпсіздік мәселесінің әбден ушыққанын айғақтаған жайт болды. Әдетте мұндайда ең әуелі жауапты саланың министрі қызметтен кетуші еді. Сол себепті сарапшылар «ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың отставкасы - мәселесі шешіліп қойылған шаруа» деп сенімді түрде мәлімдеме жасай бастады. Алайда, жеті жылдан бері министр қызметін атқарып келе жатқан Қасымов әлі жылы орнынан кетер емес. Керісінше, Үкімет оның алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Бірнеше ай бұрын алқалы жиындардың бірінде Мемлекет басшысы полиция саласында түбегейлі реформа жүргізу қажеттігін атап өткеніне қарамастан, бірер аптадан соң-ақ брифингте Қасымовтың өзі «бізде барлық реформа жүргізіліп қойылған» деп, төбеден жай түсіргендей болды.
Жалпы, сынға ұшырап, жағдайы қиындай түскен шенеуніктерді Елбасының өз қамқорлығына алып, тағы бір мүмкіндік беруі - биылғы саяси маусымның негізгі трендтерінің біріне айналды. Бұған бір ғана Қасымовтың емес, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Энергетика министрі Қанат Бозымбаев сынды шенеуніктердің төңірегіндегі мәселелер жарқын мысал бола алады. Арекең басқарып келе жатқан салаға түпкілікті өзгерістердің қажет екені айдан анық. Олимпиада ойындарындағы сәтсіздік, жалпы спорт саласындағы жеңілістер (әсіресе бокста) сала жетекшісі ауыспай істің оңбайтынын білдірсе керек. Оның үстіне, министрлікті дүр сілкіндірген бірқатар коррупциялық дау-дамайлардан соң Мұхамедиұлы отставкіге сұранып-ақ тұрды. Дегенмен, мәдениет министрінің әзірге креслосын босататын түрі жоқ.
Қанат Бозымбаевтың да саяси карьерасына айтарлықтай қатер төнген еді. Қатарынан үш бірдей орынбасарының тұтқындалуы кез-келген басшыны басшыны босатып жіберуге жеткілікті. Дегенмен, Мемлекет басшысы әлі де Бозымбаевқа сенім артатынын білдіріп, өзін көрсетуге мүмкіндік берді.
Әбілязовқа қарсы тұзақ
Биыл Әбілязов бұрын-соңды болмаған деңгейде «құтырды». Одан биліктің сескенетіні соншалық, әлеуметтік желілерде Әбілязов тікелей эфирге шығатын уақытта елдегі интернеттің сапасы нашарлап шыға келетін болды. Дегенмен, билік те қарап жатқан жоқ. Осы жылы Әбілязовқа қарсы ойында маңызды жүріс жасалды. 90-шы жылдардағы ең ықпалды банкирлердің бірі, БТА банкінің негізін қалаушысы Ержан Тәтішевтің өліміне Әбілязовтың тікелей қатысы бар болып шықты. Әйтеуір, тергеу барысында кешегі оққағар, бүгінгі бизнесмен Мұратхан Тоқмади өз кінәсін мойындай отырып, «Тәтішевті өлтіру – Әбілязовтың тапсырмасы» деп мәлімдеді. Ал қамауда отырған ҰҚК-ның экс-басшысы Нартай Дүтбаев оның сөзін растады. Бұл екеудің талай жылдан соң осындай мәлімдемені не үшін және қалай жасап жатқаны аса маңызды емес. Маңыздысы, енді қазақ билігі Әбілязовты экстрадициялауды талап етерде тек экономикалық қылмыстарды емес, кісі өліміне қатысты айып тағатын «көзірге» ие болды. Бұған Әбілязовты жан-тәнімен қорғап отырған Франция билігінің не дейтіні әзірше белгісіз.
"Рейтинг" газеті