Доңыз жылында Қазақстанды не күтіп тұр?

15661654_7.jpg

Елімізде кезекті парламенттік сайлау жоспар бойынша 2021 жылы, ал  президенттік сайлау 2020 жылдың сәуір айында өтуі тиіс. Дегенмен, сарапшылардың пайымдауынша, сценарий күрт өзгеруі ықтимал. Президенттік сайлау додасы анағұрлым ерте, дәлірегі – 2019 жылы-ақ ұйымдастырылуы мүмкін. Саяси  науқанның мерзімінен бұрын өтуінде қандай мән жатыр?  

Жалпы, «кезектен тыс» деген ұғымның өзі қызықтау естілетіні рас. «Барлығы заң жүзінде белгіленіп қойылса, жұртты елден бұрын дүрліктіріп, кезектен тыс науқандарды өткізудің не қажеті бар» деген заңды сауал туындайды. Әдетте демократиялық елдердің саяси терминологиясында  «кезектен тыс сайлау» деген түсінік сирек қолданылады.   Мәселен, АҚШ-та президент өз өкілеттілігінен мерзімінен бұрын бас тартатын болса немесе әлдебір саяси тартыстар салдарынан өкілетті қызметін тоқтатуға мәжбүр болса, белгіленген президенттік мерзім аяқталғанға дейін, барлық мемлекеттік құзырлы жауапкершілік вице-президентке жүктеледі. Парламенттік-демократиялы Жапонияда үкіметтің отставкаға кетуі – кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге себеп бола алмайды. Керісінше, парламент сайлаған жаңа премьер-министр жаңа кабинетті жасақтайды. Еуропадағы бізге белгілі мерзімнен тыс сайлау Польшада 2010 жылы президент Лех Качиньскийдің қайтыс болуына байланысты өткізілген. Дегенмен, дәл қазір Германия да осы мерзімнен тыс сайлау тәжірибесіне жүгінуі әбден мүмкін екен. Осы елдің канцлері Ангела Меркельдің дәуірі аяқталып келе жатқандықтан,  бұл елде де кезектен тыс сайлаудың өтуі ықтимал. 

  Қазақстандағы сайлаулардың жалпы сипаты өзгеше. Сарапшылардың айтуынша, 90-шы жылдардан бергі кезеңде президенттік сайлау өз мерзімінде тек 2005 жылы өткен екен. 2007 жылы парламент тұңғыш Президентке сайлауға шексіз түсуге келісім беру туралы шешім қабылдады. Саясаттанушылардың пайымдауынша, ең тартысты сайлау 1999 жылы өткен. Сол додада Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылар дауысының 81 пайызыны жинаса, оның басты қарсыласы Серікболсын Әбділдинге халықтың 13 пайызы қолдау көрсеткен екен.  Биыл 78 жасқа толған Н.Назарбаевтың 2015 жылдың сәуірінде өткен соңғы сайлауда сайлаушылардың 97,75 пайыз дауысына ие болып, айқын басымдықпен жеңіске жеткені белгілі.

 Президенттік сайлаудың  кезектен тыс өтетіні жайлы ойларға соңғы кездері болып жатқан  түрлі процестер әкеп тірейді. Біздің білуімізше, жер-жерде парламенттік және мәслихат сайлауына дайындық басталып та кетті. Президенттік сайлау науқанының қоса өткізілу мүмкіндігіне байланысты сарапшылар келесідей себептерді алға тартуда. Экономистер 2019 жылғы экономикалық жағдайдың күрт нашарлау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Әлемдік нарықта шикізаттың, ең әуелі мұнай мен металлдың бағасы арзандай түсетіні болжанып отыр. Демек, Қазақстан сияқты шикізатқа тәуелді елдердің жағдайы қиындай түспек. 

Мұндайда президенттік сайлауды өткізу билік үшін күрделене түсетіні рас. Мұнайдан түсетін табыс көлемінің азаюы әлеуметтік қиындықтарға ұласуы мүмкін екенін ескерсек, маңызды саяси науқанды кейінге шегерместен, неғұрлым ертерек өткізіп жіберу тиімді болмақ. 

Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев мерзімінен бұрын болатын сайлаудың бірқатар симптомдарын келтіріп отыр:  «Жалпы алғанда, сайлауға деген дайындық біраздан бері басталып кетті. Сайлау комиссияларының құрамы жаңаруда. Оның үстіне Президент соңғы кезде тым белсенді режимге көшіп, маңызды әлеуметтік мәселелер бойынша түрлі іс-шаралар мен басқосулар өткізуде.  Мұның барлығы – елде болғалы тұрған кезектен тыс сайлаудың симптомдары. Ал нақты мерзімге тоқталсақ,  дода келер жылдың алғашқы тоқсанында өтуі мүмкін деп ойлаймын» дейді ол.  

Қалай болса да, «тартысты сайлау өтетін болды» деп алақан ысқылаудың ешқандай реті жоқ.  Бұл жолғы сайлауда да Назарбаевқа қарсы мықты қарсыластың  табыла қоймайтыны айдан анық. Контрэлита жоқтың қасы. Оппозиция өкілдерінің басы сол күйі бірікпей қойды. Соңғы жоба – «Жаңа Қазақстан» қозғалысының белсенділері бірді-екілі жиын өткізгенімен, кейінгі қадамдары жалғасын таппады. Соған қарағанда, биліктің өзі бекіткен бірнеше үміткер тіркеліп, президенттік сайлауды аман-есен өткізіп алу мәселесі ғана тұр. Әрине, егер Н.Назарбаевтың өзі сайлауға түсер болса. Бұл мәселенің де басы ашық емес. Дәл қазір саясаттанушылардың арасында «Назарбаевтың сайлауға қатысатыны не қатыспайтынын нақты бір ғана адам біледі – ол Назарбаевтың өзі» деген әзіл-шыны аралас әңгіме жиі айтылып жүр.  

 Саясаттанушы Расул Жұмалы да биліктің белсенділігін байқап, үлкен іс-шараға дайындықтың басталып кеткенін алға тартуда. «Классикалық тұжырымдар тұрғысынан алғанда мерзімнен тыс сайлаудың анық белгілері байқалмайды. Дегенмен, біздегі барлық дерлік парламенттік және президенттік сайлаулардың мерзімінен бұрын өткізілгенін ескерсек, бәлкім, 2019 жылы да сол сценарий қайталануы бек мүмкін. Қазіргі ахуал мен бұрынғы тәжірибеге сүйене отырып қандай-да нақты болжам айтудың өзі қиын. Дәл қазір мерзімнен бұрын президенттік сайлауды өткізу мүмкіндігіне 50/50 пайыз деген баға берер едім», деп ойымен бөлісті Р.Жұмалы. 

 Расында, биліктің күзден бергі белсенділігі күрт артқанын байқаймыщ.  Елюасының жұмыс сапарлары, халықтың көңілінен шығатын шешімдер (жалақыны өсіру, тарифтерді төмендету және т.б.), бір жылда екі рет жарияланған Жолдау – мұның барлығы биліктің, бірінші кезекте Президенттің  имиджін жақсартуға бағытталған қадамдар екені жасырын емес. 

 "Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мұздыбеков пен Меңдіқұлов отпен ойнап отыр ма? - Елдегі дүрбелең осы газ дауынан басталған еді
  • Қазақстанды мұрагер елесі кезіп жүр
  • «Шетелден бір-ақ шыққан шенділер»: Елші болу өсу ме, өшу ме?
  • Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: «Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек»
  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер