Жетісайлық полицейлер жол ережесін бұзған жүргізушіні жауапқа тартты. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Instagram» парақшасының бірінен «Лада Приора» маркалы автокөлігінің жүргізушісі, жол жүрісі ережесін өрескел бұзғаны туралы бейнежазба жарияланған болатын. Жетісай АПБ-нің қызметкерлері бейнежазбадағы жүргізуші кім екенін анықтау мақсатында жедел әрекет етті. Жан-жақты жүргізілген іздестіру шаралары нәтижесінде, «Лада Приора» автокөлігін басқарған жергілікті тұрғын, жас жігіт болып шықты.
Жүргізушіге жол ережесін бұзып, авариялық жағдай туғызғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 606 бабы 1-бөлігімен, маневр жасау ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 595 бабы 1-бөлігімен хаттама толтырылды. Сонымен қатар, тексеру барысында жүргізуші куәлігін алмай көлік құралын басқарғаны анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 612 бабы 2-бөлігімен көліктің техникалық тексеруден өтпегені анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 590 бабы 9-бөлігімен хаттама толтырылды.
Жас жүргізуші жасаған әрекетін мойындап, сол үшін көпшіліктен кешірім сұрады. Сондай-ақ алдағы уақытта бұндай жағдайды қайталамауға уәде берді.