Жақында Ордабасы ауданында тәрбиелік мәні зор іс-шара өтті. Аудандық орталық кітапханада «Түркілер төрі Түркістан» жобасы аясында тек Түркістан облысында емес, бүкіл Қазақстанға танымал жазушы Мархабат Байғұттың шығармашылығы желкілдеп өсіп келе жатқан мектеп оқушыларына таныстырылды. Кітапхана ұжымы жазушының шығармашылығы мен өмірінен сыр шертетін«Туған жерге тамыр жайған тарланбоз» атты кітап көрмесін де жасады.
«Түркілер төрі Түркістан» жобасының Ордабасыда жалғасуы бекер емес. Ордабасы – бүкіл қазақ халқы үшін маңызы зор мекен. Ордабасы – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін қазақ халқы қайта еңсесін тіктеп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», жауға қарсы аттанған жері. Ордабасыдағы Бірліктөбе ХVІІІ ғасырда үш бидің бастамасымен үш жүздің бектерінің, игі жақсыларының, батырлары мен сарбаздарының басы қосылып, жоңғар шапқыншыларына қарсы күш біріктіруге үндеген жер.
Ордабасы жерінде 1993 жылы үш елдің – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттерімен бірге 150 мың адамнан құралған 20 елдің делегациясы қатысқан басқосу нағыз бірлікке үндеген маңызды, тарихи оқиға болды. Аталмыш жиында Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Береке басы – бірлік» деген баяндама жасады. Баяндамада ел болуды көксеген ұлы арман-мақсат, мүдделер айтылды. Баспасөздер сол күндері жиында айтылған «Ордабасы – қазақ рухының қағбасы» деген Әбіш Кекілбаевтың, «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деп өз ойын тұжырымдаған Мархабат Байғұттың сөздерін жария етіп жатты. Ассамблея құру туралы идеясын да 1993 жылы тұңғыш Президент Ордабасыда айтты. Сол идеялар бүгінде жүзеге асырылып, өз нәтижесін беріп келеді. Сондай-ақ Ата заңымыздың 15 жылдық мерейтойында тұңғыш Президент халқымыздың бас қосып, Дала Парламентін жасаған киелі орындарды да тілге тиек етіп, еңселі елдіктің іргесін бекіткен жерлерді ұмытпау қажеттігін айтты. «Конституция – біздің арайлы азаттығымыздың айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары! Ол – елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары! Қастерлі тарихымызда түрлі ел билеу жосықтары болған. Аталы кесімге, әділ шешімге тоқтаған дана халқымыз түрлі жарғыға, низам мен ережеге бағынған. Ордабасы мен Ұлытауда, Мәртөбе мен Күлтөбеде келелі кеңес құрған. Заңды басшылыққа алып, орталыққа ұйысқан сайын берекелі халқымыздың бірлігі нығая түскен. Бұлар – сол тұстағы еңселі елдіктің ерекше белгілері еді», деген еді Н. Назарбаев.
Содан бері талай жыл зуылдап өте шықты. Бүгінде Ордабасы сол биігінен төмендемей, қазақ руханиятында рөлін жоғалтпай келеді. Кітапханада өткен жиында жазушы Захардин Қыстаубаев оқушыларға Мархабат Байғұт туралы қызықты ақпараттармен бөлісті. Оқушылар аға буын өкілінің айтқандарын ұйып тыңдады.
Мархабат Байғұт – Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер жазушы.
Жазушы 1945 жылы 20 мамырда Түлкібас ауданының Пістелі ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Мархабат Байғұт республикалық «Жалын» бәйгесін екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» бәйгесін үш рет жеңіп алды. Ол – облыс әкімі «Бауырмал» сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 1996 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ұсынуына орай «Құрмет» орденімен марапатталды. 2004 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2007 жылы «Облыстың құрметті азаматы» атағы берілді. Жазушының шығармашылық процесте көркем образ сомдауы, яғни характердің әуелгі қалпына толық мүсінделер шағына дейінгі даму жолын зерттеу қиялдағы кейіпкердің сыртқы кескіні туралы анық та кең ұғым жасай білуден басталатын тәрізді. Жазушының қарапайымдылығы жан дүниесінің тазалығында болса керек. Мархабат ағаның бұл қасиеті жөнінде жазушы әріптесі, ақын Байдулла Қонысбек былай деп ой қозғайды: «… Ұзақ жылғы қарым-қатынастан байқағаным – Мархабатпен сөйлесе қалсаң, демаласың. Рухани тазару, рухани қуаттану әлеміне енгендей боласың. Сабырлы кейіппен асықпай қараңызшы, Мархабаттың жүзінен нұр төгіліп тұрады. Бұл – адамдарға, достарға деген мейірім нұры, ыстық ықылас пен сүйіспеншілік шуағы». Шынында да қаламгердің сөз қолданысында, тіл өрнектеулерінде жасандылықты, жаттандылықты кездестіре бермейміз. М. Байғұттың кез келген әңгіме, повестерін оқи қалсаңыз, өмірдің бір қиянына апарып ойландырып, қайтадан өз тіршілігіңе оралдырып қайта толғандырады. Жазушы шығармаларын оқи отырып, кейіпкерлер әлеміне еріксіз сүңгисің: Тәжен мен Ноқтабай ерегіскенде, арасына түсіп, екеуін достастырғың келсе («Интернаттың баласы» әңгімесі), енді бірде жанып жатқан составты құтқармақ болған Иванды өрттен өзің алып шыққың келеді («Дос пейілі» әңгімесі), ал көршісі ерлікпен қаза тапқан ұлының жылын өткізгелі жатқанда ерегіс шығаратын Келденге жекіп тастағың келіп тұрады («Үш үй» әңгімесі). Көркем шығарма материалы – тіл. Автор тілі қарапайым. Жалған жылтырағы жоқ, характер ашарлық табиғи тіл. Әрбір тілі өз орнында тұрып-ақ табиғи міндетін атқарады. Сондықтан жазушының шығармаларында алдымен басты назар аударатыны, ден қоятыны – Адам.
Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық, достық, махаббат, кішіпейілділік, төзімділік, имандылық, шыншылдық, мейірбандық, қайырымдылық сияқты адамгершілік құндылықтар – рух қажеттілігі мен рухани азықты толықтыратын асыл қасиеттер. Рух қажеттілігі мен рухани азық тапшы осынау заманда жанға азық, көңілге медеу болар дүниені көркем әдебиеттен іздейміз. Іздеген дүниеңді Мархабат Байғұт шығармаларынан табасың да. Ғылым мен техника өсіп, дамыған сайын адам баласы да, оның ішкі дүниесі де соншалықты күрделене түседі. Осы күрделене түскен адам баласының жан дүниесін танып білуде онымен арнайы айналысатын көркем өнер. Әдебиеттің мүмкіншілігі молырақ. Әдебиет – адамның ішкі жан дүниесін танытады. Осы тұрғыдан алғанда жазушының: «Интернаттың баласы», «Таудағы аңдыз», «Патефон», «Үш үй», «Дос пейілі», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Қозапая» повестері мен әңгімелер атын атап, түсін түстеп айтуға тұрарлық. Жақсы кітап оқысаң жаныңның жадырап, мол табысқа кенелгендей сыршыл бір күй кешетінің бар. Шығарма шеберлігінің арқасында ондағы әрбір кейіпкер сенің таныс-бейтанысыңа айналар еді. Таныс болатын себебі, әлгі кейіпкер типтес адамдарды қарапайым тірлікте өзіңнің де жиі кездестіріп жүретініңнен. Бейтаныс дейтініміз, оның бойындағы тұтасқан мінез бен сол мінезді ашар детальдардың сен үшін сонылығы, оқырман ретінде бір тұжырымға келіп үлгермеген идеяларыңның кейіпкер іс-әрекеті арқылы тосын қырынан ашылып жатуы. М. Байғұтовтың «Интернаттың баласы» повесін оқу үстінде де талай-талай таныс-бейтаныс кейіпкерімізбен сырласып, ой бөліскендей болдық. Жазушының бұл повесінің тақырыбы – жасөспірімдер өміріне, солардың өсіп, қалыптасу сәттерін ашуға құрылады. Повестің негізгі идеясы өзінің діттеген жерінен шыққан. Жас адамның қалыптасу кезеңіндегі жақсылыққа, ізгі қасиеттерге деген ұмтылысы, жасөспірім балалардың өмірдің күңгірт жақтарымен өз жасына лайық дәрежеде күресе білуі оқырманын шуақты бір сезімге бөлейді. Негізгі кейіпкер Ноқтабайдың сөзі осы идеяның түйіні тектес: «Тағдыр бізді талай ренжітті ғой, Нұрила. Мұным рас қой? Тағдыр көп ренжітті мені, сені, тағы басқаларды. Бірақ біз – мен, сен, Еркінбек, Тәжен, жаман тонды Жақсыбай, Бейсен фельдшер, тағы басқалар тағдыр ренжітті деп өмірге, уақытқа ренжіп көрмеген екенбіз, ойласам. Сөйтіппіз! Ренжімеппіз. Сонымыз жақсы, дұрыс болған екен-ау, Нұрила! Мен соған қуанамын». Ал, әлгі айтылған «өмірге, уақытқа ренжімеудің» арғы жағында терең азаматтық ой бар емес пе!
Жазушының «Төрт томдық шығармалар жинағы», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек» жинақтарына енген лирикалық шығармаларының әрқайсысы өзінше бір талдауды қажет ететін дүниелер. Сол лирикалық шығармаларының бірі – «Таудағы аңдыз». Повестің көтеретін жүгі – 1965 жылдардағы мектеп өмірі мен адамгершілік, достық пен махаббат. Алғаш бұл шығарманы қарасақ, тақырып оқиғаға онша қатыспайтын сияқты болып көрінеді. Ал бүкіл шығарманы оқып шықсаң, тақырыптың өте жақсы қойылғанын аңғарасың. Автор мұнда екі оқушы баланың, Бауыржан мен Оқастың балалық шағынан бастап белгілі азамат болғанға дейінгі тіршілік-тынысын, өмірге деген көзқарасын, адамгершілік қасиетін қатар қойып, салыстыра отырып, өте нанымды етіп суреттейді.шығарманың негізгі оқиғасы орта мектепті бітірушілердің 20 жылдығына бас қосудан басталады да, автор сонша жылдан кейін шегініс жасап, базары мол балалық шақтың қызығы көп күндеріне көңіл бөледі. Оқушылардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, бір арнаға түсіру үшін шыр-пыры шығып, жан-тәнімен кірісіп жүрген класс жетекшісі Есқали Сәрсеновтің образы шығармада өте жақсы шыққан. Ол тек мектеп өмірі мен бала тәрбиесіне ғана араласып қоймай, совхоздың шаруашылық жұмысына да қолғаьыс тигізеді. Автор өзінің осы лирикалық повесінде әр кейіпкерлердің характерлеріне жеке-жеке тоқталып жатпайды. Боздақ жасында қыршын кеткен Бауыржанның сонау тау қойнауындағы бейітіне бару-бармау жөнінде класс ішінде тараған дау-дамайға әр кластастың қосқан пікірі, айтқан ойларына байланыстырып-ақ шығарма бойында әрбір кейіпкердің бейнелік, мінездік алғашқы ұшқындарын аша түскен.
Негізі, жастарға арнап шығарма жазу қиынның қиыны. Барлық адам базарлы балалық шақты басынан өткізеді, бірақ көбісі балғын сезімді бойда сақтап, жадында ұстап қала алмайды. Мына бір нақыл сөзді келтіре кетейін: «Таңдамасаң жастай жолдың дұрысын, жас болып та көрген күнің құрысын!» Сондықтан да болар, жастарға арналған шығармалар арасынан шынайысын кездестіру жиі емес. Мархабат аға өз шығармаларына жасөспірім өскіндерді арқау еткенімен, көтерілген мәселелер ересектер үшін де қажет. Алпысыншы-жетпісінші жылдардағы халықтың қамқоршы, кеңпейілді, дархан көңілі, жомарт жаны – қоғамның негізгі байлығы емес пе? «Колхоз» бөлген азын-аулақ қаржысы жетпеген соң, өз үйіндегі барын қоса беретін Әсем апа көңілі мен бүгінгі жарқыраған, зәулім, биік үйде орналасқан балалар бақшасының меңгерушісі, бір көргенге «аса кішіпейіл, білімді, сұлу, мәдениетті» көрінген балқаймақтың : «балалардың аузынан жырып жеген» пейілі салыстыруға келе ме? Автордың да айтар ойы осындай. Сондай-ақ Әсем апайың балаларға айтатын көп ертегілерінің өзінде қаншама адамдық пен адами қасиетті нышаны жатыр.
Мархабат Байғұтовтың кез келген шығармасы мектеп жасындағы жастарға, ұстаздар мен ата-аналарға, тәрбиешілерге бағышталған, адамгершілік-мораль тақырыбына арналған. Үлкен-кішінің құмарта оқитыны содан. Кітапты оқыған сайын жас қауымның жан дүниесіне шуақ құйып, әрқайсысын өз басынана кешкендерін көз алдына келтіріп, қызық –қуанышқа кенеліп отырса ересектер, Мархабаттың өзімен деңгейлес замандастары оқығанда, еріксіз езу тартып, шығармадағы оқиғаға іштей өзі араласып, кейде қуанып кейде қамығып отырады. Мұның басты себебі –шығармасының шындығында, құнарлы тілінде жатса керек. Мархабат Байғұт – қарапайым тілмен, жеңіл баяндап отырып-ақ характер ашып тастайтын суреткер. Мархабаттың сөз қолданысынан, тіл өрнектерінен жасанды, жаттанды тіркестерді кездестіре бермейсіз. Мархабат сөзді қарапайым, табиғи күйінде қолданады. Мархабат Байғұт шығармаларының шынайылығын дәлелдей түсу үшін жазушының 2001 жылғы «Замана» газетінде берілген сұхбатынан үзінді алып отырмын: «Киікоты» әңгімесі «Жазушы» баспасынан шыққан «Қорғансыз жүрек» атты кітабыма енген еді. Алғаш ол «Қазақстан әйелдері» журналында жарияланған. Киікоты деген шөпті сұраушылар, іздеушілер, жай ғана көргісі келетіндер көбейген еді сонда. Тіпті бір әжей сонау Қарағанды облысының Нұра ауданынан іздеп келіпті. Ақпанның қақаған аязды күнінде, екі тәуліктей уақыт поезбен жол жүріп, қалада да адасып, бір күн бойы мені іздеп, ентіккен сол кейуана әлі көз алдымда. «Киікотын бір иіскесем, жиырма жеті жылдық науқасымнан жазылып кететін сияқты болдым да тұрдым», — дейді әжей. Бір бума киікотін ақ матаға орап алып, сыртынан қайта-қайта иіскеп, ертеңіне пойызға қайта отырып кете барды» … Міне, әдебиет құдіреті, сөз құдіреті деген осы.
Ал М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлзия Пірәлінің айтуынша, Мархабат Байғұттың шығармалары тым терең. М. Байғұт өте сезімтал, аңғарымпаз суреткер. Ол рентген секілді адамның ішкі жан-дүниесіндегі психологиялық сезімдік, эмоцияналды құбылыстарды қалт жібермей бақылап, тап басып бейнелеп отырады. Тіпті, одан «Дауыстың түсін де» жасыра алмайсыз. Сөзіңіз бен қимыл-әрекетіңіздегі елеусіз сәтті де, ішкі дүниеңдегі астан-кестеңі шыққан жасырын құпия сырларды да жан тамыршысындай жайып салып отырады. «Дауыстың түсі» деген әңгімесінде оқуды бірге бітірген екі маманның бірдей қызметке келіп, бірі тез өсіп, бірі сол отырған қалпында қалып қойған достар диалогындағы дауыс түстері арқылы олардың ішкі құпия сезімдері, жан арпалыстары ашылады. Адамдар арасындағы бәсекелестік, күншілдіктің ақыры неге апарарын, ол адамның мінезін ғана емес, тағдырын да тығырыққа тірейтін қасіретке әкелетінін нақты әдеби фактілер, кейіпкерлердің өкінішті өмірі арқылы бейнелеп береді. «Алғаш осы қалаға келгенде апта сайын бас қосып, бірге шай ішпесе, бірін-бірі аңсап тұратын еді. Бірте-бірте аралары алыстады...кейін телефон арқылы сөйлесіп тұрып, бір-бірінен ертерек құтылуға тырысатындай болып көрінетін. Оның үнінен ештеңе аңғара алмай дал болатын кейде. Өз даусынан өзі іш жиятын» деген сөздері арқылы Есмақанның таза адал пейілін өзінің көрсоқыр пасықтығы пернелеген Еңсебек Әсіловтің опасыздығын автор осылай әшкерелейді. Шағын жанрдағы шып-шымыр сюжет – екі достың дауыс құбылыстарының құбылуына құрыла отырып, мансап жолында өзгерген мінез-құлқын мінейді. Өз кейіпкерлерінің жан дүниесіндегі өзгерістерді осылай дамыта, күрделендіре отырып бейнелейтін жазушы адамзат табиғатындағы кереғар екіұдай сезімдерді де барынша зерделей біледі. Психолог жазушының суреткерлігі міне осындай ұсақ детальдарды дәмді пайдаланудың нәтижесінде әрбір әрекеттің нанымдылығына қол жеткізеді.
М. Байғұттың жаны өзінің «Нәуірзегіндей» нәзік болғандықтан балаларға арналған шығармалары да бір шоғыр. Атап айтсақ, «Интернаттың баласы», «Таудағы андыз» повестері мен «Қозапая», «Тоғызыншы сынып», «Жоғалған жұрнақ» атты әңгімелері. Алайда, автор үшін жанрдың үлкен-кішілігі қаншалықты маңызды болмаса, кейіпкерлерінің жас шамасы да оны толғандырмайды. Оны толғандыратын бір ғана мәселе – адам тағдыры. Шағын әңгімесіне де романға бергісіз сюжетті, яғни, мінез-құлықты, мың тағдырды сыйдырып жіберсе, балаға да бүкіл адамзатқа тән адами қасиеттерді дарыта алады. Оларды да өз шамасына шақ мұңы бар, шері бар, қуанышы мен күлкісі бар кейіпкер ретінде жүрегіңді жаулайтындай табиғилықпен, нанымдылықпен бейнелейді. Сондықтан да, қаламгердің туындылары барлық жастағы оқырмандарға ой салып, жанын қозғайды. Бұдан артық қолына қалам алған қаламгер үшін бақыт, сірә болар ма?
Мархабат Байғұт кейіпкерлерінің аттарының өзі олардың табиғатын танытып, мінез-құлқын айшықтап отырады. Мәселен, «Жалпыдан жырылған жалқы» атты әңгімесіндегі Пақырдиннің көзімен кестеленген жоғары оқу орындарындағы қабылдау комиссиясының мүшелері шегір көзді сарының Қадалған, сазару жағын жақсы меңгерген жігіттің Сазарған, үнемі сәл күлімсіреп отыратын келіншектің Сәл-Күлім атануы олардың характерін де айна-қатесіз ашады. Оның кейіпкерлері өзгеге ұқсамайтын оқшау іс-әрекеттерімен, тобырдың ішінде жүріп кісікиіктік танытатын тосын тіршіліктерімен оқушы ойында қалады. Осы әңгімедегі «жалпыдан жырылып жүрер жалқы күйде, жабысқы шөптей тырмыса тірлік кешетін» Пақырдиннің тамыр-танысы жоқ, тек жоқтау жанры туралы жақсы шығарма жазған қызға «он-он бес жылда қойылмаған «5» деген бағаны қойып сенсация жасауы соншалықты сенімді. Не шықса да осындай пақырлардан, өзге жұртқа жұмбақ, түсініксіз жандардан шығатыны белгілі емес пе? Алайда, Пақырдиннің парасат пайымы алдамапты: «...Естуінше, ауызша емтиханда әлгі қыздан ерекше сұралған көрінеді. Тіл жөнінен Тең-Төрайым, әдебиет жөнінен Сазарған екеулеп тергеген тәрізді. Бірақ, «бес» қойылған шығарманың иесі бірде бір сұрақтан мүдірмеген деседі». Міне, осы қыз ғана Пақырдиннің өзгеге түсініксіз табиғатын ашып береді: «– Оқуға түсетін жылы жалғыз ағамнан айрылып едім, – деді әлгі қыз. – Ауылда тракторшы еді. Сенетін ешкімім жоқ еді, ағай... Сөйтсем, сіз секілді адамдар да бар болып шықты ғой, аға..ай...Рақмет, көп рақмет, ағай!» («Алмағайып»: Әңгімелер. Алматы: Жазушы, 2001.-200 бет. 17-б). Алайда арада оншақты жылдар өткенде сол қыздың қан базардың қызуын қыздырып тұрғанын көргенде қызға емес, қоғамға, әділетсіздікке іші удай ашыған Пақырдин пақырдың жанарынан жас парлауы да осындай кесек кейіпкерге тән мінез болмыс екендігін еске салады, автор. Мархабаттың мөлдіреген көркем мәтіндері сатираның уытты ащы тілімен әдіптеліп, қоғамдағы осындай олқылықтарды әшкерелейтіні әдепкі дағдыға айналғалы қашан. Алайда, олардан жалған патротизмді емес, осындай елеусіздеу оқиғадан өз дәуірінің барлық қайшылықтарын шеберлік ұстаханасында 100 пайыздық ыстықта қайнатқан шындықты байқаймыз. Ешкімнің алдында бас имегенімен шарасыз сәттері көп болып ары алдында алуан түрлі күй кешіп жан азабына түсетін кейіпкерлер тағдыры да сауатты, кәсіби деңгейде суреттеледі. Шағын жанрдың шын шебері атанған Мархабат Байғұт сөйтіп өз ортасында әділдігімен әпенде атанып, ерсі, қайшы, қым-қиғаш ерекшеліктерімен «Жалпыдан жырылған жалқы» қалпында жүретін Пақырдиндердің жырым-жырым болған жүрегін, жанын, жалынды ойын терең талдап береді. Оймақтай ой арқылы дүйім жұртты дауға қалдырар дәуір дерттеріне дәрі (шипа) іздеген жазушы осындай күрделі табиғаты бар кейіпкерлер галереясын ұзын арқау, кең тұсаулы күрделі жанр-романға сюжеттік желі етіп, желімдетіп, көлемін ұлғайтып беруіне де болар еді. Бірақ жазушының өзі де кейіпкерлері секілді Пақырдиннің біреуі болса не етерсіз.
Тынымсыз еңбектің тарланбозы Мархабат Байғұт қазақ әдебиетіндегі өз тақырыбын, өз қаламына тән стильдік өрнегін, ой орамдарын, мәнер-машығын тапқан суреткер. Әсіресе, М.Байғұттың бүгінгі қазақ прозасына оңтүстік өңіріне тән диалект сөздердің дәмін кетірмей енгізуі де сүйсінерлік құбылыс. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің осы облыстарды аралағанда әрбір жергілікті сөздерді жазып алып, оларды өз очерктері мен шығармаларына шұрайландыра, тың тілмен өзгеше өрнек дарытып берулері әдеби тіліміздің байлығын қордаландырғанын ескерсек, Мархабаттың да оған қосқан үлесі қомақты. Жазушының осы күнге дейін жарияланған 7 повесть, 100-ден астам әңгімелері бүгінгі қазақ прозасының да жеткен жетістігі.
Ал замандас қаламдасы Нармахан Бегалиев Махаң туралы: «Мен деп көкірегін ұрған жоқ. Жасайтын тірлігін үндемей жүріп жасады. Шығармалары да сондай. Әдеби дүниелерінде болсын, мақалаларында болсын «мен» деген сөз кездеспейді. Байқасаңыздар, не кейіпкердің атынан, не басқа біреудің атынан сөйлейді. Мархабаттың осы әдісін ойлап отырып, ойыма орыстың классик жазушысы Андрей Платоновтың «Без меня народ не полный» дейтін сөзі түседі. Шын мәнінде біздің Мархабатымызсыз қазақ прозасы толық емес деп айтқан болар едім. Мархабаттың ерекшелігі тақырыпты жақсы таңдайды. Жазғанда құйқылжытып көңіліңді басқа жаққа бұрып жіберіп, қайтадан арнаға әкеліп түсіреді. Бұл – оның шеберлігі! Біз Абайдың мерейтойына енді кірісіп жатсақ, Мархабат әлдеқашан «Егемен Қазақстанның» бетінде ұлы ақынның «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дегенін талдап жазып қойған», - деп жазушының ерекше қырларына тоқталған.
Ал журналист Жамила Мамырәлі Мархабат Байғұттың жастарға қамқор екендігіне ерекше тоқталып өткен.
«Мархабат аға Байғұт жайлы айтқанда оның ең алдымен ардың ісі әдебиетке адалдығын, тазалығын атап өткен орынды. Шығармаларына көбіне ауыл өмірін, қарапайым тіршілікті, қазақы қалжыңды өзек етіп алатындығымен ерекшеленеді. Биязы, сыпайы, аңғал, қулық-сұмдықтан ада, кіршіксіз таза пейіл, аңқылдаған ақ жарқын мінез... Мархабат ағаның шығармаларындағы кейіпкерлердің болмысы, бітімі осындай. Басты кейіпкер, қосалқы кейіпкер болып бөлінбейтін, барлығы да бірін-бірі толықтырып, мінез-құлқымен оқырманға рахат көңіл-күй сыйлайтын шығармадағы ауыл адамдары күніге көріп жүрген өз туысыңдай көз алдыңа келе көлбеңдеп келе қалады. Оқырманға осындай көңіл күй сыйлаудың өзі, әңгімедегі оқиғаға куә болғандай әсер қалдыруы қаламгердің шеберлігі. Әдебиетке қызыға бастаған шағымызда М. Байғұттың «Бір дорба диплом», «Шел», «Уран ұрған», «Дауыстың түсі» атты әңгімелерін оқыдық. «Дауыстың да түсі болады екен-ау» деп жүргенімізде «Машаттағы махаббаты» «айналдырып», «Ақпандағы мысықтары» қызықтырып әкетті. «Әкім кеткен күні» әлі ойландырады-дүр. Көркем шығармаларынан бөлек М Байғұттың қоғам шындығын айтатын публицистикалық шығармаларының өзі үлкен дүние. Ағаның қоғам қайраткерлігі туралы да айтпай кету әбестік болған болар еді. Ол мемлекеттік тілдің көсегесін көгертемін деп жүрген азамат. Қазір тіл мәселесі туралы айтатындар көбейді ғой. Аллаға шүкір. Санасы ояу азаматтардың қатары көбейгені бұл. Ал Мархабат аға сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басындағы қазақ тілінің қыл үстінде тұрған тағдырына арашашы болды. Со заманда-ақ, мемлекеттік тіл етуге мұрындық болды. Бұл «майданның» ыстық-суығына төтеп беріп әлі жүр. Талантты жастарға қамқоршы болу Мархабат ағаның өзгеге үлгі етер өнегесі. Рас, өскелең жас талапкерлердің арасында прозадан гөрі поэзияға бүйрегін бұрып тұратын, ебі барын байқатып жүретіндер көп. Бірақ Мархабат аға оларды бөліп-жармайды. Әдебиетке жаңа келген жас таланттың тырнақалды дүниесінің өзіне балаша қуанатыны бар. Іштарлық, тобықтан қағу дағдысында жорқ, ол жастардың жасындай жарқырағанын шын пейілмен қалайтын қаламгер. Әрине, әдебиетте ойып орын алмаған , сын сүзгісінен өтуге әлі жүрексінетін біздей талапкер жастарға Мархабат аға жайлы бүгін көсіле айту мүмкін емес. Түсінігіміз жеткенмен, көкейге түйгеніміз әлі аз. Дегенмен, дәл осы күні классик жазушылар сапына қосуға әбден лайық қаламгер – Мархабат Байғұт жайындағы аз-кем ойымыз осы», - дейді Жамилә Мамырәлі.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, жазушы Сарманбай Исақ:
«М. Байғұт - өмірдің нәзік қырлары мен сырларын тек өзіне ғана тән призма арқылы көретін жаңа ғасырдың өзгеше, ерекше дарынды жазушысы. Бүгінгі таңда жазушы шабыттанудың биік белесіне көтеріліп, қазақ прозасына жаңаша жазу тәсілі мен стилін қалыптастырып үлгерді. М. Байғұт жазушылықпен қатар журналистика саласында да өзіндік бет – бейнесін танытып, қазақ журналистикасының жаңа биікке көтерілуіне қомақты үлес қосып келеді» деген екен.
Мархабат Байғұтқа Ордабасы жұрты зор қошемет көрсетті. 15 жасынан билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен елге танылған, халық арасында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деген атпен танымал, қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері, жастайынан қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алған Төле би туралы ерекше шығарма Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған" Темірлан“ халық театры өнерпаздарының сахналануымен көрермен назарына ұсынылды. Іс шарада сонымен қатар М. Байғұттың "Мен сізді сүйген қыз едім" шығармасынан үзіндіні Ләйла Ыбрахым нәшіне келтіріп оқыса, С. Айтбаев "Қалыпбектің әңгімесі" шығармасын жоғары дәрежеде көрерменге жеткізіп, іс шара мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.