Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова министрліктің кеңейтілген алқа отырысында кейбір азаматтар заңнамалық олқылықтарды пайдаланып, әлеуметтік төлемдерді жасанды түрде арттыруға тырысқанын мәлімдеді деп хабарлайды rgmedia.kz тілшісі. Министрдің айтуынша 2024 жылы 1,4 млн азаматқа 958 млрд теңге төленген. Жүктілік және босануға қатысты төлемдерге шектеу қойылмағандықтан, кей азаматтар табысын жасанды түрде көбейтіп, жоғары мөлшерде төлем алу үшін түрлі заңсыз схемаларға жүгінген.
"Бұл жүйеге адал қатысушылардың әлеуметтік аударымдарын қайта бөлуде әділетсіздікке әкеп соғады", – деді министр.
Осы жағдайға байланысты 113 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олардың заңсыз жолмен алған төлем сомасы 158,4 млн теңгені құраған. ұған қоса, 2024 жылдың қыркүйегінен бері 1,5 мыңға жуық азамат өз еркімен табысын жасанды түрде көбейткенін мойындап, мемлекетке 3,4 млрд теңгені қайтарған.
Министрлік бұл мәселені шешу үшін заңнамалық бастамалар топтамасын әзірлегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа реформалар алдағы 10 жылда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.