Төлеби ауданы, Көксәйек ауылында орналасқан Түркістан көпсалалы-техникалық колледжі теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, 600-ден аса болашақ білікті мамандарды оқытып жатыр. Болашақ мамандарға кәсіптік-техникалық білім беріп, іскерлік дағдыны үйретіп қана қоймай, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуын қолға алған оқу орнының 60 жылдық тарихы бар. Кеңестік кезеңде құрылған білім мен кәсіптің ордасы жылдар бойғы жинаған тәжірибесін жоғалтпай, заман талабына сай оқушыларды білім нәрімен сусындатып келеді.
1958 жылы құрылған оқу ордасы алты мамандық бойынша 614 студентті оқытуда. Оның ішінде дәнекерлеу ісі, автомобиль көліктеріне техникалық қызмет көрсету, тігіншілік, ферма шаруашылығы, оператор, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандықтары бар. Колледж еңбек нарығындағы білікті мамандар тапшылығын жойып, сапалы маман дайындау жолында тынбай жұмыс істеп келеді. Студенттердің сауатты білім алуын оңтайландырып қана қоймай, кәсіби маман болып шығуы үшін бар жағдай жасалынуда. Осы мақсатты қолға алған оқу орнында білімгерлерді 40-тан астам оқытушы кәсіби тұрғыда даярлауда. Болашақ білікті экскурсоводтарды даярлап шығу үшін келесі жылдан бастап туризм саласы бойынша оқыту қолға алынуда.
- «Туризм саласын оқытудағы басты мақсатымыз болашақ экскурсоводтарды даярлау. Жалпы, ауданымызда туризм саласы қарқынды түрде дамуда. Түрлі демалыс орындары, шаңғы базалары, атпен серуендеу, таудың ар жағы мен бергі жағындағы адам аяқ баспаған жердің бәріне экскурсоводтар қажет. Мысалы, Алматы, Астанада оқып келген экскурсоводтар бұл жердің жағдайын осында кіндік қаны тамып, туып өскен баладан артық біледі деп айта алмаймын. Өйткені, ол бала ата-бабасының жанында жүріп, көне қыр жоталардың атауларын естіп, біліп, көріп өсті. Мысалы, біздің Көксәйек табиғаты тамаша Қасқасу, Сайрамсу шатқалдарынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Онда келетін туристер бар, оларға да қызмет көрсетуді тиімді қолға алуды жоспарлап отырмыз. Осы негізде неге біз туризм мамандығында экскурсовод мамандығын ашпасқа деген ой келді. Білім беру департаментінен лицензия алдық. Келесі жылдан бастап алғашқы түлектерді қабылдаймыз», - дейді колледж директоры Болат Жанәбіл.
Студенттердің қолайлы жағдайы үшін 160 орындық жатақхана ашылып, білім алушыларға тынымсыз қызмет жасауда. Онда сырттан келген, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан шыққан студенттер тұрады. Олардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін колледж басшылығы тарапынан жаздық сахна салынған. Колледж ішінде заман талабына сай жабдықталған 23 оқу сыныптары мен 6 өндірістік оқу шеберханасы бар. Өндірістік шеберханалар бүгінде студенттердің алған теориялық білімін тәжірибелік тұрғыда жүзеге асыруы үшін бар жағдайын жасауда. Аталған әрбір мамандықтарға арнайы ашылған өндірістік шеберханалар студенттердің өз бағын сынап, белгілі бір дүниені жасап шығаруына септігін тигізуде.
- «Осы оқу орнында дәнекерлеу ісі мамандығы бойынша білім алудамын. Дәнекерлеу ісі ел ертеңі үшін керекті маңызды мамандықтардың бірі. Сол себепті де осы саланы таңдадым. Біздің оқу орны дәнекерлеу ісін жақсылап үйретіп, біздің болашақ шебер маман ретінде даярлап жатыр. Үш жыл бойы осында тәжірибеден өтіп қолдан әткеншектер, кереуеттер, мангал және шаруашылыққа қажетті құрал-саймандарды жасап шығардық. Дайындаған затымызды тапсырыс берушілерге сатып, оның ақшасына келесі жабдықты жасауға арналған материалдарды аламыз», - дейді 3 курс студенті Дамир Дәуітбеков.
Оқу орнының қарама-қарсы бетінде дәмхана жұмыс істейді. Мұндағы дәмді тағамдар білім алушылардың қолынан шыққан. Студенттер өздері дайындаған тағам түрлерін осында оқитын оқушыларға тиімді бағада сатып, өздеріне қажетті заттарын сол ақшаға сатып алады.
- «Тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша оқимын. Тағам жасауды ұнатамын. Ал жақсы тамақ жасау үшін аспаздық негіздерді білу керек. Оны меңгеру үшін қазір теория мен тәжірибені қатар алып жүрмін. Кәсібімді тереңінен меңгеріп, білікті аспаз болуды армандаймын. Осы асханада ыстық тағамдар, салаттар мен тәтті тағамдарды дайындаймыз. Күнделікті оқу барысында тамақ үлгілері мен оның технологиялық карталарын жасап, оны іс жүзінде қолданып, сынап көреміз. Келешекте осы саланы қолға алып, ісімді жетілдіріп, өзімнің жеке мейрамханамды ашсам деп жоспарлап отырмын» – дейді 1-курс студенті Аяулым Ахматолла.
Мұнда тігіншілікке жаны құмар студенттер үшін де қолайлы жағдай жасалған. Тігіншілікке арналған екі тәжірибелік дәрісхана ашылып, 47 өндірістік тігін машиналары білім алушылар үшін жарап тұр.
- «Мен осы колледжде білім алып жүргеніме өкінбеймін. Себебі, мұнда біз үшін бар жағдай жасалған. Елбасымыз айтқандай, жұмысшы мамандығының қажеттілігі күннен күнге артып келеді. Мұнда тәжірибелі оқытушылардан тігуді үйренеміз әрі оқуымыз үшін шәкіртақы аламыз. Дипломдық жұмысыма қазақы камзолды тігуді қолға алдым. Осы күнге дейін ұстаздарымыздан үйренген сәнгерлік, дизайнерлік білімімді осы жұмысыма арнап жатырмын. Келешекте осындай үлкен жұмыстарды қолға алатын жеке тігін цехымды ашып, тігіншіліктегі өзімнің жеке стилімді қалыптастырғым келеді» - дейді 3 курс студенті Ахметалы Ұлбала.
Спортпен айналысу үшін білімгерлер екі спорт алаңшасымен қамтамасыз етілген. Онда, баскетбол, күрес, футбол, волейбол сынды спорт түрлерімен шұғылдануға толықтай мүмкіндік бар. Мұнда аудандық спорт мектептерінің білікті мамандары келіп қызмет атқарады. Бұл жерде колледж студенттері ғана емес, Көксәйек ауылының тұрғындары да келіп жаттығуда. Сондай-ақ, көлік жүргізу куәлігін беретін курс ашылып «Волга», «Мерседес» жеңіл көлігі сатылып алған. Ауыл шаруашылық фермерлері үшін комбаин, трактор, автобус көліктері, соқа, тырма сынты саймандар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне пайдаланылуда. Тек Шымкент қаласы емес, Нұр – Сұлтан қаласындағы оқу орындармен терезесі тең келетін білім ордасы, заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Жаттығу залдары мен психологиялық орталықтар, Рухани жаңғыру бөлмелері колледж студенттерінің бас қосатын орнына айналған. Кітапханада көлемді кітап қоры бар. Сондай-ақ, «100 жаңа кітап» аталатын әлемдік классиктердің қазақ тіліне аударылған кітаптарының түр түрі бар. Одан бөлек, жаңадан заманауи үлгідегі 160 орындық жатақхана салу жоспары қолға алынуда.
- «Бүгінде елімізде индустриалдық бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Өңірде зауыт, фабрикалар салынып, ауылшаруашылық саласын дамыту мәселесі қолға алынуда. Кеңес Одағындағы кезінде жұмыс істеген мамандардың көпшілігі зейнетке шығып жатыр. Заманауи, жаңа технологияларды, құрал-жабдықтарды меңгерген мамандар сол кісілердің орнын алмастырады. Бастықтар айына орта есеппен 200 мың айлық алады. Ал, дәнекерлеуші сол 200 мың теңгені бес күн немесе бір аптаның ішінде табуы мүмкін. Техникалық білім - баға жетпес мамандық. Жалпы жұмысшы мамандықтары жерде қалмайды. Біздің тұңғыш президентіміз де Украинада кәсіптік-техникалық ущилишеде оқып, содан алған білімінің нәтижесінде ол кісі дүниежүзіндегі әйгілі адамға айналды. Біздің оқушыларымыз Елбасыны үлгі тұтады», - дейді Болат Жанәбіл.
Бітіруші студенттерді жұмыспен қамту мақсатында оқу орны «Шымкент Канди» ЖШС, «Тау Самалы» мен «Біркөлік» сауықтыру орталықтары, «Руниза» сән ательесі, «Фуд Мастер» ЖШС сынды мекемелермен келісім шартқа отырған. Бүгінде, колледжден түлеп ұшқан түлектер осы аталған кәсіпорындарда қызмет атқарып, енді бірі жеке кәсіпкерге айналған. «Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек, осы керектің жолында жұмыс істеу керек», - деген Ахмет Байтұрсыновтың даналық сөзін ұран етіп алған колледж жастарының барлығының көкейінде бір арман, бір мақсат бар.
Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ