Бүгінде елімізде Елбасы Н.Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында жариялаған тапсырмасына сәйкес «Жас маман» жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба «Жастар - ел тірегі» ұлттық жобасының құрамына кіреді. Негізгі мақсаты - сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу болып табылады.
Жоба аясында шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және «Атамекен» ҰКП қатысуымен «Жас маман» жобасын іске асыру жөніндегі комиссия құрылды. Барлық шешімдерді осы комиссия талқылап, қабылдайды. Сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімін анықталып, 180 колледж және 20 ЖОО-ны іріктеу сапа көрсеткіштері бойынша конкурстық негізде жүргізілді.
Биыл республикалық бюджеттен 80 колледжді заманауи жабдықтармен жарақтандыруға 25,8 млрд. теңге қарастырылған. Халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа жабдықтар мен бағдарламалармен колледждерде оқуды бастау ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, ал қалған 100 колледжді келесі жылы жабдықтау жоспарланған. «Жас маман» жобасының нәтижелерінің іске асырылуы барлық мүдделі тараптардың қатысуымен бақыланады. Салалық халықаралық стандарттардың енгізілуіне байланысты кәсіпорындардың жұмыс істеп тұрған қызметкерлерін олардың талаптарына сәйкес оқыту және қайта даярлау бөлігінде кәсіпорындармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатылады. Бұл колледждерге компанияның оқу / тренинг орталығы ретінде қызмет етуге мүмкіндік береді, осылайша колледждің одан әрі дамуына қосымша бюджеттен тыс кірісті қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, құзіреттілік орталықтарының базасында жастарды инновациялық және стартап-жобаларға тарту үшін бизнес-инкубаторлар / технопарктердің жұмысы ұйымдастырылады, онда тартымды жобаларды қаржыландыру үшін бизнес-орта шоғырландырылатын болады. Өткен, яғни 2019 жылы «APEC PetroTechnic» (Атырау) жоғары колледжіне түсуге құжаттарды Қазақстанның барлық өңірлерінен 3000-ға жуық адам тапсырған.
«Жергілікті мұнай сервистік компанияларға жаһандық брендтермен бәсекелесудің қиын болуының бірден-бір себебі - кадрлар біліктілігінің төмендігі. Егер қазақстандық оқу орындары халықаралық стандарттар бойынша кадрларды бірден даярлайтын болса және жұмыс берушілерге жалға алу алдында жас мамандарды «қосымша оқуға» және сертификаттауға тура келмесе – бұл қазақстандық компаниялардың бюджеттеріне түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады, сондай-ақ жергілікті студенттер еңбек нарығына біраз тартылар еді», - дейді «Petrocouncil» мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңестің жетекшісі Асылбек Джакиев. Ал «Schlumberger» компаниясы Қазақстанда жыл сайын APEC түлектері арасынан студенттерді жұмысқа орналастыру үшін тестілеу өткізеді. «АРЕС түлектері жыл сайын тестілеуге қатысып, ағылшын тілінің жеткілікті білімін, кәсіби дағдылары мен ақпараттық технологияларды көрсетеді. Мысалы, студенттердің көпшілігі бүкіл әлем бойынша мұнай өндіруші компанияларды пайдаланатын Petrel және Eclipse бағдарламасын біледі. Білім жақсырақ болғандықтан, маманды дайындауға аз уақыт жұмсаймыз, яғни сапалы дайындық APEC түлектерін біздің компаниямызда жұмысқа орналастыру мүмкіндігін арттырады», - дейді Қазақстандағы Schlumberger HR manager Айжан Жанғожина.
Тарихы бай қазіргі заманғы және алдыңғы қатарлы қазақстандық мұнай компаниясының бірі «Ембімұнайгаз» жыл сайын APEC PetroTechnic-тің 50-ге жуық студенттерін дуальді оқыту мен практикаға шақырады. Компания студенттерге жұмыс берумен қоса, бағдарламаларды, жабдықтарды жаңартуға және оқытушылар құрамына арналған тағылымдаманы ұйымдастыруға көмектеседі. «Бізді АРЕС студенттерінің SPE өміріне белсенді қатысуы қуантады. Студенттер сала кәсіпқойлары арасында өз жобалары үшін менторларды тауып, әлеуетті жұмыс берушілермен танысуға тамаша мүмкіндік алады», - дейді SPE Atyrau Section 2020 президенті Берік Уап. Сәтті тәжірибенің арқасында APEC PetroTechnic Жоғары колледжі «Жас маман» жобасы аясында Қазақстанның басқа 180 колледжін жаңғырту үшін үлгі болды. АРЕС халықаралық стандарттарды енгізгеннен кейін колледждер салалық құзыреттілік орталықтарына айнала алатынын және барлық сала үшін сапалы жұмыстың сарынын қоя алатынын дәлелдеді.
Назым РЫСБЕТОВА
№19, (570), 14 мамыр, 2020 жыл,
"Рейтинг" газеті