Қайырымды қаланың театрсүйер қауымына жақсы жаңалық. Екі ай бұрын 86 маусымының шымылдығын ашқан Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының ұжымы Атыраудан жүлдемен оралды. 18-22 қараша күндері батыстың төрінде өткен Рахымжан Отарбаев атындағы фестивальден ІІІ орынды иеленді.
Драматургтің «Бас» драмасын сахналаған өнер иелері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қойылымда Құрақ шал рөлін сомдаған ардагер әртіс Мажит Илясқаров «Көрермен көзайымы» номинациясын иеленді. Ал, қойылым режиссері Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов «Рахымжан Отарбаев атындағы арнайы жүлдемен» марапатталып, жалпы ұжым 1 200 000 теңге көлеміндегі сертификаттың иегері атанды.
- Өзіміздің театр сахнасында ойнағаннан әлдеқандай айырмашылық болды. Біріншіден ол жақта мәдениет сарайында ойнадық. Театрдың атмосферасы жоқ, акустикасы нашар, сахна кішкентай. Жарық жағы нашар болды, өзіміздің сахнада қойған декорациямыз онда сыймайды, 50 пайызын апардық. Дегенмен, фестивальде барынша өнерімізді көрсетіп, көрерменге сезіндіруге тырыстық. Алайда, асыра сілтеп ойнауға да болмайды. Басқа театр актерлері, жалпы залда мыңдаған көз бізге қарап отыр. Оның үстіне, қазылар алқасы да тырп етпей бақылап отырды. Өзімізді жинап, барымызды салып ойнап шықтық. Соңында, қазылар алқасынан жақсы баға алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөлендік. Фестивальден алған әсеріміз орасан зор, керемет болды», - дейді Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Руслан Нұрман.
Атырауда сахналанған «Бас» қойылымы батырлардың ерлігін көрсетеді. Мұнда қазақтың батыры Махамбеттің бас сүйегі жайында баяндалады. Спектакльде аяусыз қоғамның батырдың бас сүйегін саудаға салып, ойынға айналдырғандығын, тарихтағы бүкпесіз шындықтарды көрсетеді. Қойылым соңында алаяқтардың жоспары жүзеге аспай, Махамбеттің бас сүйегі табылып, өз қоғамына қайтарылады. Театр ұжымының «Бас» қойылымын сахналаудағы басты себебі, ұлттық құндылығымыз саналатын дүниелерге көз жауһарындай қарау. Өскелең ұрпаққа тарихты жасаған тұлғаларға үлкен құрметпен қарау басты міндет екенін көрсету.
Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ