Тұрар Рысқұлов ғылым мен білім саласына ерекше көңіл бөлген. Мәскеу Мемлекеттік университетінде дәріс оқып, Ленинградта, Самарқандта және өз елімізде жоғары оқу орындарын ашуға тікелей атсалысқан. Ұлт қайраткерінің мұндағы басты мақсаты: қазақ елінен білімді халық жасау. Тек білімді орта ғана азаматтық қоғамды құра алады. Әрі қарай бара алады. Ал, білімсіз ортаны басқару жеңіл шығар. Алайда, прогресс болмайды. Алаш қайраткері соны көздеген.
Бүгін М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың `125 жылдығына арналған «Қазақ елінің ұмытылмас ұлы тұлғалары» атты Халықаралық ғылыми конференцияда экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразәлі Сәбден осылай деді. Аталмыш шараға экономика ғылымдарының кандидаты Зауытбек Тұрысбеков, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, Қырғызстан Республикасының мәдениет қайраткері Айгүл Қарымсақова, сондай-ақ, Тұрар атамыздың немерелері Адель Рысқұлова мен Владимир Рысқұлов қатысты.
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шара, әуелі Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Конференция барысында сөз алған ғалымдар ұлт қайраткерінің өнегелі өмірі мен саяси қызметі, елі үшін жасаған ерен еңбегі мен азаматтығын баяндады. Ел дамуымен қатар Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясының және Моңғолияның экономикалық дамуына ерекше үлес қосқанын атап өтті.
- «Ғылыми конференцияның мақсаты – Тұрар Рысқұловтың бейнесіне тағы да бір тоқталу болды. Оның бастамасымен елімізде Түркістан-Сібір, яғни, Түрксіб теміржолы салынған. Сондай-ақ, қуатты өндірістік орталықтар Қарағанды қаласының көмір өндіру және металлургия кешені, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның түсті металлургиясы, Батыс Қазақстанның мұнай-газ саласы өндіріске енгізілді. Қазақстан мен Орта Азия аумағында бүкілодақтық маңызы бар ірі ұлттық қорықтар ұйымдастырылды», - дейді ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова.