Қордайдағы қақтығыс үшін кімдер жазаланады?

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында жергілікті тұрғындармен кездесу барысында заңға қайшы әрекет жасамаған азаматтар босатылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды үкімет басшысының ресми сайты.

Сапарбаев Қордай ауданында Сортөбе, Масанчи, Ауқатты және Қаракемер ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді.

6EE50FCF-E9A8-4C68-85DD-DAF6637F93D8.jpeg

Жиын барысында жергілікті тұрғындар ұсталған азаматтардың тағдыры туралы сұрады.

"Заңға қайшы әрекет жасамағандар босатылады. Тәртіпсіздікке қатысқандардың барлығы заң бойынша жауап береді. Қазір жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, ол барлық жағдайды анықтайды", - деді вице-премьер.

Сортөбеліктер ауылдастарын сабырға және тәртіпті сақтауға шақырды.

29C1B41F-94CD-4D7F-AFED-FCBD641AE4F0.jpeg

"Қазақстан заңдары бар, құқық қорғау органдары бар – мұны басты назарға алу керек. Болған оқиғаға объективті сараптама жасап, не болғанын, кім кінәлі екенін анықтау керек. Біз өз бетімен жазалауға жол бермеуіміз керек. Бастысы – қоғамда бейбітшілікті, бірлік пен келісімді сақтау", - деді ауыл тұрғындарының бірі.

Үкімет комиссиясы Қордай ауданында жұмысын жалғастырып жатыр.

Кездесуге, сонымен қатар, сенат вице-спикері Бектас Бекназаров, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл қатысты.

Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев орын алған оқиғаның тек тұрмыстық сипаттағы кикілжің екенін тағы да атап өтті.

«Өңірдегі тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған үкімет комиссиясы оқиғаның салдарын жою бойынша барлық қажетті шараларды атқаруда. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Кінәлілер, жеке азаматтар, әсіресе кикілжіңді тудырғандар мен арандатушылар заңға сәйкес қатаң жазаланатын болады. Ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім еліміз үшін ең қымбат қазына екенін ұмытпауымыз керек», – деді Жансейіт Түймебаев.

Ауыл тұрғындарымен кездесуде үкімет комиссиясының мүшелері құқықтық тәртіпті сақтау, келтірілген залалды қалпына келтіру, болған оқиғаның жай-жапсарын объективті анықтау, бірлік пен татулықты сақтау бойынша шаралар, болашақта мұндай кикілжіңдерге жол бермеу шараларын қабылдау мәселелерін талқылады.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне "Қордай ауданының Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр" деген ақпарат түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберіледі. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан.

Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылады. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған.

Кеше сағат 21:00-ден бастап Қордай ауданында төтенше жағдай енгізілді.

Кеше ұсталған адамдардың көбісін босатты. Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі жаппай тәртіпсіздіктерден 10 адам көз жұмғанын мәлімдеді. 165 адам медициналық көмекке жүгінген, олардың 25-і Қырғызстанда.

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди өрттен 25 жер үй, 31 коммерциялық нысан жне 41 автокөлік зақымданғанын хабарлады.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер