Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Өмірзақ Мелдеханов сотты сатып алуды ұсынды. Бұл туралы ол бүгін өзі төрағалық еткен облыстық мәслихаттың мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында айтты деп RGMEDIA.KZ ақпараттық агенттігінің Түркістандағы тілшісі хабарлады.
Тұрақты комисияның бұлай деуіне әріптесі Бақытжан Серманиязовтың Шардара ауданындағы жолдарды сапасыз жөндеп жатқан компанияға қатысты сауалы себеп болды.
– Шардара ауданында сапасыз жол құрылыстарын жүргізген «Еркін Сенім» компаниясы туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасының басшысына хат жаздық. Комиссияда қарадық. Сол мәселенің соңы не болды? Оның қандай мердігер екенін бәрі көріп біліп отыр. Сот та жосықсыз деп таныды. Енді олар қайтадан апелляцияға беріп, қайтадан мемлекет тапсырыс алып, жұмыс жасап жүре бере ме? Былтыр олар өздері екі рет сотқа шағымданып, екеуінде де ұтылып қалды. Аудан әкімдігі сотқа берді. Сіздер де бердіңіздер. Бірақ, нәтиже жоқ. «Еркін Сенім» қаншама жолдарды істеп жатыр, бәрі жарамсыз. Бұл халықтың соры болды ғой. Сонда да сол компанияға жұмыс беріп жатырсыздар, – деді депутаттық сауал қойған депутат.
Серманиязовтың сөзіне сүйенсек, «Еркін Сенім» Шардарада ғана емес, Мақтарал ауданында да мемлекеттік тапсырыстарды орындауда. Өкініштісі, салған төрт нысанның сапасы да сын көтермейді. Сонысымен қоймай жап-жақсы-ақ істеп жатқан «Прогресс» компаниясын құрылыстан шеттетіп, тағы да мемлекеттік тапсырыс алған.
Жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасының басшы Ролан Ибрагимов Келес ауданының орталығы Абайдан Шардара қаласына барар жолды нашар істеген компанияны қара тізімге кіргізу бойынша соттасып жатқандарын жеткізді.
– Шардара қаласындағы көшелерді де нашар істеген. Сот бірінші инстанцияда жосықсыз мердігер деп тану туралы шешім шығарған. Алайда «Еркін сенім» апелляцияға берді. Сот оны қарауды 13 наурызға белгіледі. Аудан екінші инстанцияда ұтатын болса, жосықсыз өнім беруші болып Қаржы министрлігінің тізіміне енеді. Салып жатқан үш нысаннан шеттетіледі. Сосын біздің де кез келген уақытта компаниямен жасалған келісімшарттарды бұзуға құқығымыз бар. Бірақ, «Еркін сенімді» қара тізімге сот енгізбей жатыр. Сотқа 4 рет шағым бердік. Айыппұл да салдық. Прокуратура апелляция беріп, сот арқылы айыппұлды 30 пайызға дейін қысқартуға мүмкіншілігі бар болса да 10-ақ пайызын қалдырып отыр. Біз ештеңе істей алмаймыз, – деді ол.
Ибрагимовтың осыншалықты дәрменсіздігіне күйінген Өмірзақ Мелдеханов бар ойын ортаға ақтарып салды.
– Олардың сотты сатып алып отырғанын біліп отырсың. Сендер неге сатып алмайсыңдар? Шешпейсіңдер ме? Қарап отырсыңдар, білесіңдер, қалай шешу керек екенін. Қанша уақыт кетіп жатыр. Жұмыс істелінбей қалды. Оны шешетін жолын іздеу керек қой. Қаласаңдар шешесіңдер ғой. Мен «сотты сатып алмайсың ба?» деп сендерді қайрап айтып отырмын. Әйтпесе, жолы бар ғой, мәселені шешудің. Сонда «Еркін Сенімнің» қолдаушысы кім? Сендер ме? Төрт рет сотқа берсеңдер, қалай ол әрі қарай істемекші? Қай жағы қағидаға тура келеді? Негізі тендер алатын компанияны сендер таңдайсыңдар ғой. Енді сендерге таңдауға кім кедергі жасап тұр? Конкурсқа қатысқан адамды қаламасаңдар, мың түрлі кемшілік тауып алып тастайсыңдар ғой. Неге сөйтпейсіңдер? Білеміз ғой, қаншама адамдардың тапсырған құжаттарын-ақ бір нәрселерді табатындарыңды. Мынаған келгенде шамаң жетпей қалады, қалай? – деп төраға басқарма басшысын сұрақтың астына алды.