Шымкентте төтенше жағдай жол жөндеу жұмыстарына қолбайлау болмайды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Төтенше жағдай Шымкенттегі жол жөндеу жұмыстарына қолбайлау болмауы керек. Қайта көшедегі көлік қозғалысының аздығы мен жұрттың жаппай үйде отырған сәтін тиімді пайдаланған жөн, - деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Қаладағы Гагарин көшесі мен Республика даңғылындағы жол құрылысы да қарқынды жүруде. Қалаға кіре берістегі орталық даңғыл бойындағы құрылысты аралаған қала басшысы мердігерлерге бірінші кезекте сапаға мән беруді тапсырды. Оған қоса карантин кезінде жұмысшылардың барлық сақтық шараларына мұқият болуды жүктеді.
"Самал" базарына барар жол бойының қос қапталындағы аяқ жолдар мен суағар латоктардың арасында ашық жерлерді жасыл желекпен көмкеруді тапсырды. Жол құрылыс сапасын барлық талаптарға сай жүргізу үшін құрылыс басында күнделікті бақылаушылар сараптама жүргізіп жатыр. Оған қоса сол көше тұрғындарын тікелей құрылысты қадағалап тұруға шақырды.
Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 297 606 шақырымды құрайды. Оның 56,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Қаладағы жол сапасын дамыту мақсатында 417,6 шақырым жолды құрылыс-жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 25,6 млрд. теңге бағытталған. Оның 5,1 млрд. қаржысы республикалық қазынадан болса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Нәтижесінде 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық пайдалануға беріледі.
Қала әкімі сондай-ақ Шымкент әуежайындағы жаңа терминал құрылысымен танысты. Мұндағы құрылыс бірнеше кезең бойынша жүруде. Барлық құрылғы заманауи үлгіде болады. Жолаушыларды өткізу және жүк қабылдау цифрлы түрде жүргізіледі. Одан кейін әуе кемелеріне арналған перронды кеңейту жоспарда бар. Терминалға апаратын жаңа жол мен инженерлік құрылым мен абаттандыру жұмыстары да бірге аяқталады деп жоспарланған.
Мердігерлермен жүздескен қала әкімі жүк тасымалдаушы көліктердің жүріп-тұруы үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Құрылысқа қажетті заттардың басым бөлігі отандық. Сондықтан сапасы жоғары болады, - деп атап өтті компания өкілдері.