«Иірім. Ана қадірі», «Отыңды өшірме», «Топыраққа тамған тер», «Қашқын» сынды қазақтың ұлттық салт-дәстүрін дәріптеп, рухани құндылықтарымызды насихаттап жүрген телехикаялар тізбегі таныс шығар. «Қазақстан» Ұлттық арнасынан берілген сериалдар көрерменнің көзайымына айналып, отандық киноиндустрияның дамуына үлесін қосып үлгерді. Дәл осы телехикаялардың бас продюсері «NAR Media Group» ЖШС директоры Нартай Өтегенмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Нартай мырза, «NAR Мedia Group» компаниясының жобалары тікелей «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен түсіріледі. Жалпы, жеке кинотуындылар түсіру ойда бар ма?
– Иә, дұрыс айтасыз көпшілік «Қазақстан» РТРК» тапсырысымен түсірілген, жоғарыда аталған телехикаялар арқылы бізді жақсы таныды. Танығанымен қоймай туындыларымызға жақсы баға беріп жатыр. Неге? Өйткені, біздің телехикаяларымыз көрерменге қазақылығымен ұнады деп ойлаймын. Біз осы жолды таңдаған кезден-ақ болашақ туындыларымызды тек қазақы дүниемен тығыз байланыстырып түсіреміз деген мақсат қойғанбыз. Әйтпесе, өздеріңізге белгілі көгілдір экраннан көрініп жүрген кейбір телехикаялардың сценарийлері көршілес Ресей, Украина тағы басқа елдерде орысша жазылып келеді де, кейін біздің тілге аударылып түсіріледі. Сонда ол сценарийдің ішкі жан дүниесі қазақы болып тұрған жоқ қой. Ал біздің халықтың тегін, менталитетін, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын білмейтін басқалардың дүниелерін қалай жүрегіңмен қабылдайсың. Осы арқылы да кей компаниялардың түсірген телехикаялары көрерменге кері әсерін тигізіп жатады. Жастарымыздың экран арқылы да тәрбие алатынын ескерсек, бұл жағына терең мән беруіміз керек. Ал біз алғашқы телехикаямыздан бастап, сценарийді қазақша жаздық. Қай туындымызда болсын тәлім – тәрбие беретін, ұлттық құндылықтарымызды бойға сіңіретін, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін айқындап беретін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің маңыздылығын насихаттайтын жайттар көптеп көрсетіледі.
Толықметражды кино түсіруге келсек, бұл салаға да аяқ басу ойда жоқ емес. Бірақ, оған өте жоғары деңгейде дайындалу керек.
– Қазір елімізге танымал әншілер, әзілкештер, блогерлер комедия жанрында кино түсіруді қолға алып жүр. Осыған көзқарасыңыз қандай? Кино түсіру үшін өтімді әзілдер мен қаражат болса жеткілікті ме?
– Қазақта «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» - деген әдемі сөз бар. Осыдан артық не айта аламын. Ал комедия жанрына келсек, бұл жанр түсінген адамға өте қиын жанр. Оны оңай дейтіндер қатты қателеседі. Комедия тек көрерменнің көңілін көтеріп, күлдіру ғана емес қой. Оның да ар жағында айтары болу керек. Астарлы ұғымымен көпшілікке ой салып отыру керек. Комедия жанрының сценарийіне қойылатын талап басқаларымен салыстырғанда үш есе жоғары болғаны жөн. Міне, осыдан – ақ бұл жанрдың қиындығын түсінуге болады. Бізде осы жағын ойлап жатқандар бар ма? Міне, бар мәселе осында. Мен қазіргі таңда осы жанрда тұщымды туынды түсірген продюсер Дастан Қалдыбаевтың «Жаңа қоныс» телехикаясын айтар едім. Өйткені, олар телетуындылары арқылы астарында ащы зары бар дүниені комедия арқылы бере білген.
– Актер іріктеуде дайын, көрерменнің көзі үйренгендерді таңдау тиімді ме? Әлде барлығы кастингтен өте ме?
– Телехикаядағы ең басты нәрсе сценарий дейтін болсақ, екіншісі актер. Актерден қателесуге болмайды. Жазылған сценарийдегі кейіпкердің образын сомдап, оның характерін беруде актердің атқаратын рөлі зор. Екеуі бір арнада тоғысқанда ғана сіздің дүниеңіз толығып шығады. Сол себепті де, бұл жағына ерекше мән берген дұрыс. Ал, актер іріктеу кезінде міндетті түрде кастинг өткізіледі. Бірақ, біздің туындыларымызды көрген болсаңыз, әр телехикаямыздың басты рөлдерінің бірін міндетті түрде әлі түсірілімдерге түспеген жаңа бейнелерге беріп отырамыз. Біз осы арқылы талантын таныта алмай жүргендерге жол ашамыз.
– Біз кейбір компанияда команда мүшелері жиі ауысып тұрады деп естиміз, сіздерде бұл жағы қалай? Жалпы, телехикая түсіруді бұрыннан жоспарлап жүр ме едіңіздер?
– Бізде команданың негізгі құрамы өзгерген емес. Телехикая саласына қалай аяқ бастық, сол командамен жұмыс істеп келеміз. Телехикая түсіру жайына келсек, осыдан үш жыл бұрын белгілі журналист, «Қазақстан» РТК»» АҚ төрағасының кеңесшісі Серік Абас-Шах шақырып, «телехикая түсіруге қалай қарайсың, сенің қолыңнан келеді ғой» - деп қамшылап, ынталандырып жіберді. Бірақ ол «алдымен түсіретін телетуындыңның «пилотныйын» түсіру керек, мән-мағынасы бар, сапалы болса ғана өтеді» - деген соң барымызды салдық. Абырой болғанда көркемдік кеңестен туындымыз өтті де, 4 - бөлімге тапсырыс берілді. Ол алғашқы телехикаямыз «Иірім. Ана қадірі» болатын. Міне, содан кейін бұл салаға шындап кірісе бастадық. Кейінгі туындыларымыз бұрынғысынан да жақсы шығу үшін киномамандарынан кеңес керек болды да, Президенттің қазіргі баспасөз-хатшысы Берік Уәлиге (Берік Уәлиұлы ол кезде басқа қызметте болатын) бас кеңесші болуға ұсыныс жасадық. Бекеңнің алғашқы мамандығы кинотанушы ғой әрі ұлтжанды азамат. Ол «ұлттық құндылықтарға баса көңіл бөлеміз десеңдер, мен дайын» - деп бірден келісімін берді. Міне сөйтіп телехикаяларымыздың сапалы шығуына Берік Уәлидің де көп көмегі тиді.
– Кино продюсерлердің арасында бәсекелестік бар ма? Әлде «бақталастық» басым ба?
– «NAR Media Group» компаниясының бұл салаға бет бұрғанына көп уақыт бола қоймаса да, біраз дүниелеріміз көрерменнің көзайымына айналып үлгерді ғой. Бірақ «бақталастық» бар дегенді түсінбеймін. Жалпы, қандай продюсерлер бақталасады? Әрине, өзіне сенбейтіндер, болашағына күмәнмен қарайтындар, телетуынды түсіруге өресі жетпейтіндер ғана бақталасатын шығар. Ал, «бәсекелестік бар ма?» - дегеніңізге келсек, ол міндетті түрде болуы керек. Онсыз бұл сала дамымайды да, өспейді. Байқасаңыз, осы уақытқа дейін Қазақстан аумағында санаулы ғана компаниялар телехикая түсіріп келді. Ал қазір олардың саны көбейді. Тиісінше бәсекелестік те қалыптасады. Бұл тұрғыда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қолдау танытып, жасап жатқан мүмкіндіктерін айтпай кетуге болмас.
– Түсірілім алаңында болған қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз.
– Қызығы көп болады ғой. «Топыраққа тамған тер» телехикаясын біз Шымкент қаласында және сол кездегі Мақтаарал ауданында түсірдік. Осы телетуындыға жергілікті театрдан республикалық деңгейде танылып үлгермеген біраз актерларды іріктеп алдық. Сонымен қатар Шымкент қаласынан, Алматы мен Астана қалаларынан да актерлар шақыртылған. Өздеріңіз білесіздер оңтүстік, оның ішінде Мырзашөл өңірі жазда еліміздің ең ыстық өңірі. Жергілікті актерлардың жүздері әбден күнге күйген. Ал, Алматы мен Астанадан келген актерларымыздың беттеріне күн тимеген десе де болады. Яғни, жан-жақтан келген актерларымыздың жүздерінде ала-құлалық бар. Сол кезде біз, яғни қоюшы-режиссер - Төлеген Бейсет, Қоюшы-оператор - Асылхан Мелдебек және сценарий авторы – Мұрат Алмасбек бәріміз қулыққа көштік. «Актерлардың жүздерін біркелкі ету үшін, түсірілімнің бірінші күнін егістік алқабынан бастайық, бір күнде бәрінің түрі бірдей болып шықсын» - дедік. Ол кезде ауылдың ішінде 45 градус болса, егістікте 55 градус ыстық еді. Кешке дейінгі съемкадан соң денелері аппақ болып келген актерларымыз қараторы болып шыға келді. Ертеңіне нағыз ауыл кейіпкерлерімен түсірілімді жалғастырдық (күлді).
– Өнер мен отбасыны қатар ұстау, екі жаққа да жеткілікті көңіл бөлу шығармашылық адам үшін қиындықтар туындатпай ма? Жанұяңызға қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Жасыратыны жоқ, шығармашылық адамы үшін сіз айтқан екі жаққа да бірдей көңіл бөлу қиын. Оны әріптестерімнің бәрі жақсы біледі деп ойлаймын. Бірақ, менің алғашқы мамандығым – журналист. Бірнеше жыл жаңалықтарда, бағдарламаларда жұмыс істедім. Отбасым бірнеше күнге дейін созылатын іссапарларда жүретініме, үйге келгенде түннің жарымына дейін компьютерден бас алмайтыныма үйренген. Сонда да болсын жанұяға көңіл бөліп отыру естен шықпаған.
– Бұрын «Қылмыс пен жаза» бағдарламасын жүргізгеніңізді білеміз. Осы орайда Қазақстанда «құқықтық журналистика» жанры қалыптасты деп ойлайсыз ба? Заң тақырыбында жазатын журналистер көп пе?
– «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан эфирге шыққан «Қылмыс пен жаза» бағдарламасын жеті жылға жуық жүргіздім. Осы уақыт аралығында 300-ден аса бағдарлама жасаппыз. Барлығы да аса ауыр қылмыстар жайында. Бүгінгі жайтты пайдаланып айта кеткім келеді, жалпы бізде соттарға, прокуратура және полиция қызметкерлеріне көпшілік тарапынан көптеген сындар айтылып жатады. Ал менің бағдарлама жасаған жеті жылға жуық уақыт ішінде білгенім: жоғарыда айтқан сала мамандарының ішінде өз ісіне аса жауаптылықпен қарайтын азаматтар аз емес. Аса ауыр қылмыс жасаған, бір немесе бірнеше адам өлтірген, қауіпті қылмыскерді ұстауда керек десе жанын қиюға әзір тұратын құқық қорғау органы қызметкері де, заңдылықты қадағалайтын прокурор да, бірнеше томнан тұратын қылмыстық істі қарап, сотталушының қылмысын анықтау барысында күн-түн демей жұмыс істейтін судьяларды да көрдік. Сондықтан да бұл сала өкілдерінің барлығына бірдей топырақ шашуға болмас дегім келеді. Ал, сіздің сауалыңызға орай айтатыным: «құқықтық журналистика» жанры толық қалыптасты деп айта алмаймын. Заң тақырыбына қалам тербейтіндер көп емес. Олай болатын себебі, әріптестеріміздің көпшілігінің өздері әлі толық заңды тұрғыда сауаты аз. Байқасаңыз кейбір журналистер күдіктіні қылмыскер, ұсталушыны сотталушы деп заңсыз жазып жатады. Ал кейбіреуі шешімді үкім деп тіпті шатастырып жатады. Сот қаулы шығарса да шешім шығарды дейтіндер бар. Негізі, бұл сөздерді орынды қолданбаған журналистің өзі сот алдында жауаптылыққа тартылуы мүмкін екенін түсінуі керек. Сондықтан да, бұл салада қалам тербейтіндергі әлі де болсын заңды тұрғыда сауатын арттыру қажет. Ал заң тақырыбында сауатты жазатын әріптестеріміз де бар. Олардың жазбасын оқығанда риза боласың. Бірақ олар өте аз.
– Наурызда «Соңғы үміт» телехикаясы түсірілімін бастаған едіңіздер. Телехикаяның мазмұны қандай? Не туралы екенін қысқаша айта аласыз ба?
– Бұл телехикая «Хабар агенттігі» АҚ тапсырысы бойынша түсірілетін телетуынды. 15-бөлімнен тұрады. Телехикая ата-ана мен бала бір-бірін қадірлей біліп, отбасының қалыптасқан үлгісі бұзылмай сақталған жағдайда ғана олардың іргесі мығым болатынын дәлелдеуді мақсат тұтады. Қазыналы қартын қадірлей білген орнықты отбасылардан ғана бақытты балалар өсіп шығады, сондай берік босағалармен ғана мемлекет одан сайын бекем бола түсетіні белгілі. Біз мұнда қазақ үшін қасиетті саналатын отбасылық құндылықтардың қоғамдағы орнын ескермеген, сақтамаған, оларға атүсті қараған жағдайлардың соңы неге апарып соғатынын көрсету арқылы адамдарға ой салуды, әсер етуді көздейміз.
Сұхбаттасқан: Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ,
"Рейтинг" газеті