Кәсібі озық елдің кірісі көбейеді

Түркістан облысында Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен «Қамқорлық» бағдарламасы жүзеге асуда. Облыс әкімінің бұл бастамасын жаңғыртып, жұртқа жанашырлық танытып жүрген жергілікті кәсіпкерлер жетерлік. Соның бірі – Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Бөрте милка», «АГРО-V» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің құрылтайшысы Нұралы Әбішев.

3-310101001.jpg

Кәсіпкер еліміздегі короновирус індетіне қарсы күреске өз есебінен 10 миллион теңге аударып, тұрмысы төмен отбасыларға жарты миллионнан астам теңгенің азық-түлігін таратты. Сонымен қатар, Мақтарал ауданында болған су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 743 мың теңгенің азық-түлігін үлестірді. Бұл Нұралы Әлмаханұлының «Қамқорлық» бағдарламасын қолдауы ғана. Әйтпесе, облыстық мәслихат депутатының бұдан басқа да елге жасаған қамқорлығы аз емес. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» жобаларының аясында жетім-жесірлерге жасаған жанашырлығы өз алдына бір төбе. Оның Жетісай ауданындағы Атамекен ауылдық округіне қарасты барлық елді мекендерге өз қаражаты есебінен табиғи газ тұтыну жобасын әзірлетуінің өзі кез келген азаматтың қолынан келе бермейтін іс. Ол Жамбыл ауылының газ жүйесінің жобасын жасатуға да өз қалтасынан миллионға жуық теңге жұмсады. Газ құбырларын тарту құрылысын облыстық бюджеттен қаржыландыруға ықпал жасап, қазіргі таңда елді мекендер көгілдір отын тұтынуда. Сол сияқты Қызылқұм, Абай, Ералиев ауылдық округтерінің бірнеше ауылдарына бір жоғары қысымды газ желісін тарту жобасы мен құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлдіруге үлес қосты. Кәсіпкердің осы аудандағы Қызылқұм ауылдық округінің орталығына тұрғындардың сұранысына сәйкес, 42 жарым миллионнан астам теңгеге су желісін қайта құрылымдау жұмыстарына демеушілік жасағанын да айту парыз. Ал, былтыр әскери қоймадағы жарылыс салдарынан бас сауғалап қашуға мәжбүр болған Арыс қаласының тұрғындарына 7 миллион теңге аударып, өзі құрылтайшысы болып табылатын «Бөрте милка» сүт зауытының өнімдерімен қоса бірнеше рет азық-түлік жеткізіп берді. Айтпақшы, Түркістан облысында ғана емес, елімізде «Бөрте милка» бір емес, екі рет «Жылдың үздік инновациялық жобасы» номинациясын жеңіп алған жоба!

Аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру, экологиялық таза тағамдар өнімін арттыру, ауылшаруашылығына жаңа технологиялар тарту – заман талабы. Өйткені Елбасымыз айтқандай «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсыруы соның айғағы.

– Президент жақында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету мақсатында ауыл тұрғындарының табысын арттыруды, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейтуді, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыруды міндеттеді. Бұл біздің жауапкершілігімізді арттырып, бүгінгіден де өнімді жұмыс істеуімізге қосымша күш-қуат береді. Ұлт Көшбасшысы алқалы жиында мысал ретінде келтірген «Бөрте-Милка» кешенді сүт фермасы бүгінде қанатын кеңге жайып, сапалы өнімдері сұранысқа ие болуда. Осы сүт өнімдерін өңдеу кешенін Елбасының 2015 жылғы Жолдауынан кейін ашқан болатынбыз. Сол Жолдауда көтерілген бастамаларға сүйеніп, айқын мақсаттарды негізге ала отырып іске кірістік. Міне, арада бес жыл өтті, бүгінде жемісін халық көріп жатыр. Біздің кешенді ферма Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылып жатқанын білдіретін нәтижелі бір ғана мысалы. Бүгінде сүт өңдеу бойынша көрсеткіштеріміз де, сапа да жоғары. Соған сәйкес жұмысшылардың айлығы да көбейген. Серіктестікте жүзге жуық адам жұмыс істейді. Өнім көлемінің, сапасының артуы соңғы технология¬лармен жабдықталуға тікелей байланысты, – дейді Нұралы Әлмаханұлы. 

image.png

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, жаңа ауыл шаруашылығын қалыптастыру туралы жобасы бүгінде Ордабасы ауданындағы дәл осы «Бөрте милкада» толықтай жүзеге асып отыр деп айтуға әбден болады. Мұнда ақылды технологияларды өндіріске енгізудің нәтижесінде сиырларды сауыншы емес, робот сауады. Ферманың ішін желдету арқылы ауасын тазалау, малдарды ыстық күнде су бүрку арқылы салқындату, күн жарығына сәйкес электр энергиясын үнемдеу, сиырларды жем беру станциясы мен роботқа қарай бағыттау есіктері, олардың қоңдылығын анықтау, жемді өнімділігіне қарай өлшеп беру жүйесі жаңа технологиямен толық автоматтандырылған. Роботтандырылған жүйелер мен өзге де инновацияларды енгізудің нәтижесінде зауыт бүгінде тәулігіне 10-15 тонна 15 түрлі сүт өнімдерін өндіруде. Қайта терең өңделген өнім еліміздің түкпір-түкпіріне тасымалдануда. Әзірге Түркістан облысында мұндай озық технологиямен жұмыс істейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. 

Құрылтайшының айтуынша, бес жыл бұрын сатып алынған 408 голштейн фриз тұқымды сиырының саны қазіргі таңда мыңнан асыпты. Оның 600-і сауын сиыр екен. 

– Фермамыз заманауи технологиямен қамтылған, барлығы автоматтандырылған. Сиырларымыз орта есеппен әрбірі 32 сүт берсе, арасында 60 литрге дейін беретін рекордсмендер де бар. Біздің кәсіпорынның қуаттылығы 40 тонна, қазір 11 тонна сүт беріп отырмыз. Өндіріс орын толықтай қамту үшін қосымша тағы бір ферма салуды жоспарлап отырмыз, – дейді «Бөрте милканың» ферма меңгерушісі Қуаныш Мәмбетов. 

Робот сауын кезінде сиырға антибиотик салынған болса немесе сиырдың желінінде мастит болса, оның сүтін бөлек ыдысқа құяды. Делпро бағдарламасында әрбір сиырдың қай уақытта қашқаны, туылғаны, қандай вакцина, қандай дәрі егілгені, қанша жем жегені, қай желінінен қанша сүт күтіліп тұр, қанша сауылды, күніне неше рет сауылды, қай роботта, қай группада екендігі туралы барлық мәліметтер күнделікті жазылады және сақталады. Малағы арнайы автоматтандырылған скреперлермен сүріліп, ортадағы кәріз желісімен насос арқылы арнайы шұңқырға төгіледі. Шұңқырда жиналған малақ сеператордан өткізіліп, қоюы және сұйығы бөлініп, жерді тыңайтуға пайдаланылады. 

Фермада жұмыс істейтін мал дәрігерлері мен опаераторлар 20-35 жас аралығындағы жастар. Мал сатып алған Венгрияның Хунланд компаниясы, Швецияның Делаваль компаниясы өз мамандарын тұрақты жіберіп, оларды жаңа технологияға үйретіп отырады. Қазіргі кезде өз мемлекетіміз де мамандарды кәсіби оқытуға жақсы қолдау көрсетуде.

– Үш қораны Швецияның Делаваль технологиясымен жабдықтасақ, төртінші қораға Голландияның Лейли Рус роботтарын орнаттық. Оны жүзеге асыруда «Аграрлық Кредиттік Компаниясының» жеңілдетілген несиесін пайдаландық. Несиенің құрал-жабдыққа 5,5 пайызбен, алдыңғы екі жылында негізгі төлемсіз, 12 жылға берілетіні біз үшін өте тиімді. Жалпы, мемлекет тарапынан жаңа технологияны тартуға жақсы жағдай жасалуда. Сатып алынған малға, тартылған инвестицияға, сауылған сүтке, малдың жем шөбіне белгілі мөлшерде субсидия төленіп келеді. Шаруалардың атынан Үкіметтің бұл көмегіне алғысымды білдіремін. Ауыл шаруашылығында  жаңа технология тартқан  шаруаларға  бірнеше жылға дейін Үкімет тарапынан қолдау көрсетілуі қажет деп санаймын, – дейді кәсіпкер. 

«Нұр Отан» партиясының «Ауылды қолдау» бағыты бойынша тәлімгері Нұралы Әбішев отандастарының да шағын және орта бизнеспен айналысқанын қалайды. Өйткені кәсібі озық елдің кірісі де көбейеді. 

Асыл ДОС

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер