Даланың жұпары сіңген ақжаулығында ақ бас шыңды Алатаудың асқақтығы бар. Зерлі алқа тағынған, шымқай көк жібек жамылған, дүрия көйлек киінген мейірімнің ең ұлы мекені. Жалғанның жарық сәулесі жауқазындай жанына үйір, жайлауы жасыл желекті жомарт жүрек иесі. Айтыңызшы, бұл дүниеде омырауына көктемнің гүл дестесін оранған анадан артық жан бар ма?!
Ана туралы Иоллығтегін жырау «Ұмай текті анамның арқасында інім Күлтегін ер болды» десе, әлем әміршісі атанған Шыңғыс хан «Таңдайымды аққа жарытып, борбайымды боқтан арылтып, аяғымды үзеңгіге, қолымды аттың жалына жеткізген анама мың тағзым» деген екен. Сондықтан батыста «мыстан» деп жүз мыңдаған жазықсыз әйелді отқа өртеп жатқанда біздің бабаларымыз «жұмақ – аналардың аяғының астында» деп, әйел-анаға арнап Айша бибі, Тәж-Махал сынды еңселі ескерткіштер тұрғызды.
Ежелгі түркілердің Жер-ана мифологемасы кейіннен от-ана, Отан-ана ұғымына ауысып түрленуі ананың ошақтың иесі, оттың қамқоршысы, шаңырақтың киесі қызметін атқаруына байланысты қалыптасқан дәстүрден туған. Талай дүрбелең мен алапат аштықты бастан кешкен халқымыздың шаңырағында оты өшпей, түндігі жабылып қалмай, түтіні қайта түзу ұшуына әз аналарымыздың қосқан үлесі шексіз. Жазушы Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі» жырында аштықта адам баласы есінен адасып, тағылық жағдайға душар болғанда, ана байғұстың періште бөбегін аман қорғай білген жанталасы көрініс табуы сол бір жылдардағы зұлматтың ауыр қасіретін елестеткендей.
Тағы бір мысал, кеше ғана тоқсанның төріне шыққан қос абыз ғұламамыз – Оразақ Смағұлов пен Мекемтас Мырзахметовтің сәби шағы осы ашаршылыққа тап келіп, екеуін де төніп келген ажалдан мейірбан аналарымыздың қайсар күш-жігері құтқарып қалғаны белгілі. Сол бір алапат жылдары нәресте Оразақ аға бақилық болған анасының омырауын екі күн бойы еміп жатып, өзі пәниден көшсе де періштедей перзентін қорғаған абзал жанның алқауымен аштықтан аман қалыпты. Ал Мекемтас ағаның әлсіреген анасын бір топ аш қасқыр қуалап қамалағанда, араны ашылған ит-құсқа қыз баласын құрбан қылған байғұс ана жалғыз ұлын шаңырақ иесі болғандықтан қорғап, ұрпағын жалғап, аман сақтап қалыпты.
Қуғын-сүргін, репрессия, соғыс жылдарында да аналарымыз атылып кеткен арыстардың түтінін өшірмей, асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, бүгінге табыстағаны ақиқат. Алпысыншы жылдары халқымыздың саны отыз пайызға жетпей қалғанда да аналарымыздың ұлы түйсігі оянып, ұлт құтқарушысына айналып, демографиялық серпіліс болғаны тағы да алтын құрсақ аналарымыздың ақ бесігінің арқасы емес пе?! Мұзға алау жаққан Желтоқсан аруларының ерлігі Томирис ханшаның ерлігімен барабар болды. Ал өтпелі өлара заманда ерлердің еңсесі түсіп, жұмыссыздық белең алғанда аналармыз ала дорба арқалап, бір қолымен бесігін тербетіп, бір қолымен кәсібін дөңгелетіп отбасының асыраушысына айналғаны өмірге деген құштарлықтың керемет көрінісі. Сондықтан есігін де, бесігін де таптатпаған, табалдырығынан жамандықты аттатпаған, еңселі елдігімізді сақтап қалған анаға мың тағзым!
Әкеден қапияда ерте айырылып қалған біз де ананың мейірім шуағына бөленіп жетілдік. Анамыз әкемізден қалған әрбір бұйымды әз тұтып, оның өмір жолынан сағынышқа толы естеліктер айтатын. Осылайша әкеміздің нар бейнесін науша кеудемізге қалыптастыра білді. Көкейден кетпейтін бір жайт – бертінде ініміз шаңырақ көтеріп, қоныс жаңғыртқанда ескі қоныста қалып қойған анамыз тек әкеміз түсіне еніп, ишара еткеннен кейін ғана жаңа үйге көшіп келді. Бұл – қара шаңырағын ұлықтап, түтін түтеткен, құтты ошағын қыдыр тұтқан біздің анамыздың сара салты.
Түптеп келгенде, баршамыздың аналарымыз осындай!
Сондықтан болса керек, қазақ әдебиетінің көшін бастаған шоқтығы биік шығармалар әйел мен ана тақырыптарынан бастау алады. Сол арқылы ұлт әдебиетінде ардақты аналардың образдар галереясы жасалды. Өкініштісі, соңғы жылдары көркем әдебиетте осы аяулы аналарымыздың асыл бейнесін лайықты дәрежеде көрсете алмай жүрген сияқтымыз. Кешегі Домалақ ана, Айғаным, Зере секілді қазақ аналарының жиынтық образы бүгінгі жас буын оқырманға қаншалықты таныс? Бесік қара шаңырақтың қастерлі мүлкі болса, ақ жаулықты ана берекенің кілті іспетті. Осы орайда Елордамыздың төрінде ұлтымызды ұйытып, елдігімізді тербетіп отырған ақ жаулықты ардақты ананың бесік ұстаған алып ескерткіші бой көтерсе деген тілегіміз бар.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Егемен Қазақстан