Жамбыл облысында 10 айда кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты 138 қылмыстық іс тіркелген. Нақтырақ айтсақ, өңірде жыл басынан бері оқушы зорлығына қатысты - 8, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың - 5, 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсудің - 17 дерегі және тағы да басқа қылмыстар анықталған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Аталған брифингте Жамбыл облысы аумағында 9 қарашада басталған «Зорлық-зомбылықсыз және қатыгездіксіз балалық шақ» республикалық ақпарат науқанының барысы баяндалды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов Балалар құқықығын қорғау комитетінің ұйымдастыруымен өтетін науқан 20 қарашаға дейін созылатынын жеткізді. Шара балаларға қатысты қатыгездік қарым-қатынасқа қоғам назарын бұру, балалар өміріне бейжай қарамау мақсатына негізделген. Ақпараттық науқан аясында аймақта 15-ке жуық түрлі іс-шара өтпек. Оның қатарында түнгі рейдтен бастап онлайн-семинар мен эссе жазу, фотоконкурс секілді шарапатты шаралар ұйымдастырылады. «Биыл кәмелетке толмағандарға жасалатын қылмыстың алдын алу мақсатында прокуратура, білім және денсаулық сақтау органдары 2 мыңға жуық бірлескен рейд жүргізді. Оның 1400-і мектеп маңында өтті. Нәтижесінде 5400-ден астам әкімшілік құқық бұзу фактісі анықталды. Оның 3 мыңға жуығы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тыста жүруіне қатысты болып отыр»,-деді Талғат Жамалов.