Түркістан қаласында бір отбасыда бес адам иіс тиіп қайтыс болды. Қайғылы оқиға бүгін, 27 ақпанда қаладағы жеке тұрғын үйлердің бірінде болған.
Түркістан облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайтыс болғандар: осы үйдің 1980 жылы туған азаматшасы және оның 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары. Кәсіпкерлікпен айналысатын отағасы бұл күні емделу мақсатында Шымкент қаласында болған.
Осы жағдайға байланысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Полиция департаменті және Төтенше жағдайлар департаментінің басшылары, Түркістан қаласының әкімі оқиға орнына барды. Облыс әкімі оқиғаның тергеу барысын жеке бақылауына алып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Отбасына материалдық көмек көрсетуді тапсырды.
- Зардап шеккен отбасына қажетті психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі. Мәселе менің жеке бақылауымда. Мен қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын, - деді Өмірзақ Шөкеев.
Төтенше жағдай департаментіне қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жерде жылыту жүйелерін тексеруді және жылыту жүйелерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды.