Түркістан қаласының тәртіп сақшылары «1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні» қарсаңында әдеттегідей айрықша шара ұйымдастырды. Өздері үнемі барып, қал-жағдайларын біліп отыратын Түркістан аумақтық балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі сүйікті кішкентай достарына арнайы барып, ерекше балаларды қуанышқа бөлеп қайтты. Яғни, осында ем-дом қабылдайтын 33 балаға тосынсый жасап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әрбір балаға арнайы ойыншықтар алып, жеміс-жидекке толы себет жасап, қамкөңіл балақайларға тарту-таралғыларын таратты. Оған қоса, өнерге жақын тәртіп сақшылары балалардың көңілін көтеру үшін ән шырқап, би билеп, кішігірім концерттік бағдарламаларын ұсынды. Кішкентайлар да келген қонақтарға өздерінің өнерлерін көрсетті.
Сондай-ақ оңалту орталығының директоры С.Серикбаев балаларды елеп-ескеріп келген полицейлерге ризашылығын жеткізіп, «Алғыс хат» табыстады. Онда: «Құрметті Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Бауыржан Селтанов! Сізге және Сіз басқарып отырған ұжым мүшелеріне біздің қызмет алушы балаларымызға «1 маусым – Балаларды қорғау күніне» орай жасап жатқан қамқорлықтарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Егемен еліміздің тарихында өздеріңіз бастарыңызды бәйгеге тігіп атқарып жүрген адал қызметтеріңіздің алатын орны ерекше екені баршаға белгілі. Батырлық та, батылдық та, тапқырлық та, айлалы ақыл да Сіздердің бойларыңыздан табылады. Ұлт мүддесі үшін күресте қажымай-талмай еңбек етіп толымды табЫстарға жете берулеріңізге тілектеспіз! Әрдайым биіктерден көрініп, еліміздің одан әрі өркендеп гүлденуі жолындағы жемісті жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Қол жеткен асуларыңыз асқақ, шыққан биіктеріңіз баянды болсын!», -деп жазылған.
Өз кезегінде полицейлер балалардың оңалып, өмірге бейімделіп кетуі жолында қызмет атқарып жүрген осы мекеменің медбике, тәрбиеші, психолог т.б мамандарына алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ тәртіп сақшылары балалар үшін қауырт жұмыстарынан уақыт тауып, тұрақты келіп тұратындарын жеткізді.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі