Амалбек Өміртай - Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимінде тағы бір оңды шешім қабылдап отыр. Медицина қызметкерлеріне қосымша үстемақы төленуі халықтың дәрігерлерге деген сенімін арта түсіргендей. Олардың ерен еңбегі қандай үстемақыға болса да, лайық деген ойдамын.
Тек Қазақстан ғана емес, күллі әлем болып коронавирус дертімен күресіп жатыр. Алдыңғы шепте әрине, ақ халатты абзал жандардың тұрғаны анық. Олар өз үйлері мен бала-шағаларынан бұрын халықтың денсаулығы мен елдің амандығы үшін күресіп келеді. Мемлекет тарапынан еңбегі елеген медицина қызметкерлерінің халық алдында да абыройы арта түспек.
Қазіргі уақыт - еліміздің бірлігі мен ынтамақтастығы сыналатын кезең. Осындай үлкен сынақтан тек темірдей тәртіп пен мызғымас бірліктің арқасында өте алмақпыз. Дәрігерлер халықтың тәнін емдесе, біз ел болып оларға рухани демеу болайық. Сенім білдіріп, құрмет көрсетейік. Сақтық шараларын қатаң сақтайық, сонда бұл белесті де бағындырарымыз сөзсіз.