Жат елде жүрген боксшы Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желіде елге оралғанын мәлімдеді. Оның айтуынша жаңа қызметке кіріскен деп хабарлайды Rgmedia.kz.
"Маған министрдің берген тапсырмасы – ұлттық құрама жанынан резерв құрама құру. Бұйырса 12-19 ақпан аралығында 18-22 жас аралығындағы боксшылар арасынан резерв құрамаға іріктеу чемпионаты өтеді. Сол құрамада жүлделі орынды еншілеген жас боксшылар менің қоластымда жаттығуды бастайды. Жалпы, бұл құраманы құру мақсатымызды түсіндіре кетсем. Мақсат – бірінің жалынан бірі тістеп тұрған, ұлттық құрамдағы барлық салмаққа бәсекелес/резерв дайындау. Қазіргі ұлттық құрама өзінің жағдайын Олимпиадада, Азия чемпионатында көрсетті. Спортшылардың бұлай әлсіреуі бәсекелестіктің жоқтығы. Өз салмағында текетіресіп тұрған мықты бәсекелесі болмаса, спортшы өспейді, босаңсып кетеді", - деді ол.
Ел спортының дамуына білек сыбана кірісіп кеткен чемпион Қазақстандағы бірнеше спорт базасын аралап үлгеріпті.
"Тіпті біз армандамаған нәрселер бар. Тек дайындал да, нәтиже көрсет. Қуантарлығы – талантты жастар баршылық, қынжытарлығы – бүгінгі бокстың стилі түбегейлі өзгеріп кеткен. Осы соңғы 10-15 жылда баяғы қазақ стилі 100 пайыз өзгеріске ұшыраған. Менің жаттығуларым жеңіл болмайтынын боксшылар біледі, сол үшін де маған жүрегінде түгі бар, көзінде оты бар, амбициясы биік, жаттығудан шаршамайтын балалар ғана келеді. Олимпиада чемпионы болам дегендер келеді. Ал мен болсам оларға баяғы қазақ стилімен, өз техникаммен бөлісіп, Олимп шыңына жеткізуге барымды салам", - деп жазды ол.
Айта кетейік, бокстан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев президенттің тапсырмасымен, спорт және туризм министрінің шақыруымен елге оралған.